Руханият

Алаш биігі



Жалпы қазаққа ортақ сиез (түпнұсқада осылай) ұйымдастыру мәселесі ХХ ғасыр басынан ұлт қайраткерлерін толғандырып келді. Оны алғаш «Айқап», «Қазақ» басылымдарында Жиһанша Сейдалин көтерді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Есенғали Қасаболатұлы сынды тұлғалардың 1913 жылы сиез жайында хаттары, мақалалары жарық көрді. Ол уақытта ортақ жиынды өткізудің әлі ерте екенін Әлихан Бөкейхан бірнеше мақаласында айтты. Осы кезде Алаш көсемі: «Болатын басқосудан қашпаймын, болмайтын басқосуға арамтер болмаймын, тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп жазды.

Бірінші жалпықазақ сиезі Орынбор қаласында 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында өтті. Алты миллион Алаш атынан келген делегаттардың басын біріктірген бұл жиын халқымыз үшін тарихи белес болды. Ресей империясы құрамындағы қазақ халқы ұлттық мәселені көтеретін үлкен сиезді өткізе алмай келген еді. Бұл өзекті мәселе 1917 жылы ақпан айында патша тақтан тайғаннан кейін күн тәртібіне қайыра қойылды.

Екінші жалпықазақ сиезі Орынбор қаласында 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өтті. Петерборда большевиктердің Қазан төңкерісін жасағаннан кейінгі Уақытша үкімет кезіндегі аяулы арманы, көздеген жоспары жүзеге аспайтынын түсінген Алаш көсемдері қазақ пен қырғыздың болашақ тағдырын, ұлттық, елдік мәселесін қарастыратын алқалы жиынды өткізу қажеттілігін түсінді.

1917 жылдың соңына қарай Ресей империясы аумағындағы билікте кімнің бар екендігіне байланысты түсінікіз жағдай қалыптасып, елде жаппай анархия, тұрақсыздық, саяси-экономикалық дағдарыс орын алды. Бірінші жаһандық соғыстан қайтқан солдаттар, мұздай қаруланған жергілікті казак-орыстар, ескі билікті сақтауға ұмтылған шенеуніктер қорғансыз Қазақ елін тонап, жаншып, ойларына келгенін істеді. 1916 жылы қазақ халқына жасалған жауыздық, оған қарсы елдің дүмпуі әлі басыла қоймаған еді. Оның үстіне, егіннің дұрыс шықпауы халықты аштыққа душар етті. Сол уақытта жазылған Міржақып Дулатұлының «Қайда едің?» атты отты өлеңінде айтылатын «жол таба алмай сенделген», «адасып жүрген», «ақыл таппай дағдарған», «жанашыр таппай сандалған», «өлімге басы байланған», «аштықтан қырғын тапқан» қалың Қазақ еліне жол бастайтын, бағыт сілтейтін тұлғалар керек болды. Күрделі уақытта шұғыл шешімге келген Алаш көсемдері елдің тұтастығы мен тыныштығын сақтайтын автономияны жариялауға бел байлады. Автономия мәселесі сол кезде қазақ баласы үшін өмір мен өлім секілді аса маңызды дүние болып есептелді.

Сиездің тарихи маңызын, қазақ баласына берген олжасын 1918 жылдың желтоқсанындағы санында «Жас азамат» газеті былай деп жазды: «Екінші жалпықазақ сиезінде алты Алаштың баласы түгел бас қосты. Қазақ ұлтының келешектегі елдігіне негіз құрған тарихи 13-ші декәбір күні бүтін Алаш ұранды қазақ өлкесіне құтты болсын! 13-ші декәбір – Екінші жалпықазақ сиезінің ақорда тігіп, алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіреген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декәбірге – тап бір жыл. Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, «от алып, қамысқа түсуді» көтермейді. 13 декәбірдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл – бір. Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл – екі. Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл – үш…».

Осы тұста оқырман шатаспауы үшін, бүгінгіше айтқанда, желтоқсанның 12-сі ме, жоқ 13-і ме? Сірә, Әлімхан Ермекұлы бастаған тұлғалардың жазбасында 12-сінің айтылуы тарихи сиез қаулысы қабылдаған күнді білдірсе керек. Ал 13-і – жиынның біткен күні және халыққа жарияланған уақыты.

Екінші жалпықазақ сиезіне Ақмола, Торғай, Семей, Орал, Сырдария, Жетісу, Самарқан облыстарын және Бөкей ордасын мекендеген қазақ-қырғыз атынан елдің сөзін сөйлейтін, мұңын жеткізетін 82 өкіл қатыс­ты. Сиезді ұйымдастырушылар: Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, С.Досжанұлы, М.Дулатұлы болды. Төрағалығына Б.Құлманұлы, төралқасына Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамбетұлы, Ә.Кенесарин, Ғ.Қараш сайланды; хатшылыққа Д.Қосағалиұлы, М.Дулатұлы, С.Қадырбайұлы бекітілді.

Сиез қорытындысы бойынша уақытша ұлт кеңесі немесе Алашорда үкіметі жарияланып, оның құрамына 25 адамға орын белгіленді. Қазақтан мынадай 15 азамат енді: У.Танашұлы, Х.Досмұхамедұлы, А.Тұрлыбайұлы, А.Бірімжанұлы, Х.Ғаббасұлы, С.Аманжолұлы, М.Шоқайұлы, Ә.Бөкейхан, Ж.Досмұхамедұлы, Ә.Ермекұлы, М.Тынышпайұлы, Б.Құлманұлы, Ж.Ақпайұлы, Б.Мамытұлы, О.Әлжанұлы. Қалған 10 орын қазақ-қырғыз арасын мекен еткен өзге этнос өкілдеріне қалдырылды. Осылайша, демократиялық жолмен Алашорда үкіметі шаңырақ көтеріп, мемлекеттік құрылым ретінде тарихқа енді.

Сиездің ең маңызды шешімінің бірі – Алашорда ұлт кеңесі (үкіметі) төрағасының баламалы әділ жолмен сайлануы болды. Төрағалыққа Ә.Бөкейхан, Б.Құлманұлы, А.Тұрлыбайұлы түсіп, 40 дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды. Одан кейін Алашорда Оқу комиссиясын құру қажеттілігі көтеріліп, оның құрамына А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, М.Жұмабайұлы, Б.Сәрсенұлы, Т.Шонанұлы есімді оқыған азаматтар кірді. Сиездің қаулылары Алаш автономиясы аумағында өмір сүретін әр азаматқа тиесілі болып, оның ұсынысы мен шешімі баспасөзде жарияланды.

Сиез делегаттары автономия құру қажеттігін толық қолдады. Алайда оны жариялау мәселесіне келгенде аса ресмилікке бармады. Шарттылықты алға тартып, біраз қайраткерлердің «автономияны бірден жариялау керек» деген ұсынысы мен тоқтамына уәж айтты. Ақыры бұл мәселені сол күндері ең басты қажеттілік деп есептемеген делегаттар автономияны жариялауда әсіре шарттылықты маңызды санамады. Делегаттардың көбі «автономияны бірден жариялауды қоя тұрып, Алашорда ұлт кеңесі жұмысына көңіл бөлейік» дегенде, бүгінгі кейбір замандастарымыз келте топшылап жүргендей, мемлекеттілік пен мемлекетшілікті ойдан шығарған жоқ. Халықаралық заңдық қағидаттар бойынша Екінші жалпықазақ сиезі жиналуы мен онда қабылданған құжаттар – мемлекет (автономия, республика) құрудың алғышарты. Мұны ғалым ретінде де, азамат ретінде де, Алаш ұрпағы ретінде де сеніммен айта аламын.

Ә.Бөкейхан бастаған қайраткерлер автономияны бірден жариялауды кейінге қалдырудың себебі тереңде жатқан еді. Автономия бірден жарияланған күнде казак-орыс отрядтары мен соғыстан қайтқан солдаттар, іштегі қарашекпенділер, мұжықтар алаш баласына қырғын ойнатады деп қауіптенді. Қысылтаяң кезеңде қорған болатын ұлттық милиция жасақталмағанда, мемлекеттік институттар жұмыс істемей тұрған күнде автономияның жариялануы елді үлкен зауалға ұшыратады деп сақтанды.

Бірақ бүгіннің тұрғысынан қарағанда, осы Екінші жалпықазақ сиезі Алаш автономиясы (қазір республикасы деп те атап жүрміз) мен үкіметінің негізін қалаған күн болып есептеледі. Сондықтан біз ІІ сиездің соңғы күні, яғни 12-13 желтоқсанда Алаш мемлекеттілігі яки жаңарған қазақ мемлекеттілігі ресми жарияланды деп санаймыз.

Алаш кезеңінде, әсіресе 1917-1918 жылдары жарық көрген баспасөз материалдарында қалың Қазақ елін жұрт болуға, алауыздықты ұмытуға, бірлесуге үндеген тілек көп жазылды. Мысалы, «Қазақ» газетіндегі мақалалар былай деп түйінделді: «Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» (04.07.1917), «Жұрттық қылаңдар, тиындамаңдар!» (17.07.1917), «Жастар, жұртшылдар, өз бетіңмен іске кіріс!» (17.07.1917), «Алаштың ар-намысын жібермейін десек, жұрт, жұрттық қыл» (31.07.1917), «Алаш туын көтеретін, жұрттығымызды көрсететін, теңдігімізді алатын, ұранымызды шақыратын күн туды. Алаш! Алаш!» (19.10.1917), «Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» (21.11.1917). Ұлт азаттығын тағдыр таңдауы деп түсінген, алаш идеясын өмірлік мұратқа айналдырған, ұлт мүддесін жеке бас қамынан жоғары қойған Алаш қайраткерлері аса ауыр саяси-әлеуметтік жағдайда қалың қазақ қауымының ар-намысын оятып, санасына азаттық жайлы ой ұрығын бекітіп, оны ел бола аласың деп сендіріп кетті.

Болашақта қазақ ұлтының, қазақ жерінің тағдырын шешкен маңызды мәселелер көтерілуімен қатар, Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиездегі ең басты нәтиже – қазақ баласының басын біріктіретін жалпыұлттық саяси күш – «Алаш» партиясының қанат жайып, қилы тағдырлы Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің кіндігін кесті деп айта аламыз. Сиездің өткені Алаш көсемдерінің де, жергілікті халық белсенділерінің де көңіліне медет болды, «мемлекет құра аламыз!» деген пікірге ұйытты. Қазақ халқы талай жыл жүргізілген ұлт-азаттық Алаш қозғалысының бір нәтижесіне ХІХ ғасырдағыдай қарумен емес, саяси-интеллектуалдық күреспен жетті. Келер күннен үміт күтті, біртұтас ел бола алатынына сенді. Сондықтан бұл күнде, Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болған заманда, 13 желтоқсан күнтізбедегі қатардағы бір күн емес, Алаш күні деп ресми бекітіліп, соған сай ұлттық деңгейде тарихи-
танымдық, елшілдік-тағылымдық шаралар өткізілуі керек деп білеміз.

Алаш жолы, Алаш биігі – Қазақ елінің тәуелсіздігіне қызмет ететін рухани мұра, қасиетті де әлеуетті күш. Ел еңсесін тіктейтін, жастарды жасампаздыққа жетелейтін, қалың қауымды ынтымаққа бастайтын, халық бойындағы имандылықты еселейтін, туған жер, ана тіл, салт-дәстүр, ата-баба жолы сынды қасиетті ұғымдарды ардақтауға шақыратын, мемлекет тарихының мақтаныш екенін көңілге ұялататын, еркіндік, теңдік, бауырмалдық секілді қасиеті ұғымдарды табиғи түрде сездіретін құндылық. Әділетті де Жаңа Қазақстанды нығайтуға себепші қасиетті мұра еліміздің ұлттық идеясының арқауына айналады деп үміттенеміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті
кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button