ӘлеуметЖаңалықтарҚала тіршілігі

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ЕРЕЖЕСІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ



Астана қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында әлеуметтік көмек көрсету ережелері мен оның көлемін белгілеу, азаматтардың жекелеген санаттарын анықтау, сондай-ақ, жеңіл рельспен жүретін қалалық көлік жолаушыларын тасымалдау және осы тасымалдауды субсидиялау ережелерін бекіту мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрғожина баяндама жасады.

Оның айтуынша, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету ережелері алғаш мәрте осыдан он жыл бұрын бекітілді. Содан бері бұл ережелерге бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазір бұл жаңа редакцияны қажет етіп тұр. Атап айтсақ, бесінші тарауда алушының санаттары бойынша емес, әлеуметтік көмек түрлері бойынша анықтау жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек тәртібіне де өзгерістер енгізілмек. Мәселен, қалалық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бұл санатқа бас бос­тандығынан айыру орындарынан шығып, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды қосуды ұсынды. Оларға жылына бір рет қажет дәрі-дәрмек алуға, медициналық тағайындауды өзгертуге, медициналық қызметті пайдалануға 13 АЕК көлемінен аспайтын қаржылай көмек беру ұсынылып отыр.

Мұнымен қатар адам өрттен зардап шегіп, бұл жағдайда баспана жалғыз болғанда ғана әлеуметтік көмек көрсетіледі деп белгіленді. Сонымен бірге өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарияларды санаторлық-курорттық емге апаратын 18 жастан асқан адамдарға тегін жолдама беру де көмектің қатарына енгізілмек.

Астана қалалық Тексеру комиссиясы да тексерістің қорытындысында бірқатар ұсыныстарды енгізді. Осыған сәйкес бюрократиялық кедергілерді азайту үшін Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне дәрі-дәрмек алуға жолдама беру тәртібі де өзгертілмек. Бұдан кейін олар дәрігерлердің ұсынысымен дәріні дәріханалардан тікелей ала алатын болады. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы азаматтардың талап-тілектерін ескеріп, әлеуметтік көмекке жатқызылатын дәрі-дәрмек тізімін қайта қарады.

Мұнымен қатар оқуға бөлінетін әлеуметтік көмектің тәртібі де өзгерді. Енді қаржы жоғары оқу орнының есепшотына емес, студенттің есепшотына аударылатын болады.

Ал жеңіл рельспен жүретін қалалық көлікпен жолаушыларды тасымалдау қызметіне байланыссыз карталарды ресімдеу, оларды пайдалану және бақылау ережелерін айқындау, қызметті пайдаланатын жолаушылардың, соның ішінде жеңілдікпен жол жүру құқығы бар азаматтардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі реттеу жоспарланған. Соған сәйкес оны субсидиялау ережесі де айқындалмақ.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button