ӘлеуметЖаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ҚАЛАЙ КӨРСЕТІЛЕДІ?



erm_8355-2-asli

Астана қалалық мәслихатының бір топ депутаты елордадағы қос бірдей әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Мәслихат депутаттары орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, сұрақтарына жауап алды. Орталық басшылары өздері атқарып отырған шаруаларды баяндап, түйткілді мәселелерін айтты. Ал мәслихат депутаттары болса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдем беріп отырған орталыққа қолдау білдіретінін жеткізді.

Әуелі мәслихат депутаттары қала әкімдігінің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Орталық директоры Рысты Баймағанбетованың айтуынша, мекемеде 155-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар балалардан бастап қарттарға дейін әртүрлі қызмет түрлерін көрсетеді. Аталған орталық ашылған кезде мұнда 598 азамат әлеуметтік көмек алса, қазір оның саны 640-қа жеткен.
– Біз бұған дейін қаламыздағы Есіл мен Сарыарқа және Алматы аудандарының тұрғындарына әлеуметтік көмекті үйіне барып көрсететін едік. Алайда біздің орталық өткен жылдың 1 сәуірінен бастап арнайы ғимарат жалдап, әлеуметтік қызмет көрсетуді қолға алды. Біз бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі балалардан бастап жалғыз қалған қарттарға дейін көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда орталықта 320 қарт пен 320 балалар тіркелген, оларға біздің қызметкерлер үйіне барып және осы орталықта қызмет көрсетеді, – дейді Рысты Баймағанбетова.

АЛТЫ БАЛА ЖҮРЕ БАСТАДЫ

«Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» келетін балалар 10 күннен бастап 20 күнге дейін болып, көмек алады. Себебі, тиісті мамандар ата-аналарға балаларға қалай қарау керек екенін жан-жақты көрсетеді. Жалпы, әр маман балалармен 40 минуттай жұмыс жасайды.
– Мәселен, медициналық тексеруден өткен баланы медбике қабылдап алғаннан кейін оны логопед, дефектолог, психолог, еңбек терапиясы, музыка, массажист сынды әртүрлі мамандар қарайтын болады. Осы көмекті 20 күн алғаннан кейін аталған қызметті әлеуметтік қызметкер үйде жалғастыра береді. Осы еңбегіміздің арқасында 6 бала аяқтан тұрып, жүре бастады. Бұл, әрине, орталықтағы білікті мамандардың жанкешті еңбе­гінің арқасында мүмкін болып отыр, – дейді ол.
Иә, адамдарға әлеуметтік көр­сететін орталықтың жұ­мы­сы көңіл қуантады. Сон­дық­тан да осы орталыққа келіп, әлеу­­меттік көмек алғысы келетін азаматтар баршылық. Осыны ескерген орталық басшылары 2 бөлімше ашуды жоспарлап отырғанын айтады. Оның біріншісі жас­өспірім балаларға арналса, ал екіншісі қарттарға қызмет көрсетеді.

ҚАРТТАРҒА ДА ҚАРАЙЛАСАДЫ

Орталықта балалар ғана емес, сонымен қатар қарттарға да қарайласу жолға қойылған. Мәселен, бүгінде орталықтың қызметкерлері 320 қартқа әр­түрлі көмек көрсетіп, батасын алып отыр.
– Біздің қызметкерлер қарт­тардың үйін жинастырып беру­ден бастап, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкеліп беріп көмектеседі. Сондай-ақ, біздің мамандар халыққа қызмет көр­сету орталығына барып, қарт­тардың құжаттарын реттес­тіріп, тіпті, ауруханаға барып-келуге жәрдемдеседі. Бұдан бөлек орталық балалар мен қарттарды қаламыздағы мәдени ошақтарға апарып, демалуға айрықша мән беріп отыр. Нақтырақ айтсам, балаларды Астаналық цирк пен «Мега» сауда ойын-сауық орталығына апарып, көңілін көтердік. Ал егде тартқан қа­рия­ларды Ұлттық мұражай мен әртүрлі көрмелерге апарып тұрамыз, – дейді орталық директоры.
Қазақ «қарты бар үйдің қа­зынасы бар» деп тектен тек айтпаған. Осы бір қанатты сөзге қаперге алған орталық мамандары қарттарға қарайласуды парыз санайды. Әйтсе де, ор­талық ғимаратының тар болуы олардың жұмысына кедергі келтіріп отыр екен. Бұл ол­қы­лықты мәслихат депутаттары өз көздерімен көріп, алдағы уақытта шешетінін айтты.

«НҰРЛЫ ЖҮРЕКТІҢ» ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС

Бұдан кейін мәслихат депутаттары Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болды. Орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Құралай Қожам­құлованың айтуынша, мұнда 234 астам мүгедек бала тәр­биеленеді. Сондай-ақ, ол бала санының ұлғаюына байланысты өткен жылдың қазан айында күндізгі бөлім жаңа ғимаратқа көшірілгенін айтады.
– 1981 жылы Целиноград облыстық атқару комитетінің шешімімен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйі – интернат ашылды. Ал 2005 жылы балалар үйі Астана қаласының «Балалар психо­неврологиялық, медициналық, әлеуметтік мекемесі болып атауы өзгертілді. Сондай-ақ, 2016 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ деп қайта құрылды. Жалпы атауы бірнеше рет өзгерсе де, біздің орталық балаларға әлеуметтік көмек көрсетуді назардан тыс қалдырған емес, – дейді Құралай Еділбекқызы.
Мәселен, бүгінде орталық арнайы әлеуметтік көмектің 8 түрін толық көрсетеді. Атап айтар болсақ, орталық арнайы әлеуметтік көмектің меди­циналық, психологиялық, педагогикалық және тұрмыстық түрін көрсетеді. Сондай-ақ, «Нұрлы жүрек» әлеуметтік экономикалық көмектен бастап мәдени, құқықтық және еңбектік қызмет көрсетуді өз міндетіне жүктеп алған. Орталықтың тағы бір ерекшелігі мұнда балалар ғана емес, сонымен қатар 18 жастан асқан азаматтар да әлеу­меттік көмек алады. Бұдан бөлек аталған мекеме мәдени шараларды ұйымдастыруға айрықша назар аударып отыр.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button