Білім

Алғашқы қоңырау сыңғыры



3,9 млн қазақстандық оқушы үшін 2023-2024 жаңа оқу жылы басталды. Алғаш рет мектеп табалдырығын 382 мыңға жуық бала аттаса, оның 70%-ы мемлекеттік тілде оқиды. Биылғы жаңа оқу жылында он бірінші сынып оқушыларының рекордтық саны – 188 900. Астана қаласында бірінші сыныпқа 27 мыңға жуық бала барса, 95 мың түлек оқуын аяқтайды.

Биыл ел бойынша 55 мың бала оқу жылын жаңа мектептерде бастады. 2023 жылдың соңына дейін 132 мың жаңа оқушы орнын пайдалануға беру жоспарлануда. Елімізде барлығы 7,7 мың орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жаңа оқу жылы 34 аптаны құрайды және 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады.

Астана қаласының 169 мектебінде (оның ішінде 101 – мемлекеттік, 61  – жекеменшік, 7 – республикалық мектеп) алғашқы қоңырау сыңғырлап, Білім күніне орай салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды.

Аралас мектеп мәселесі шешіледі

Астана қаласы Нұра ауданындағы Мақсұт Нәрікбаев көшесі бойында орналасқан №79 мектеп-лицейіндегі 4786 оқушының 450-і биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, 200 түлек бітіргелі отыр. Аралас мектепте қазақ және орыс тіліндегі сыныптар 6 сыныптан бөлінді. Жалпы, оқу ордасында 210 педагог білім береді.

Алғашқы қоңырауға арналған салтанатты іс-шара №79 мектеп-лицейінде өтті. Мектеп ауласында оқушылар сап түзеп, 1-сынып жетекшілері және оқушылары бірге шақырылды, Мемлекеттік Ту кіргізіліп, бишілер тобының орындауында музыкалық көрініс тамашаланды. Оқушылар мен ұстаздар әннен шашу шашып,  бұл күні ұстаздар да, оқушылар да ерекше көңіл күйде болды.

Әнұранмен ашылған алғашқы қоңырау салтанатты шарасында №79 мектеп-лицейінің директоры Құралай Мукушева құттықтау сөз сөйлеп, барлық оқушыға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытты жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді.

№79 мектеп-лицейде ұйым­дастырылған алғашқы қоңырау мерекесіне Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.

– Қымбатты, ұстаздар, ата-­аналар, қадірменді қонақтар, оқушылар! Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен, дәстүрлі жаңа оқу жылының басталу салтанатымен құттықтаймын! Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші класс бүлдіршіндері үшін өте қуанышты күн. 2023-2024 оқу жылы бірінші сыныпқа 27 мыңға жуық бала барды. Жыл сайын баланың саны артып, жылдан жылға білім алушылар қатары көбейіп келеді, ол өз кезегінде мемлекет тарапынан білім алатын оқу ошақтарын салуға, мектеп мәртебесін, мектептегі ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыс­тардың атқарылып жатқандығын білдіреді. Қала бойынша оқушы балалардың саны 255 мыңды құрайды. Елордада 170 мектеп болса, 20 мыңға жуық орын жетіспейді. Сол себепті 8 мектеп үш ауысымды мектеп режимімен жұмыс істеп жатыр. Әрине, оның шешімі бар, қаламызда биыл 11 жаңа мектеп салынып, оның төртеуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 7-еуі беріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсыр­масымен келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 24 мектеп есігін оқушыларға айқара ашпақ. Бүгінде ол оқу ордаларының құрылысы басталып кетті, келесі және арғы жылы сол мектептер пайдалануға берілген кезде осы үш ауысым проблемасы шешіледі. Қазіргі күні барлық мектебіміз жаңа оқу жылына сақадай сай дайын, жаз бойы 49 мектепте жөндеу жұмыстары, оның ішіндегі тоғызында күрделі жөндеу жүргізілді. Оқу жылында оқушылар қажет құрал-жабдықтармен жабдықталған, педагог кадрлерге деген әзірге тапшылық жоқ, барлық пән мұғалімдері жеткілікті. Жасалған жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Өйткені, ол болашағымызға, жақсы игі істерге қызмет ететіндігі даусыз. Бүгін білім алу үшін мектепке келген барша оқушыға қадамдарыңыз құтты болсын, болашағыңыз жарқын болсын дегім келеді! Әрине, мектептің жүрегі – ұстаздар қауымы. Олардың еңбегі өлшеусіз, сондықтан Сіздерге күш-қуат пен кәсіби табыс тілеймін! Ата-­аналарды да бүгінгі мерекемен құттықтағым келеді. Үмітпен жетелеп келген балаларыңыз ертең сенімдеріңізді ақтап, елдің үлкен азаматтары болсын, Білім күні құтты болсын баршаңызға! – деді Есет Берікұлы өз сөзінде.

№79 мектеп-гимназиясы 2015 жылы ашылды. Мектеп орналасқан маңайда тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүруіне орай оқу ордасында оқушы орнына тапшылық байқалады, қазір мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Жобалық қуаттылығы 2400 орындық мектепте 2800 бала білім алуда.

«Дегенмен, бұл мәселенің де шешімі бар, биыл мектептің сметалық құжаттарын қолымызға алдық, жылдың соңына қарай мектепке қосымша ­жапсарлас салынатын 600 орындық құрылыс­ты бастап кетуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, осы мектепке жақын аумақта – Әйтеке би көшесі бойында 4 ­000 ­орынға арналған «Жайлы мектеп» салынып, оқушыларды қабылдайды. Сол кезде осы аумақтағы мектептегі оқушы орын тапшылығы толығымен жойылады. Әрине, қазақ тілді немесе орыс тілді сыныптарға беруді ата-аналардың өздері шешеді, ол – тұрғындардың Конституциялық құқы, жалпы осындағы жаңа мектептерді қазақтілді сыныптарға бейімдеп, басымдық соған беріледі» деді Е.Байкен бізге берген сұхбатында.

Салтанатты іс-шарада 1-сынып оқушылары өлең оқыса, 11-сынып оқушылары оларға «Әліппені табыстады. ­Р.­Қайыртаеваның орындауындағы «Мерекем», М.Сезімнің «Менің елім» әні балаларды білім алуға жігерлендірді.

Салтанатты жиын соңында көптен күткен күміс қоңырау соғылды, мектеп есігі оқушыларға айқара ашылып, алғашқы сабақтар да басталып кетті.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button