Руханият

Алаштың атын алаулатпасақ…



Алаштың ғасырлық тарихы қалай дәріптеліп жүр дегенде, ойымызға былтыр өткен шаралар түседі. Алаштың 100 жылдығында зерттеуші ғалымдардың тың еңбектерімен танысып, олардың түрлі мінберлерден айтылған ойлары көзі қарақты дегеннің көкірегіне сәуле болып құйылғандай болды. Арда туған азаматтардың идеялары жүрегімізге жетіп, рухани қайнардан сусындағандай әсер алдық.

Жасыратыны жоқ, Алаштың мерейтойы тұсында көңілге қаяу түсірген жайттар да болды. Мұның себебі, билік, Үкімет Алаш тойына, мерекесіне қатысты шараларды бір ізге салып, бір қолға жинамауынан орын алды-ау деген ойдамыз.
Нәтижесінде, саяси партия, қазақша сайт, институт сияқты әртүрлі ұйымдар Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығы құрметіне арнайы естелік медальдар шығарып, біршама тарихшы мен қоғам қайраткерлеріне табыстап жатты. Мұндай мерекелік медальді мемлекеттік органдар шығарып тапсыр­са, Алаштың мәртебесі асқақтай түспес пе еді?!
Арыстарымыздың рухын көтердік, оның мұрасына еңбегін сіңірген ғалымдар ұлықталды. Бәрі дұрыс. Дегенмен, алдағы уақытта Алаш мұрасын өз дәрежесінде дәріптеп, салмағына сай марапаттауды да қадағалайтын арнайы комиссия керек. Әйтпесе, бұл үрдіс қанымызда бар науқаншылдықпен астасып кетуі әбден мүмкін.
Шығыс өңірінде бір патриот механизатор Алаш көсеміне өз қаражатына ескерткіш қойыпты деп естідік. Ауыл іргесінде рұқсатсыз, көркемдік кеңессіз қойылған ескерткіш Алаш арыстарына ұрпақ құрметін көрсете ала ма, мәселе сонда ғой. Қоғам қайраткері Айдос Сарым фейсбук парақшасындағы өз постында: «Менің ойымша, қазаққа ортақ, қасиетті «Алаш» атауын саяси партияларға, бизнеске беруге тыйым болуы керек сияқты. Біз девальвацияланбаған, лас­ танбаған ұғымды сақтап қалайықшы. Екі Хан Тәңірі шыңы жоқ. Екі Алаш партиясы да бола алмайды» деп жазыпты. Бұл ой күні кеше ашылған «Алаш» халықтық социал-демократиялық партиясы жайында болса керек. Иә, аты зор қоғамдық ұйым саяси күресте бабалар аманатына, мұрасына адал бола ала ма, мәселе сонда ғой…

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button