Басты ақпаратМәдениет

Алматының ыстық ықыласы



26-27 тамыз күндері Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театры елордаға гастрольдік сапармен келіп, «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Бұл айтулы жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

Қазақ опера және балет өнерінің қара шаңырағына айналған театр ұжымы астаналықтарға алматылық және еуропалық көрермендердің көңілінен шыққан спектакльдерді тарту етпек. Сөйтіп қала тұрғындары мен қонақтары ұлы композиторлардың музыкасымен өрілген бірегей қойылымдардағы жаңаша көркемдік шешімдегі классика-модерн кезеңіне саяхаттайды.
Айталық, өнер сапарының шымылдығы 26 тамыз күні Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсымен ашылады. Жаңа қойылым италиялық атмосфера мен соны стильдің талғампаз мәні бар күрделі сценографиялық сюжет пен «уақыттан уақытқа ауысатын» қозғалыс­тарды қамтып, заманауи технологияны опера әлемімен үйлестіретін бейнепроекция­лармен толықтырылған.

Ал 27 тамызда жұртшылыққа Ф.Шопеннің «Шопениана», И.Бахтың «Бах шығармашылығын тану» және М.Равельдің «Болеро» үш актілі балеті ұсынылады.

Фридерик Шопеннің музыкасына қойылған «Шопениана» романтикалық балет классикасы саналады. Бұл туынды арман мен шындық арасындағы мәңгілік қақтығыстар мен идеалдықтың жетіспеушілігі бар романтизм дәуіріне еліктеп жазылған. Ал балетмейстер Гүлжан Түткібаева пластикалық образдардың тілімен Шопеннің музыкасына тән бейнелерді әсерлі жеткізеді. Қойылым балет әртістерінің «па» би қадамдары және жаңа костюмдер мен декорациялардың өзгерісінен тұрады.

Сондай-ақ неоклассикалық «Бах шығармашылығын тану» балеті – классицизмнің дерексіз деконструкциясы. Онда тыңдарманды алғашқы ноталардан музыка сұлулығымен баурап, ішкі әлем кеңістігіне жетелейді.

Испан өнерін жақсы білетін Морис Равель «Болеро» бірегей шығармасын жазуды бастағанда, оған талантты биші, орыс балетінің солисі Ида Рубинштейн зор ықпал еткен. Өз кезінде Рубинштейн Париждегі «Гранд Опера» сахнасында испан көрінісінде хореографиялық композиция орындаған. Сондықтан балетмейстер Рикардо Амарантенің қойылымындағы «Болеро» әйел затының мінсіз сұлулығы мен сезімталдығын жырлайды. Мұнда классикалық модерн­ді сахнада болып жатқан әр көріністен байқайсыз, сонымен қатар бишілердің қозғалысы, декорация мен жарықтың түсуі көрерменді әсем көңіл күйге бөлейді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button