Басты ақпарат

АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ – ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРГЕТАСЫ



«Алаш ұлттық-территориялық автономиясы» деп ресми түрде аталған, 1917 жылдың 12 желтоқсанында құрылған парламенттік-президенттік үлгідегі Алаш автономиялық республикасына биыл 100 жыл толды. Алаш Республикасы 1920 жылдың тамызында құрылған Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының тарихи, саяси және идеологиялық негізі, іргетасы болды.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

«Алаш» дегеніміз не? Қазіргі ғылыми әдебиетте және публицистикада қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-­азаттық қозғалысын, қозғалыстың жетекшілері мен қайраткерлерін, яғни ұлт зиялыларының батысшыл бөлігін қысқаша «Алаш» қозғалысы», «Алаш зиялылары» не «қайраткерлері» деп атайды. Тоқетерін айт­қанда, ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы мен оның қайраткерлерін шартты түрде «Алаш» деп атайды. Олай атауға, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалысының рухани әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейханның бастамасымен және І Жалпықазақ құрылтайының қаулысымен құрылған қазақтың тұңғыш либералдық-демократиялық «Алаш» партиясы себеп болса, екіншіден – Ұлттық-демократиялық парламенттік республикасы және оның ресми астанасы болған қала да (1917 жылдың мамырына дейін Заречная Слободка деп аталған, қазіргі Семей қаласы) – ресми түрде «Алаш» деп аталды.
Алаш Орда – ресми жариялануы бойынша Ұлттық-территориялық автономия, ал іс жүзіндегі Алаш ұлттық-демократиялық парламенттік республикасының жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Халық Кеңесінің (үкіметінің) ресми атауы.
Алаш Орда Халық Кеңесі 25 мүшеден (комиссарынан) жасақталды, оның құрамынан 10 орын қазақтың Дала және Түркістан өлкелеріне көшіп келіп қоныстанған өзге халықтар мен ұлттардың өкілдеріне арналды. Өзге халықтар өкілдерінен Алаш Ордаға комиссар болғандардың ішінде Григорий Потанин мен Вадим Чайкинді атауға болады.
Алаш Орданың қазақтан сайланған 15 комиссарының сегізі жоғары білімді заңгер болса, біреуінің құқық магистрі (Жақып Ақбайұлы) деген ғылыми дәрежесі, төртеуі 1906-1907 жылдары Ресей Мемлекеттік думасының І және ІІ шақырылымдарына депутат болып сайланды. Алаш Орданың 4 мүшесі (Әлихан Бөкейхан, Бақыткерей Құлманұлы, Мұстафа Шоқай және Ахмет Бірімжан) 1917 жылдың наурыз-желтоқсаны аралығында Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің облыстан оязға дейінгі комиссарлары қызметін атқарды, екеуі (Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы) Уақытша үкіметтің Түркіс­танды басқару жөніндегі Төтенше комитетінің (Түркістан комитеті) мүшесі қыз­метін атқарды.
Ахмет Бірімжан (Бірімжанов) мен Айдархан Тұрлыбайұлының (Тұрлыбаев) патшалық Ресейдің сот жүйе­сінде қызмет істеген үлкен тәжірибесі болды, Мемлекеттік Думаның 1906-1907 жылдарғы екі шақырылымына қатар депутат болып сайланды, Уақытша үкіметтің Қостанай ояздық комиссары болды.
С.-Петербор университеті заң факультетінің тағы бір түлегі Райымжан Мәрсекұлы (Мәрсеков) 1902-1917 жылдары адвокат тәжірибесімен айналысты, 1913-1917 жылдары «Қазақ» газеті бетінде ағартушылық, публицистік дарынымен танылды.
Тағы бір заңгер Жанша Досмұхамедұлы (Жиһанша, Жаһанша Досмұхамедов) аз уақыт ішінде патшалық Ресей прокуратурасында жауапты лауазымға көтерілді (Томск гүбернесі прокурорының орынбасары).
Алаш Орда комиссарлары қатарында, сондай-ақ, экономист, шығыстанушы, темір жол инженері, әскери дәрігер, агроном, ормантанушы-ғалым, математик және т.б. жоғары білімді әрі тәжірибелі мамандар болды. Отыншы Әлжанұлының ғана орта арнайы білімі (Омбының мұғалімдер семинариясы) болса да, педагогикалық және публицистік бай тәжірибе жинап үлгерді.
Оның есесіне Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан екі жоғары білімнің, ормантанушы-ғалым және заңгер деген 2 дипломның иесі болатын.
1917 жылдың қарашасында Алаш Орданың болашақ 15 мүшесі түгел Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына өкіл (делегат) болып сайланды.
«Алаш Орда» атауының Шыңғыс хан құрған Алтын Орда империясымен үндес болуы кездейсоқтық емес. Алаш республикасының жоғарғы атқарушы билігінің атауына оның құрылтайшылары өздерінің түпкілікті мақсатын, «Алаш мемлекеті» не «империясы» деген ұғым, мазмұн берді: «Алаш» – біріккен түркі халықтарының ортақ атауы, «Орда» – «Мемлекет» (не «Империя»).
«Алаш» деген терминнің өзіне тоқталсақ, ол туралы мынаны айту керек. Ұлт-азат­тық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан 1910 жылы жарияланған «Қазақтар» атты тарихи-анық­тамалық очеркінде «мифтік тұлғаның Алаш есімі қазақтардың жау­ға шапқандағы соғыс ұраны болды» деп жазды. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы алғашқы сандарында (1913, №7) жария­ланған «Қазақтың тарихы» атты тізбекті мақаласында оған кеңірек сипаттама берді: «Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің Күнбатыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісі» («отечественник». Т.Б.) деген сөз болады… Сол күнде Жошы ханға «Алаш» деп лақап қойылды. «Алашы – алаштың басшысы» («голова отечества». Т.Б.) мағынасында болады».
1905-1917 жылдары «Алаш» есімі қазақтың ұлттық қайта өрлеу идеясы, ұлттық жаңа мәдениет пен жаңа ұлтты қалыптастырудың бағдарламасы, ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру жолындағы күрестің ұраны және туы болды.
«Алаштың» идеялық күшін аңғартқан бір ғана тарихи мысал келтірсек жеткілікті. 1917 жылдың қараша айындағы Бүкілресейлік құрылтай жиналысы өкілдерін сайлау­да «Алаш» партиясы Қазақ өлкесінде дауысқа түскен барлық партияны, оның ішінде «Үш жүз» және Ресей социал-демократиялық жұмысшы (большевиктер мен меньшевиктер) партияларын ойсырата жеңіп, қазаққа бөлінген барлық 43 депутаттық мандатты жеңіп алды. Оған бір Торғай облысындағы сайлаудың қорытындысынан анық көз жеткізуге болады. Жалпы, «Алаш» партиясы «Қазан бүлігі» қарсаңында Ресейде болған 50-ге жуық партияның ішінен өзін қолдаған дауыс санымен 8-орында тұрды.
Сондай-ақ, 1917 жылдың қарашасындағы бұл сайлау қазақ халқының ұлт болып қалыптасқанын айқын аңғартты.
«Алаш» зиялыларының пікірінше, Батыс Еуропадан экономика мен мәдениеті жағынан артта қалса да, қуатты орыс империясына тойтарыс беру, қарулы көтеріліс арқылы тәуелсіздік алу мүмкін емес. Оған қоса, Кенесары хан бастаған көтерілістің қайғылы жеңілісі көрсетіп бергендей, Алаш қайраткерлері қарулы көтерілісті қалың бұқара қолдай қоймайды деп білді.
Олардың кәміл сенімінше, қарулы көтеріліс емес, қазіргі заманғы саяси күрес жолы ұзақ болса да, ең дұрыс әдіс-амал. Міне, осы оймен Әлихан Бөкейхан бастаған батысшыл «Алаш» зиялылары отаршыл империяның Конституциялық-демократия партиясы (КДП) сынды ең ілгерішіл күштерімен бірікті. КДП-ның жарғылық мақсат-міндеттері қазақ халқының мұң-мүддесімен 1917 жылдың жазына дейін ұштасып келді.
– Қазақ халқын ұлттық өзін-өзі басқару құқына, ақыр аяғында ұлттық тәуелсіздікке жеткізе алатын анық жол, – деп түсінді «Алаш» қайраткерлері, – ол отаршыл империяның өзін түпкілікті реформалау, яғни Ресейді патшалықтан (самодержавиеден) федеративтік парламенттік демократиялық республикаға айналдыру болып табылады.
Бірқатар үзеңгілесімен бірге 1905-1917 жылдары КДП-ның мүшесі (1912 жылдан Орталық комитетінің мүшесі) болып, ресейлік құпия масон ұйымының қатарына кірген (1908-1917 жж.) Әлихан Бөкейхан отаршыл империяның барлық ілгерішіл тобын біріктіріп, олардың күшін патшалық билікті құлатуға жұмылдыруға атсалысты.
Самодержавиені құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің ізінше Әлихан мен оның үзеңгілестері КДП мен масон ұйымы қатарынан шығып, қазақтың тұңғыш «Алаш» ұлттық либералдық-демократиялық партия­сын құрды.
Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Әлихан Бөкейхан мен ізбасарлары мемлекеттік биліктің хандық институты билейтін мемлекеттің заманы өткен, келешегі жоқ деп есептеді. Сол себепті олар мынадай стратегиялық мақсат-міндеттерді шешуге ұмтылды. Мақсат-міндеттердің бір бөлігі 1905 жылы Санкт-Петербордың «Сын оте­чества», 1906 жылы Әлихан редактор ретінде шығарып тұрған «Иртыш» газетінде жарияланған «Қарқаралы құзырхатында» («петициясында») ойып көрсетілген-ді.
Құзырхаттың 4-бабында «қазақтың қоныстанып отыр­ған жерін оның меншігі» деп мойындатуға ұмтылу керектігі айтылды. «Алаш» қайраткерлері оның себебін жерсіз мемлекет болмайтынымен түсіндірді.
«Қарқаралы құзырхатының» 2-бабында оның авторлары қазақ баласы оқитын барлық бастауыш мектепте ана тілі мен жазуын енгізуді, жергілікті билік пен соттың іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті.
Петицияның 3-бабына сәй­­кес, «қазақ халқының қазіргі кездегі мұң-мүддесін анықтау үшін қазақ тілінде газет басып шығару, ол үшін газет шығару мен баспахана ашуға рұқсат беру тәртібін жойып, газет басылатыны туралы хабарлау тәртібін орнату қажет».
«Алаш» қозғалысының түпкілікті мақсатының бірі қазақтың Дала және Түркістан өлкелеріне сол кезде «земство», яғни жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу болды. Жергілікті басқару жүйесі салық пен «қазақ капиталы» деген қаражатты мектеп (бастауыш, орта және жоғарғы), аурухана, жол, көпір және т.б. маңызды әлеуметтік-мәдени нысандар салуға, яғни жергілікті инфрақұрылымды дамытуға жұмсауға мүмкіндік алады.
«Алаш» қайраткерлері земствоны жергілікті басқару билігі үшін ғана емес, келешек ұлттық мемлекетке қажетті ел басқарушы мамандарды тәрбиелейтін мектеп ретінде қарастырды.
«Алаш» көсемдері Дала және Түркістан өлкелеріне «земство» енгізу арқылы қазіргі қазақ мемлекетін оның берік іргетасы болып табылатын жергілікті басқару жүйесі мен жергілікті инфрақұрылымды қалыптастырып дамыту арқылы заманауи мемлекет тұрғызуды көздеді.
Қазақты әскери қызметтен босатқан 1834 жылғы заңды жойып, қазаққа қызмет етуді міндеттеу «Алаш» қозғалысының көреген стратегиясының тағы бірі болатын.
«Алаш» зиялылары заң жүзінде қазақтан дербес ұлттық әскери басқармасы бар атты әскер жасақтауға сонау отаршыл патшалық дәуірде-ақ ұмтылды. Ұлттық атты әскер құру үшін олар, мысалға, башқұрттардың, сондай-ақ, казактардың атты әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалануға жоқ емес еді. Оның үстіне Алаш қайраткерлері Дала және Түркістан өлкелеріндегі Ресейдің отарлау саясатының тірегі әрі шоқпары болған казактармен одақтасуды да ойластырды.
Қазақтың ең алғашқы атты әскер бөлімдерін (Алаш армиясының 8 полкін) Алаш республикасы құрылғаннан кейін ғана, Алаш Орда Халық кеңесі міндетіне кіріскен 1918 жылдың жазында ғана жасақтап, 1918-1920 жылдары казак әскерлерімен бірлесіп, Қызыл армияға қарсы кес­кілескен шайқас жүргізді.
Ерекше назар аударатын маңызды мәселе: «Алаш» зия­лылары қарулы күрестен бас тартып, қазақтың қазіргі тілін, әдебиетін, жалпы мәдениетін қалыптастырып, мәдени қайта өрлеу идеясын ұсыну арқылы халқынан қазіргі қазақ ұлтын тәрбиелеп өсірді. 1917 жылға қарай бүкіл қазақ Алаштың ұрпағымын деп сезінді.
Тарихқа үңілсек, қазақтың қазіргі заманғы тұңғыш прозалық, поэзиялық, драматургиялық шығармалары – романдар (М.Дулаттың «Бақытсыз Жамалы», С.Торайғырұлының «Қамар сұлуы», С.Көбейұлының «Қалың малы» және т.т.), әңгімелер, поэмалар, пьесалар, өлең жинақтары, мысалдар, ауыз әдебиетінің үздік үлгілері және т.б., алғашқы мерзімді басылымдар – газет­тер («Серке», «Қазақ газеті», «Қазақстан», «Қазақ», Сарыарқа»), журналдар («Айқап», «Абай»), сондай-ақ, ұлттық зайырлы мектепке арналған оқулықтар, оқу құралдары, хрестоматиялар, көркем әдебиет 1917 жылға дейін пайда болды. Оның ішінде ұлы ақын Абай өлеңдері мен аудармаларының, М.Дулаттың «Оян, қазақ!», А.Байтұрсынұлының «40 мысал», «Маса» жинақтары және т.б. болатын.
Демек, қазақтың қазіргі мәдениеті 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін қалыптасып үлгерді. Кейінірек кеңес дәуіріндегі 1960-80 жылдарда Батыстың қазақ тарихын зерттеуші орталықтары «Алаш» қайраткерлерінің ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасыр басындағы іс-әрекетіне «мәдени ренессанс жасады» деген баға берді.
Шынында да, «Алаш»» қозғалысының жетекшілері халқына жаңа бағыт-бағдар, жаңа ұлттық құндылық, үлгі-өнеге, жаңа ХХ ғасырдың талаптарына сай жаңа мақсат пен міндет қойып, қалың бұқараның ұлттық сана-сезімін, ар-намысын оята алды. Нәтижесінде 1917 жылдың 5-13 (қазіргі күнтізбе бойынша 18-26) желтоқсанында Орынборда болып өткен ІІІ Жалпықазақ құрылтайы (іс жүзінде І және ІІ Жалпықазақ съездері тағы да сол Орынборда 1917 жылдың 2-7 сәуір және 21-26 шілдесінде болып өтті. – С.А.) Алаш ұлттық-территориялық автономиясын құрып, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігін – Алаш Орда Халық Кеңесін (үкіметін) жасақтады.
Алаштанушы ғалымдардың ескермей келген, бірақ айрықша назар аударатын тарихи маңызды мәселе: Алаш автономиясының конституциясы, «Алаш» партиясының жарғысында айтылғандай, бүкілресейлік құрылтай жиналысында мақұлдануға тиіс болатын. Болашақ ұлттық автономия­ның конституция жобасын Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен 1911 жылы жазып кеткен еді. Ал жоба бойынша Қазақ республикасы парламенттік-президенттік республика болып табылады. Мысалға, «Қазақ елінің уставы» (жарғысы немесе конституциясы) деген атаумен жазылған бұл жобаның кіріспесінде және 1-бабында былай жазылған:
«Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елі, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырды, 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында…

1. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында
1. Қазақ елі – халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.
2. Қазақ елінің жеке туы бар.Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.
3. Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым- қатынаста болып тұрады.
4. Қазақ елінің ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.
5. Бір президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.
6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.
7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
8. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.
9. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеу­дің белгісі болып тұрады». Алаш ресми түрде «ұлттық-территориялық автономия» деп аталғанымен, іс жүзінде «автономиялы парламенттік-президенттік республика».
1917 жылдың 12 (25) желтоқсаны қазақ халқының жаңа тарихи кезеңінің бастауы, тарихи бетбұрыс күні болып табылады. Бұл күн қазақтың ұлттық мемлекеттігінің қайта жаңғыр­ған, жаңа үлгідегі Қазақ мемлекетінің құрылған күні болатын.
ІІІ Жалпықазақ құрылтайы шынайы демократиялық негізде – 4 балама үміткердің дауысқа түсуімен – Алаш Орда төрағасын (президентін) сайлады. Нәтижесінде басқа 3 үміткерден әлдеқайда басым дауыс алып, бүкіл Алты Алаштың көсемі болып танылған Әлихан Бөкейхан Алаш Орда төрағасы (президенті) болып сайланды.
Алаш Республикасының құрылуынан 7 жыл бұрын, 1910 жылы С.-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде Әлихан Бөкейхан қазақтың ежелгі және қа­зақ­­тар басым тұратын кө­не жері ретінде 9 облыс, 1 гү­берне (Астрахан. – С.А.) және Алтай өңірінің бірнеше болысын тізіп жазды. Алаш ұлттық-демократия­лық ­республикасы құрыл­ған ­1917 жылдың желтоқсанында осы 9 облыс, 1 гүберне және ­Алтайдың бірнеше болы­сын «Алаш территориясы» ­деп жариялады.
1918-1920 жылдардың барысында өзін-өзі «бүкілресейлік үкімет» деп жариялаған құрылымдармен (Сібір автономиясы, Комуч, Уфа директориясы, Колчак үкіметі және Кеңес үкіметі) арадағы келіссөздерінде Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан табанды түрде: «Пішіні шар сияқты территорияны алып жатқан Алаш автономиясы… 10 миллион халқы бар ірі саяси бірлік болып табылады» деп қорғап келді.

(Жалғасы бар: www.astana-akshamy.kz/alash-avtonomiyasy-qazirgi-qazaqstannyng-irgetasy-2)




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button