Басты ақпаратҚала мен Сала

ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ – ӘКІМДІК НАЗАРЫНДА



Елорданың бірыңғай байланыс орталығы «109» қызметіне түрлі мәселемен хабарласатындар көп. Тұрғындарды көбіне аялдама орнату, жол сапасы, тротуарлар салу, автотұрақ мәселелері мазалайды. Осыған байланысты қала әкімі Әсет Исекешев онға жуық білім және медициналық мекемелерді аралап, ондағы шешімін таппай келе жатқан шаруаларды көзімен көріп қайтты.

Астананы барынша қауіпсіз және жайлы қалаға айналдырудың ең басты шарты – әлеуметтік мәселелерді шешу. Осы орайда халықтың игілігіне айналған аурухана, мектеп, емханалардың жағдайы қала билігінің назарынан тыс қалған емес.

Қала басшысы бастаған басқарма басшылары алдымен жаңадан соғылған еліміздегі ең ірі туберкулезге қарсы жаңа диспансерге бас сұқты. Әне-міне пайдалануға жақын ірі медициналық мекеме Железнодорожный кентінде Қырқыншы стансаға жақын орналасқан. Бүгінде 9 блоктан тұратын нысанның айналасы абаттандырылған, енді инженерлік желілерді тарту және жол салу жұмыстарын аяқтау қалған көрінеді.

«Заманауи кешен барлық санитарлық нормаларға жауап береді. Кешен 500 науқасты қабылдай алады» дейді Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Анна Цепке. Мәселе осы ретте туындайды. 400-ге жуық маман қызмет ететін мекеме дәрігерлері үшін және сырттан келушілерге арнап тұрғынжай салу, қызметтік көлік тасымалын ұйымдастыру – кезек күттірмейтін шаруа. Қала әкімі өз кезегінде басқарма басшыларына аталмыш мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырма берді.

Жаңа ғимарат бой көтереді
Қалада денсаулық сақтау мекемелеріне, әсіресе оның инфрақұрылымына қатысты сауалдар жиі айтылып қалады. Мәселен, №1 қалалық аурухананың келушілерге арналған автотұрақ алаңын кеңейту мәселесі сөз болды. Ал іргесі 60-жылдары қаланған «Медициналық апаттар теміржол госпиталі» бүгінде келушілердің көптігіне байланысты қызмет көрсету аясы тарылып келеді. «Осыған байланысты алдағы уақытта көп салалы медициналық кешен салу жоспарлануда. Сарыарқа ауданының тұрғындары үшін медициналық мекеменің заманауи әрі жайлы болғаны маңызды» дейді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Камалжан Надыров.

Аялдама неге алыста?
Тұрғындарды жиі мазалайтын мәселе – аялдама. Әсіресе, жаңадан пайдалануға берілген кейбір мектептердің аялдамасы қашықта орналасқан. Мәселен, №73 лицейде 1500-ге жуық бала білім алады. Мектеп директорының айтуынша, ең жақын аялдаманың өзі Ұлттық музейдің жанында орналасқан. Кеш қарая қайтатын мектеп оқушылары үшін оның өзі әжептәуір қашық болады, дейді ол.

Жалпы, елорданың кейбір мектептері мен балабақшаларында тротуар, кіреберіс жолдарды жөндеу, жылы аялдамалар орнату мәселелері жоқ емес. Қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, пайдалануға берілген жаңа нысандардың өзіне ата-аналар тарапынан жиі шағым айтылады. Сондықтан қала басшысы бұл мәселелердің барлығын жуық арада оңтайлы шешуді тапсыр­ды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button