Басты ақпарат

Әлеуеті артқан әуежай



KBB_2487

Кеше «Астана» халықаралық әуежайында бизнес-авиация терминалының ашылу рәсімі өтті. Оған Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин қатысты.

Астананың әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполис ретінде ойдағыдай дамуы үшін халықаралық әуежайдағы жаңа нысанның маңызы өте зор. Елдің экономикалық орталығы ретінде дамып, инвестициялық тартымдылығы артқан сайын Астанаға алыс-жақын шетелдерден келетін іскер топтардың саны да тұрақты түрде өсіп келеді. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуіне, кейіннен Халықаралық қаржы орталығының құрылуына байланысты жаңа бизнес-авиация терминалының өзектілігі арта түспек.
Әуежайды кеңейту, жаңа терминалдар салу, инженерлік және сервистік инфрақұрылымды жақсарту елорданың халықаралық маңызы бар орталық көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосады.
Үш мың шаршы метрге жуық алаңда орналасқан жаңа терминал сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Терминал ғимаратында конференц-зал, келіссөздер өткізуге арналған бөлмелер, сондай-ақ, 30 орындық көлік тұрағы бар. Бизнес-авиация терминалында чартерлік рейстерге қызмет көрсетіледі. Әуежай басшылығының айтуынша, бұл нысанды іске қосу жолаушыларға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырып, бизнес-авиация рейстерінің тартымдылығын ұлғайтады.
Қазіргі кезде жаңа терминалдың құрылысы мен әуежайдың ұшып-қону алаңын жөндеу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Жаңа терминал жылына төрт миллион жолаушыны өткізе алады. Осылайша Астана әуежайы 2017 жылы жолаушылар санын жылына үш миллионнан жеті миллионға дейін көбейтпек.
Бүгінгі таңда әуежай алыс-жақын шетелдерге ұшатын рейстерді тұрақты түрде жүзеге асыратын 19 әуе компаниясына қызмет көрсетеді. Биыл Сеул және Париж қалаларына әуе қатынасы ашылды. Астана әуежайында Қазақстан Республикасының барлық облыс орталықтарына, сондай-ақ, ТМД қалаларына аспан кемелері жол тартады. Әуежай күн сайын 12 мыңға жуық жолаушыға, 140 ұшу рейсіне қызмет көрсетеді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button