Елорда тынысы

Алақаныңда – «Атамекен»!



Астанаға келген адамның міндетті түрде соғатын объектілері бар. Соның бірі – Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені музейі. Алғашқы ашылған күнінен бастап «Атамекен» – туристер, қандастарымыз, елордалықтар жиі келетін Астананың басты көрікті орындарының біріне айналды. Жыл сайын кешенді жақын және алыс шет елдерден келген 10 мыңнан астам қонақ тамашалайды.

«Атамекен» Қазақстанның картасы» этно-мемориалдық кешені 2001 жылғы 8 қыркүйекте  ашылды.

«Атамекен» этно кешенін құрудағы және қызметінің негізгі мақсаты – тарихи-мәдени және рухани құндылықтардың сақталуын, қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықты оларға араластыру, Қазақстан мәдениетінің жетістіктерін насихаттау, Қазақстанның барлық табиғи аймақтары мен экономикалық жетістіктерінің көптүрлілігін көрсету, мәдени құндылықтарды сақтау және еселей түсу.

Көптеген түркі тілдерінің аудармасында «Атамекен» сөзі «Ата-бабалар жері» ретінде қабылданады. Бұл ашық аспан астындағы ғажайып мұражайды көру арқылы бірнеше сағаттың ішінде бүкіл Қазақстанды аралап келгендей, барлық облыс пен көрікті жерлерді табиғи ландшафтпен танысуға мүмкіндік береді. Қазақстан аумағының алаңы бойынша әлемде 9-орын алатыны белгілі, дегенмен мұнда бүкіл елді алақандағыдай көруге болады.

Қалалар, елдер мен халықтар тарихын көрсетудің аса қызықты тәсілі көптеген елдерде – Австрияда, Бельгияда, Ұлыбританияда, Германияда, Швейцария мен басқа елдерде танымал. «Атамекен» – басқа елдердің саябақтарына ұқсас салынған және әлем саябақтарының ішінде бірегейлерінің бірі. «Атамекен» Қазақстанның картасы» – Қазақстанның әлеуметтік-мәдени және өнеркәсіптік объектілерін ғана емес, сондай-ақ ландшафт жануарлар мен өсімдіктер әлемін бейнелейтін әлемдегі бірден-бір саябақ.

1,7 гектар алаңда (екі футбол алаңы) елді алақандағыдай көруге және оның сәулет-ландшафт тарихымен танысуға болады. Шағын аумаққа жасалған үлкен картада қызылқұмның күрішті, мақталы алқаптары мен Қарағандының  көмірі, Маңғыстаудың мұнайы, қарт Бурабай, Қорғалжынның ерке құстары мен Каспийдің ару аққулары, Алатаудың ақ бас шыңдары, тағы да басқа айтып тауыса алмайтын қазыналы Қазақ даласы әсем бейнеленген. Картада барлық облыс пен 2 республикалық маңызы бар қала – Астана мен Алматы орналасқан, әлі де толықтыру жұмыстары жүргізіледі.

Мұнда табиғи-климаттық аймақтар мен ландшафттардың, сәулет пен қара құрылысы ансамбльдерінің сан түрлілігі паш етілген. Олардың ішінде ең ерекшесі – тарих және мәдениет ескерткіштері екені сөзсіз. Олар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Бұқтырма СЭС, Президенттің Резиденциясы мен Қарақия ойысы, тағысын тағылар. «Атамекен» Қазақстан картасының қызығушылық туғызатын бөлігі – Каспий теңізінің декоративті түрде ресімделген моделі. Миниатюралар саябағында 200-ден астам көрікті жерлер орналасқан және олардың саны біртіндеп ұлғаюда.

Саябақтың орталығында аренасы бар ашық форум орналасқан, онда мерекелер, шерулер мен басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Бұған қоса мұнда қолөнер шеберханалары да баршылық, онда қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдарын, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген кәдесыйларды сатып алуға болады.

«Картамен» жұмыс айқындылығы бойынша аяқталуға тиіс емес: Қазақстан өркендеп, даму үстінде болғанда жаңа объектіге орын табылмақ. Ерекше тарихи оптимизмнің негізі де осында – халық игілігіне берілген уақыт ішінде саябақтың бірде-бір объектісі жоғалған жоқ, қайта толықтыру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.

«Қаздизайн» жобаны жасаған авторлар – ­Т.Сүлейменов, А.Ордабаев, С.Баиров, ­А.Қайнарбаев, Н.Анарқұлов және А.Кенжетаев.

«Атамекен» кешені қазіргі таңда келушілерге таңдай қақтырарлық жәдігерлер ұсынатын таным мен тағылымның айтулы ордасына айналды.

Этно-мемориалдық кешен халыққа мәдени құндылықтарымызды насихаттай отырып, жастардың отаншылдық сезімдерін оятып, еліне, жеріне деген ыстық ықыластарын арттыра түседі. Бүкіл Қазақстан алақандағыдай көрінетін карта кең-байтақ туған жеріміз туралы паш етіп, танымдық тарихқа жетелей түседі. Тарихи тағылым, өткенге құрмет, келешекке сенім тәуелсіздікті баянды ете түсері сөзсіз.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button