Ел тынысы

Алдағы жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда



Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында алдағы жылыту маусымына дайындық туралы айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Қалада өмір сүру сапасы инженерлік желілердің үздіксіз жұмысына байланысты. Қыста қаладағы нысандарға жылу баруы үшін 1 мың шақырымнан астам жылумен жабдықтау желісі бар.

Қазірдің өзінде энергия көздерін жаңа жылыту маусымына дайындау жұмысы басталды. Орташа есептегенде қалада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылады. Жылыту маусымы ауа райының құбылуына қарамастан, желіде жүктемесіз штаттық режимде өтті.

Жыл сайын әлеуметтік және тұрғын үйлерден бастап жүздеген нысанды жылу желісіне жалғаймыз. Өткен жылыту маусымында қаламыз алғаш рет жылу профицитімен шыға алды. Мәселен, алдыңғы жылыту маусымында жылу тапшылығы болды, осыған байланысты бірқатар жаңа нысан жылумен жабдықтау желісіне қосыла алған жоқ.

Өткен күзде тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің бірқатар жаңа нысаны салынып, пайдалануға берілді: «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңі. Сонымен қатар, ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды, ол құрылысы ұзаққа созылған нысанның бірі болды. Аталған нысанның барлығы қалаға 1100 Гкал/сағаттан астам қуат берді.

Биыл «Тұран» ГЖС екінші кезеңінің құрылысын жалғастырамыз. Бұл қалаға қосымша 250 Гкал/сағ жылу көлемін береді. Осылайша «Газмашаппаратура», «Жағалау», «Батығай» аудандарын жылумен қамтамасыз етеді және қолданыстағы жылумен жабдықтау жүйесінің жылу қуатын арттырады.

Сонымен қатар, ЖЭО-1-дегі 8 қазандық пен 2 турбинаға кезекті жөндеу, 2 қазандық пен 1 турбинаға күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты химиялық, турбиналық және электр цехтарындағы жабдықтарды кезекті жөндеуден өткіземіз.

Ал ЖЭО-2-де 11 қазандық пен 5 турбинаға кезекті жөндеу, 3 қазандық пен 2 турбинаға күрделі жөндеу жүргіземіз, сондай-ақ қосалқы жабдыққа кезекті кеңейтілген жөндеу жүргіземіз.

ЖЭО-3-те құрылыстың екінші кезегі аясында көмір бөлігінің құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы бұл станция (1-кезең) қалаға 440 Гкал/сағ жылу энергиясын берді.

Биыл «Астана-Теплотранзит» АҚ жылумен жабдықтау желілері бойынша 0,9 км-ге кезекті жөндеу және 7,6 км жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр.
Қаланы аралау барысында «Жұлдыз» қосалқы станциясына бардым. Онда қосымша 55 мыңнан астам адам тұруы мүмкін Мыңжылдық аллеясы ауданын электрмен қамтамасыз ететін қосалқы станцияны қайта құру жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Астана-АЭК» АҚ 63,3 км электрмен жабдықтау желілерін, 69 тарату және трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу және ауыстыру, 175,2 км желілерге техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыс орындалатын болады. Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі ерекше бақылауда», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button