Әлеумет

АЛДАМПАЗ ЖҮР АРАМЫЗДА, АБАЙЛА!



Moshennichestvo-cherez-internet

Заң ғылымы әдебиеттерінде «алаяқтық» ұғымын ерекше атап өтеді.

Алаяқтық – қоғам үшін қауіпті. Өйткені, алдау немесе сенімге қиянат жасаудың кесірінен азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке зиян келтіріледі.

Күнделікті өмірде алаяқтық басқа қылмыстарға қарағанда көп кездеспейді. Алайда, бүгінгі таңда осы қылмыс түрі күн сайын өсіп келе жатқанын айта кету керек.

Алаяқтық әрекеттерін еркек те, әйел де, ересек те, кәмелетке толмаған да жасауы мүмкін. Өйткені, мұндай әдетке көп жағдайда пайдакүнемдік итермелейді. Өкініштісі, алдау мен жалған мәлімет айту соңғы кезде жан қинамайтын әрекетке айналған.

Нақты деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың тоғыз айында Астана қаласында 3525 (3486) алаяқтық қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 пайызға артық. Осыдан-ақ осы қылмыс түрінің бір жылдың өзінде біршама өскенін көруге болады.

Алайда, құқық қорғау орындары да қол қу­сырып отырған жоқ. Өткен жылы алаяқтықпен ауыр қылмыс жасағандардың 60,3%-ы құрыққа түскенін айтуымыз керек. Биыл да осы тақыл­еттес ашылған қылмыстардың үлес салмағы әзірге 13,7% болып отыр.

Мысалға, Астана қаласы ІІД-нің ТБ-мен М.Салходжаеваның «АДМ-2009» ЖШС-інде жұмыс жасайды деген жалған анықтама арқылы Астана қаласының банктерінен («Альянс банк», «Темір банк», «АТФ банктері» және т.б.) бірнеше рет ірі мөлшерде несие алуына қатысты қылмыстық іс тергеуі аяқталды.

Жалпы, сараптау, талдау барысында алаяқтық жәбірленушінің танитын, жақын жүрген адамдары тарапынан жасалған әрі ол жөнінде дер кезінде хабарланған жағдайда, қылмысты ізін суытпай ашуға болатыны дәлелденіп отыр.

Айта кетер бір жәйт, алаяқтық әрекеті қылмыстық ортада «элиталық» болып саналады. Себебі, ол әркімнің қолынан келе бермейді. Алаяқтыққа белгілі бір деңгейде ақыл-ойы жетік, қабілетті, икемді адамдар ғана бара алады. Өкініштісі, осындай ерекше қасиеттерге ие қылмыскерлер бас бостандығынан айыру орындарына да өте сирек түседі.

Сондықтан да, азаматтардың қай-қайсысы да алаяқтың арбауына түсіп, алданып қалмауы үшін мейлінше сақ болғаны абзал.

Руслан ӘЙТІМОВ,

Астана қаласы прокуратурасының 3-басқарма прокуроры, кіші әділет кеңесшісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button