Басты ақпаратДенсаулық

«Altyn shipager»



Елорданың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ерекше мазмұнда аталып өтті. Осы бір адам саулығы деген абзал іске айрықша үлесін қосып жүрген ақ желеңді абзал жандарды ұлықтайтын «ALTYN SHIPAGER» сыйлығы табыс етілді.

Мерекелік жиында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев құттықтау сөз сөйлеп, сахна төріне елорда денсаулық сақтау ісінің бастауында тұрған білікті дәрігерлерге құрметін көрсетті. С.Ақшолақов, М.Алшынбаев, А.Байгенжин, Н.Батпенов, В.Бенберин, М.Құлжанов, Қ.Омаров, Ю.Пя, Н.Петухова, М.Шайдаровқа «Медицинаға қосқан үлесі үшін» алғыс хатын берді.
Сонымен бірге, қала әкімі Астана қа­ласы Онкологиялық орталығының онколог-хирургы Әнуар Әбдікәрімовке, №1 қалалық ауруханадағы тамыр хирургия бөлімінің дәрігер-ангиохирургы Азамат Абдуллиновке, №1 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Аян Сүлейменовке, №2 балалар ауруханасының хирургиялық инфекциялар бөлімінің меңгерушісі ­Жұматай Макеновке, №2 қалалық балалар ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Олжан Байназаров және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанна Есқалиеваға пәтер кілтін тапсырды.

Адам саулығының бір тірегі дәрігерлерге арналған «ALTYN SHIPAGER» сыйлығы 12 аталым бойынша анықталыпты. Бас қаламыздың маңызды саласының даму динамикасына көз жіберсек, соңғы 20 жылда үлкен серпіліс болған. Астанада 20 мыңға жуық денсаулық сақшылары қызмет етеді. Осы жылдары 25-тен аса медициналық нысан салынып, 8 миллионға жуық ота жасалған екен. Күнде елордамыздағы емханаларда 8 500 тұрғын ем алады, 400-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылады, 120-ға жуық ауыр операция жасалып, жедел жәрдем қызметі күніне 1 500 шақыртуға қызмет көрсетеді. «Қазіргі күнде кей медициналық мекемелер 150 пайыз жүктемемен жұмыс жасауда. Қазақстандықтардың көпшілігі Астанаға келіп емделгісі келеді. Осы көрсеткіштің артында сіздердің маңдай тер еңбектеріңіз, мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз тұр» деген қала әкімі бұл саланың әлі де әлеуетін асыру міндетін алға тартты.

«ALTYN SHIPAGER» сыйлығы дәрігерлердің көпшілікке белгісіз күрделі жұмысының бір қырын танытқандай. Мысалы, №2 қалалық емхананың бас дәрігері Иван Ли «Денсаулық сақтау ісінің тиімді менеджері», №1 перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі Асылжан Ерекешов «Бірегей ота жасағаны үшін», Онкология орталығының бөлім меңгерушісі Дархан Ахмедин «Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін» аталымымен марапатталды.
Бұл сыйлық елорда дәрігер­лерінің еңбегін ұлықта­тып, қоғамдағы беделін асыруға ық­палы болары анық. Оларды адам жанының арашасы қызме­тіне ерекше ілтипатпен, асқан ыж­дағаттылықпен қарауға ын­­­та­лан­дырары хақ. Осындай мақсатпен тұсауын кескен ал­ғашқы кеште астаналық «Үздік дәрігер» анықталды. Қалалық №1 емханасының отоларингология орталығының жетекшісі Гүлмира Мұхамадиева ширек ғасыр бойына табан аудармай осы орталықта еткен үздік еңбегі үшін осы атаққа лайықты деп табылды.

Сәуле НҰРАШЕВА,
№2 қалалық балалар жұқпалы аурулары ауруханасының бас дәрігері:

– Астананың 20 жылдығында денсаулық сақтау саласында да орасан жұмыстар атқарылды. Өзім басшылық ететін аурухана туралы айтсам, ол қаладағы темір жол ауруханасының бір бөлімі ғана болып, кеңейе келе үлкен орталыққа айналды. 2015 жылы «100 аурухана мен 100 мектеп» бағдарламасына сай салынған жаңа ғимаратқа көштік. 250 науқасқа арналған жекедара бокстардан, заманауи құралдармен жабдықталған халықаралық талаптарға сай жұмысы жолға қойылған. Дертке шалдыққан сәбиге екі сағат ішінде барлық зерттеу-талдама қорытындысында клиникалық анализі бойынша диагнозын қоюға мүмкіндігіміз бар. Бұл – үлкен жетістік.

Даулетхан ЕСІМОВ,
Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының кеңесшісі, Медициналық ұйымдар альянсы қоғамдық ұйымының басшысы:

– Кең көлемде алғанда қызмет көрсету сапасы халықаралық деңгейге жетіп қалды. Оны медициналық туризмнің дамуымен байланыстыруға болады. Шетелдік азаматтар біздің орталықтарда ота жасатып, емделіп кетуде. Республикалық деңгейдегі Кардиологиялық, Нейрохирургиялық орталықтармен бірге №1, 2 қалалық ауруханалар базасы дүние жүзілік сапаға сай келеді. Осы ретте, әкімдіктің «ALTYN SHIPAGER» сыйлығын жариялап, дәрігерлерге ықылас көрсетуі ең алдымен олардың қызметіне алғысынан туындайды.

Гүлжайнат ӘБДЕШЕВА, №4 қалалық емхананың аға мейірбикесі:

– Біздің емхана Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүге­дектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға, Ауған соғысы мен Чернобыль апатына қатысушыларға қызмет етеді. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Оны емхананың барлық қызметкерлері жақсы түсініп, қызмет сапасын арт­тыруға мән береді. Жасы ұл­ғай­ған сайын ардагерлеріміз ерекше қам­қорлықты қажет етеді. Бұл ретте, дәрігерлерден бастап, қатардағы қара­пайым қызметкерлер үлкен ұжым­н­ың бір тетігіне айналып, ортақ мін­детке бір кісідей жұмылып кетеді. Өзара сенім мен дәрігерлер тарапынан ықылас қарттарымыздың көңілін сергек етіп, қауқар береді.
Біздің күнделікті еңбегіміздің нәти­жесін ұлықтап, арнайы сый-сияпат жасап, арамыздан үздігін сайлап жатқанымыз, әсіресе, мемле­кеттік медицина мекемелерінде ең­бек етіп жатқан мамандарды ынта­ландыруға ықпалы зор.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button