Басты ақпаратҚоғам

Алтын діңгек – демографиялық даму



Парламент Сенатында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Осы жиналыста демография мәселесі, солтүстікке көш жайы кеңінен талқыланып, оны шешудің тәсілдері мен әдістері тілге тиек етілді. Осы саладағы өзекті мәселелерді ұдайы көтеріп келе жатқан «Астана ақшамы» газеті жиындағы негізгі баян­дамаларды оқырман назарына ұсынып отыр. Өйткені демография – еліміздің ең өзекті әрі қазақ ұлтының тағдыр­шешті мәселесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қуатты ­ұлттың діңгегі – халық» деп шегелеп тұрып айтқан еді.

ТҮЙІТКІЛДЕР ДЕ ЖОҚ ЕМЕС

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында осы бағытқа ерекше мән беріп, демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналғанын атап өткен еді. Сол кезде Мемлекет басшысы Үкіметке қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында тиімді пайдалану жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Жалпы, қазір Қазақстанда халық санының өсу қарқыны көңіл қуантады. Былтыр қараша айында елімізде халық саны 20 миллионға жеткені белгілі. Шын мәнінде, демографиялық өсу – елдің бәсекеге қабілетін арттырудың негізгі тетігі. Осыған орай, Президентіміздің тапсырмаларын орындау аясында Көші-қон саясаты және Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамалары қабылданды. Бұл құжаттар еңбек мобильділігін дамытуға, сапалы инфрақұрылымды қалыптас­тыруға және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының жобасына да бірқатар нақты шара енгізілді. Енді мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясында олардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет.

Қарқынды демографиялық өсу әлеуеті зор мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ мұндай үрдістен туындайтын түйткілдерді де естен шығармауымыз керек. Салыстырмалы түрде алғанда, біз жас ұлтпыз. Елімізде халық санының үштен бірін жастар құрайды. Орташа жас деңгейі – 32 жас. Қазіргі таңда мемлекет бала тууды ынталандыруға арналған әлеуметтік міндеттемелерді жоспарлы түрде іске асырып келеді. Көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақылар мен арнайы жәрдемақылар да төленеді.

Президентіміздің тапсырмасы бойынша биыл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске аса бастады. Халық саны өскен сайын тиісті деңгейде орта және жоғары білім беру, сондай-ақ, медицина жүйесін дамыту қажет екені түсінікті. Уақыт өткен сайын біздің азаматтардың өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Бұл да оң үрдістердің бірі.

Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 1991 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 6,8 жылға артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 74,4 жасты құрады. Осындай өзгерістер еліміздегі зейнетақы жүйесіне, жалпы, әлеуметтік қамсыздандыру саласына да әсер ететіні анық.

Демографияға қатысты тағы бір маңызды үрдіс урбанизация екені белгілі. Ұлттық статистиканың мәліметтері бойынша қазірдің өзінде қала халқының үлесі 62 пайызға жеткен. Алайда Қазақстандағы урбанизация деңгейі жан басына шаққандағы кіріс көлемі ұқсас елдерден шамамен 10 пайызға қалып келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы орта мерзімді уақытта Орталық Азия өңірінде қала халқының өсуі жалғаса береді деп болжап отыр. Әрине, бұл үрдіс қалаларда жұмыспен қамтудың және баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етудің өзектілігін арттыра түседі. Сонымен қатар ауылдық аумақтарды да дамытуды ұмытпауымыз керек. Ауылдарда адам санын сақтап қалу да стратегиялық мақсат.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Шағын несиелердің арқасында ауылда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі де өте маңызды екені белгілі. Қазіргі таңда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда жекелеген өңірлерде қаражаттың уақытылы игерілмеу фактілері байқалады. Осыған байланысты Ұлттық жобаға, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына және өңірлік дамудың басқа да жоспарларына енгізілген іс-шаралардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет. Кейбір өңірлерде әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің сақталуын да сын-қатерлердің бірі ретінде атап өткен жөн.

Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек.

Сенатта қаралып жатқан Көші-­қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Сонымен қатар осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Сондай-ақ демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс.

Қазіргі таңда еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта проблемалар да жоқ емес. Жалпы, елдің теңгерімді демографиялық дамуы – бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы. Сондықтан осы жолда бәріміз бірлесіп, дәйекті түрде жұмыс істеуіміз керек.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Сенат төрағасы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button