Әлеумет

АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ – ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРГЕТАСЫ



Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

(Жалғасы. Басы 28 қазан күні жарияланды: www.astana-akshamy.kz/alash-avtonomiyasy-qazirgi-qazaqstannyng-irgetasy)

Алашордашылар сыртқы пішіні «шар сияқты» Алаш жерінің тұ­тас­тығын 1930 жылға дейін ғана сақтап келіп, 1925 жылдан бері қарай оны бөлшектеу басталды. Атап айтқанда, 1925 жылға дейін Кеңестік Қазақстанның астанасы болып келген Орынбор қаласымен бірге дәл солай аталатын облыс сол жылы Ресей (РСФСР) құрамына берілсе, Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі бірқатар аудан – Иосиф Сталиннің менменшіл шешімімен Өзбек КСР-іне берілді. Дәл сол кезде өзбек үкіметі Самарқанд қаласын астана деп қаулы шығарып үлгерген-ді.
1930 жылға дейін Қазақ (Қырғыз) КСР-ның құрамында болған Қарақалпақ автономиялық облысы алдымен РСФСР-дың құрамына беріліп, 1936 жылы тағы да сол Өзбек КСР-іне берілді.
Қазақстан шекарасын осылайша өз білгенінше кес­кілеп-бөлшектеуіне қарамастан, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы – Алаш Республикасының басшылары, алашордашылар қорғап қалған жердің денін иеленіп отыр.
Тарих тұрғысында да, заң жүзінде де бүгінгі Қазақстанның тұңғыш астанасы Алаш қаласы (бұрынғы Заречная Слободка, бүгінгі Семей. – С.А.) болып табылады. Оған тарихи дәлел: ІІІ Жалпықазақ құрылтайының қаулысына сәйкес, 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта Алаш қаласы – Алаш Республикасының саяси-әкімшілік орталығы, астанасы болып, қалада оның жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Алаш Орда Халық кеңесі орналасты.
«Алаш» партиясының жар­ғысы мен 1910-1911 жылдары Барлыбек Сырттанұлы (Сыр­танов) жазып қалдырған Алаш конституциясының жобасына сәйкес, Алаш Респуб­ликасы – президент басқаратын және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі (земствосы) дамыған парламенттік унитарлық (біртұтас) зайырлы мемлекет болып дүниеге келді. Алаш конституциясын Құрылтай жиналысында (ұлттық мәжілісте) қабылдау көзделді.
Алаш Республикасының және Әлихан Бөкейхан бас­таған Алаш қайраткерлерінің өшпес тарихи рөлі мен миссиясы – Қазақ хандығының 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан кетуінен 70 жыл өткенде, оның үйіндісі үстінен қазақтың жаңа үлгідегі заманауи ұлттық мемлекетін көтерді. Алаш Республикасы құрылған 1917 жылдың 13 желтоқсанында толық тәуелсіздіктің мызғымас іргетасы қаланды.
Алаш Республикасы бір қазақтың емес, қазақ пен қыр­ғыздың біртұтас мемлекеті болып құрылды. Мысалға, Н.Ч. деген автор Орынбор казак әскерінің «Оренбургскій казачій вѣстникъ» газетінде (10.01.1918 г., №7.) жарияланған «Автономія Казакыстана» атты мақаласында былай деп жазды: «Қазақтар қайсақ және қара-қырғыз болып бөлінеді, бірақ «Алаш» атауы оларды бір ұлтқа біріктіреді (біздің «Қасиетті Русь» сияқты). Бұл сөз сондай-ақ бүкіл қазақты жаудан қорғау­ға шақыратын қасиетті үндеу болып табылады».
«Алаш» – «Қазақстан» дегенмен салыстырғанда қазақтардың өзімен қатар, оған туыс қара-қырғызды да қамтитын әлдеқайда кең түсінік, – деп жазды Мұстафа Шоқай Қазақ КСР-ның құрылтай жиналысы өтіп жатқан 1920 жылдың қазан айында грузиндердің «Вольный горец» атты орыс тілді газетіне жарияланған (Тифлис, 11.10.1920 г., №57.) «Киргизская (Казахская. – С.А.) Советская Респуб­лика» атты мақаласында, – Қазақтың тек өзімен ғана шектелетін тар түсінік ретінде «Қазақстан» атауында, қазақтардың өз көзқарасы бойынша, әрқашанда тар ұлт­шылдық пен шовинизмнің боя­уы бар».


Оған қоса Алаш пен Баш­құртстан жетекшілері бі­рік­­­кен Қазақ-Башқұрт мем­­­­ле­кетін құру туралы уағ­да­­ласты. Ол туралы Алаш Орданың бұрынғы төрағасы (президенті) Әлихан Бөкейхан ОГПУ-НКВД тергеушісіне 1937 жылдың 6 тамызында берген жауабында былай деп мәлімдеді: «1918 жылдың қыркүйе­гінде Уфада Алаш Орда мен Валидов бастаған Башқұрт ұкіметінің өкілдері арасында мәжіліс болды… Осы мәжіліс­те біз Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу және біріккен Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру туралы келістік…
Мұндай шешімге келуге төмендегідей ой түрткі болды:
Біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы біздің қарулы күштерімізді біріктірудің аса қажеттігі. Күш біріктіруді біз Қызыл армияға қарсы тұра алатын шынайы мүмкіндік деп қарастырдық. Оған қоса біз патшалық Ресей тұсында қазақтардың әскери қызмет атқармаған жағдайын ескердік, ал башқұрттар қызмет етті. Демек, біздің жасақтарымыз башқұрттармен біріксе, олардың соғысу қабілеті арта түспек.
Екіншіден, жеріміздің көрші болуы және Башқұртстанда башқұрттанып кеткен қазақтардың (!) көп тұратыны.
Үшіншіден, Қазақстан мен Башқұртстан экономикаларын ұштастырудың тиімділігі. Башқұрт рудасы, орманы және қазақтың астығы, малы және мұнайы.
Міне, осы жайттарды ескере келе біз біріксек, әскери тұрғысынан да, экономика жағынан да қуатты мемлекет құра аламыз деп есептедік» [18].
Әлихан Бөкейхан бұл жауа­бында Кеңес өкіметіне белгілі тарихи фактіні толықтырғанымен, барлық ақиқатты жайып ағынан жарылған жоқ. 1918 жылдың қыркүйе­гінде Уфада болған «мемлекеттік мәжілістен» тыс өткен бұл басқосу барысында «Оңтүстік-шығыс мұсылман облыстарының федерациясын құру» мәселесін талқылаған тек Алаш пен Башқұрт жетекшілері ғана емес-ті. Мәжіліс­те Татарстан мен Түркістан мұхтариатының өкілдері де болды. «Болашақ мемлекеттің атауы туралы сөз болғанда, – деп жазды Ахмет Зәки Уәлидов алғаш рет Түркияда Зәки Уәлиди Тоған деген есімімен басылып шыққан естелігінде, – Ақшора (Юсуф немесе Жүсіп. – С.А.) оны «Шығыс түркілердің
федерациясы» деп атауға кеңес берді. Әлихан (Бөкейхан. – С.А.) өз тара­пынан түзетуін ұсынды: енгізді: – орыстардың бізге пантүркизм деген айдар тағуына түрткі болатын атаулардан аулақ болған дұрыс. Келешекте мұндай атау әбден-ақ лайық болар, ал әзірше «Шығыс Ресейдің мұсылман федерациясы» атауымен шектелу керек» [19].
Ахмет Зәки Уәлидидің бұл сөзін Ресейдің Мемлекеттік мұрағаты қорындағы Алаш Орда құжаттарында сақталған келешек түркі-
мұсылман федерациясы картасының қолдан сызылған нобайы толығымен растайды.
Демек, тарыдай шашы­лып, түрлі тарихи құбылыс­тың салдарынан Ресей империя­сының отарлығына тап болған түркі халық­тарын (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт және т.б.) біріктіріп, біріккен Түркі мемлекетін, Тұран империясын қайта құру Алаш идея­сының, Алаш республикасының көздеген түпкілікті мақсаты болып шығады. Кейін келе бұл мақсатты Мұстафа Шоқай Францияда эмиграцияда жүріп «Ұлы Түркістан» идеясы ретінде насихаттады. «Алаш» қозғалысы мен Алаш Республикасы басшыларының осындай мақсат-мүддені көздегенін басқа да тарихи жәдігерлер растайды.

«Алаш» партиясының жарғысы мен 1910-1911 жылдары Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) жазып қалдырған Алаш конституциясының жобасына сәйкес, Алаш Республикасы президент басқаратын және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі (земствосы) дамыған парламенттік унитарлық (біртұтас) зайырлы мемлекет болып дүниеге келді

Мысалға, кеңес тарихында (мифологиясында) «Қо­қанд автономиясы» деп аталып келген, іс жүзінде Түркістан мұхтариаты деп аталған мемлекетті құру туралы бастама мен шешім Қоқандта емес, Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесінде қабылданыпты. Ол туралы жоғарыда аталған
З.У. Тоған орыс тіліне ау­дары­лып, 1994 жылы Уфада ба­сылып шыққан естелігінде жазады. Бұрынғы башқұрт көсемі Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесінде 1917 жылғы қазан айының соңы – қарашаның басындағы осы тікелей мәжіліске қатысыпты. «Азаттық қозғалысы Түркістанда күшеймесе, ол не Қазақстанда, не Башқұрт­станда кең етек жаймайды» деген ортақ ұйғарымға келген сол мәжіліске Ахмет Байтұрсынұлы, Жанша Дос­мұхамедұлы, Міржақып Дулат және т.б. Алаш қайраткерлері де қатысқан.
Естелік авторының мәлімдеуінше, бірнеше күн қызу жалғасқан басқосудың ізінше М. Шоқай, А.З. Уәлидовтың өзі, М. Тынышбайұлы және т.б. қазақ қайраткерлері Ташкентке аттанады, ол қаладан соң ат басын Қоқандқа бұрады да, 1917 жылғы қарашаның соңында IV Төтенше Жалпымұсылман құрылтайында Түркістан мұхтариаты құрылғандығы жарияланады.
Құруына мұрындық бол­ған және басшылығына негізінен М.Тынышбайұлы, М.Шоқай, Ә.Ақайұлы сынды көрнекті Алаш қайраткерлері сайланған Түркістан мұхтариаты, өзінің құрылтайшыларының түпкілікті мақсаты бойынша, біріккен Алаш мемлекетінің құрамдас бөлігіне айналуға тиіс еді. М.Тынышбайұлы мен М.Шоқайдың, бірі Түркістан мұхтариатының премьер-министрі, екіншісі оның сыртқы істер министрі болып тұруына қарамастан, 1917 жылдың желтоқсан айында Алаш Орда Халық кеңесінің мүшесі болып сайлануы соның бірден-бір дәлелі болатын. Яғни М.Тынышбайұлы мен М.Шоқай – қатарынан Түркістан мұхтариаты және Алаш Орда үкіметтеріне мүше болып сайланды.
1920 жылдың 26 тамызында Алаш Республикасы, Кеңес өкіметінің сценарийі­мен, Қазақ (ол кезде Қыр­ғыз. – С.А.) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болып өзгертілді. 1920 жылдың қыркүйегінде Орынбор қаласы Қазақ-Қыр­ғыз АКСР астанасы болып жарияланды.
Алаш Республикасының тарихи миссиясы қандай? Кеңестік және автономия­лық болса да Қазақ республикасының өмір сүруі 1924 жылы Кеңес өкіметін Орта Азияда жасанды болса да басқа ұлттық республикалар құруға мәжбүр етті. Мысалға, бұрынғы Бұқара және Хиуа әмірліктерінен және бұрынғы Түркістан АКСР-ның бір бөлігінен Өзбек КСР, Түркімен және Тәжік АКСР құрылды, Қазақ АКСР-ның құрамындағы қырғыз бен қарақалпақтың дербес автономиялық облыс­тары пайда болды.
Міне, Алаш Республикасының Орта Азиядағы қазіргі ұлттық мемлекеттері алдындағы әлі де мойындалмаған, лайықты бағасын алмаған тарихи, саяси маңызы мен миссиясы осындай болатын.
Басқа ұлттық республи­каларды құрған Кеңес өкі­метінің көздегені – атал­ған ұлттарды Қазақ республикасының ықпалынан алып шығу, өзге ұлттарды рес­пуб­лика-республикаға бөліп әлсірету, сөйтіп Қазақстанның ықпалын біржола жою болатын.
Кеңес өкіметінің 1925 жылы Орынбор облысын Қазақ АКСР құрамынан бөліп РСФСР-ға қосуының астарында да Татарстан мен Башқұрстанды территория­лық жағынан Қазақстаннан ажырату пиғылы жатты. Оның ең басты сыры: Кеңес өкіметі Ұлы Түркістанның қайта тірілуінен патшалық Ресейден бетер сескенді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button