Басты ақпаратРуханият

Ана болған Алаштың баласына



Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың 25 жылдық мерейтойына арналған «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» республикалық мүшәйра жеңімпаздары анықталды. Ақындар аламанына еліміздің әр аймағынан белгілі жыр жүйріктері бастап, жас талапкерлер қостап 100-ден аса ақын қатысты.

Мүшәйраға түскен шығармалардың ішінде көлемді дастандар да болды. Конкурс шартында поэма болмағандықтан, бұл шығармалар қазылар алқасының талқысына ұсынылмады. Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қаласы филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, белгілі ақын Сұраған Рахметұлы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, журналист-публи­цист, ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев, ақын, әдебиет зерттеу­шісі-сыншы Ақеділ Тойшаң болды. Мүшәйра жүлдегерлерінің өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ бас жүлде

АСТАНАНЫҢ АСПАНЫ

Астананың аспаны…

Айдай ашық,

Көк пен жердің арасы аймаласып…

Сарыарқаның сағымы сайда адасып –

Көкжиектер барады қайда қашып?

 

Астананың аспаны…

Күндей жарық,

Ақ сәулесі көшеді бірге айналып.

Ілгеріге іркілмей керуен тартқан –

Түндері де кірпігін ілмейді анық.

 

Төбел бие сойдырып,

төске көшіп,

тербетейін деп едім кешке бесік.

Қараөткелден қара өлең өргізейін –

Есіл де, есіл Есілден ескек есіп.

 

Бұл жалғаннан іздейді ақын бақыт,

Жанындағы жалынын лапылдатып.

Бақтарының басына құс қондырам –

Ақпанының аязын сақылдатып.

 

Астананың аспаны…

ашық таңдай,

Өміріңнің өзенін тасытқандай.

тамырында тағдыры – тал-терегі –

қолтықтасып барады ғашықтардай.

 

Құстарының кернеген жыр көмейін,

Әуеніне құлақ сап үлгерейін.

Құртқа-күнді көгіңде күлімдетіп –

Бұлттарыңды ысырып бір көрейін.

 

Берекесі байтақтың белағаштан,

Көкейімде көнермес-көне дастан.

…Бас қаланың басына бақ байладым

Астананың аспаны – бөлек аспан!…

 

II

Апайтөсті Арқада арыстан бел, Астана,

Тағдырлары талайдың табысқан жер, Астана.

Хас сұлудың өрілген қос бұрымы секілді –

Есіл-Нұра егізім қауышқан жер, Астана.

 

Керуен тартқан күндерде шайқалмаған

қаймағы,

Бұл Астана – наркескен намысымның

қайрағы.

Бәйтеректің басынан желбірейді

қайтадан –

Абылайдың қолынан сусып кеткен

байрағы.

 

Көзайым боп көз тіккен жарты ғалам –

Астана,

Ақбозындай Алаштың арқыраған –

Астана.

Талайлардың ырысы асып-тасып Арнадан

Қабанбайдың қылышы жарқыраған,

Астана!

Ай нұрына қарасам айғақ кешкен,

Астана,

Бес қаруын бойына сайлап көшкен,

Астана.

Боталаған көзінің жасын сүртіп

желменен –

Сәкен ағам тар жолда тайғақ кешкен,

Астана.

 

Жұмабектей арысым Хақты ойлаған,

Астана,

Қазыналы Қанышым бақ байлаған,

Астана.

Есіл де есіл күндерде тоғайына Есілдің –

Ақан сері бабам кеп ат байлаған, Астана.

 

Ерке Есілдің жанары мөлдіреген, Астана,

Елдігімнің көк Туы желбіреген, Астана.

Тілегіне жұртымның тірек болып

жаралып –

Жүрегіме жатталған сол бір өлең, Астана!

 

III

Ағараңдап Анамның орамалы,

Ақ бұлттарға айналар одан әрі…

…Есіл-Нұра бойында еңку шалып

Жылқы айдадым түсімде көкалалы.

 

Толқындары тұнықта тұнған Ардай,

Сыңғыр қағып қояды сырғалардай.

…«Қараөткелдің бауыры қалың шұбар» –

Иманжүсіп жарықтық жырлағандай.

 

Керуенді күндердің дастанындай,

Қасиетті сәттер-ай,  қас-қағымдай.

Күн қаласы күлімдеп оянады –

Түн баласы жарқырап аспанында Ай.

 

Сағыныштың саздары – самалында,

Қара орманның киесі – қабағында.

Ен жайлаған Есілді елді көрдім –

Жалт-жұлт еткен жасыны жанарында.

 

Астана бұл!

Жаратқан Хақ-Тағалам,

Байтағына басынан бақ қараған.

…Көз қадайды ақ бұлттың арасынан –

Ақ орамал тағып ап әппақ Анам.

 

Көңілімнің көктемгі құсы ма едің,

Беу, Астана! жаныңды түсінемін.

Ана болдың Алаштың баласына –

Араласып кеткелі түсім, өңім…

 

 

АРМАН ШЕРИЗАТ І орын

АЗАТТЫҚ МҰНАРАСЫ

Аспаны Астананың ашық қандай,

Шабытты кеудемдегі тасытқандай.

Еліме еміреніп қарап тұрмын,

Желіне Сарыарқаның тосып маңдай.

 

Ақпанның бұзып-жарып ақ түнегін,

Аз жылда санатқа еніп, сап түзедің.

Құт болған қазағыма арман Есіл,

Жанымның жағаңа кеп таптым емін.

 

Сайын бел құлпыртпасақ сар даланы,

Аңсаған азаттықтың бар ма мәні?

Аумағы ат шаптырым елордама,

Әлемнің сыйып кеткен бар ғажабы.

 

Тұлпардай көсілмесек кең тыныстап,

Көгіңде қыран қалай еркін ұшпақ.

Барасың елді бастап болашаққа,

Семсердей бабалардың сертін ұстап.

 

Төріңе келіп алғаш басқан қадам,

Көзінен қариялар жас парлаған.

Көшеңде Арыстардың есімі тұр,

Халқымның рухысың аспандаған.

 

Осынау жұмақ мекен жерде жұмыр,

Өткізсем арманым жоқ сенде ғұмыр.

Дәл мендей қадіріңе жете алмайды,

Қаққандар алшаң басып кеудені құр.

 

Беріліп бейбіт күннің сыбағасы,

Бекіген бостандықтың бұғанасы.

Әлемге биігінен көз тастаған,

Астана – азаттықтың мұнарасы.

 

БАУЫРЖАН БАБАЖАНҰЛЫ ІІ орын

ТӘУЕЛСІЗДІК КӨШЕСІНІҢ ТҰРҒЫНЫ

Бір күнінен айнымайтын бір күні,

Жап-жас көше сыпырушы – ол, үлгілі.

Басыбайлы пәтері жоқ демесең,

«Тәуелсіздік» көшесінің тұрғыны.

 

Тұрмысы әлі жатса-дағы келіспей,

Астанаға кеп қалғаны – жеңістей.

«Тәуелсіздік» көшесіне түкірген

Шенділерді ұнатпайды ол іштей.

 

Күйттегені – жаздың қамы, қыс қамы,

Жо-жоқ, батыр аулақ ойдан ұшқары –

Күл-қоқыстан арылса екен Астана,

Содан кейін күллі Қазақстаны…

 

Одан басқа жоқ болғасын сенері,

Отанына қолдан келер көмегі –

Астанасын, сосын байтақ даласын

Сыпыртқы алып, тазартқысы келеді.

 

Өзгелерге кетіп жатқан есесін

Түгендесе әкеп әке-шешесін,

Елордаға мықтап қағып қазығын

Жарқыратып «Тәуелсіздік» көшесін.

 

Бетіне айтып, келмесе де дұшпан боп,

Біледі анық, айналада іштар көп.

Шырт ұйқыдан оянады кей түні:

«Менің елім!», «Біздің Қазақстан…» деп.

 

Тұрмысы әлі жатса-дағы келіспей,

Астанаға кеп қалғаны – жеңістей.

«Тәуелсіздік» көшесіне түкірген

Бай-бағыланды ұнатпайды ол іштей.

 

Ұлы қазақ даласына мұрагер

Сезінгесін қамықпайды сірә да, ер.

Жалаңаяқ. Айбынды Астанасының

«Тәуелсіздік» көшесінде тұрады ол…

 

МҰРАТ ШАЙМАРАНҰЛЫ ІІ орын

ТОПЫРАҚ (БАЛЛАДА)

Әжеңіз сексен беске жасы келген:

«Қызығым жетер, – дейді, – осы көрген».

Ұршығы шыр айналып…

Шуда түтіп,

Бұрымдап немеренің шашын өрген.

 

Таң қалам көрген сайын «бәлі..!» деп мен,

Мейірі жұпар атқан әлі көктем.

Былтыр күз қаз қанатын қаққан шақта,

Оралмас бір сапарға шалы кеткен.

 

Есінде өткен өмір мол кешуі,

Осы әжең – ағыл-тегіл, көл-көсірің.

Маздап бір жылу шашып отыр аман,

Ырысты ошағындай кенжесінің.

 

Ақ боз үй ұлан-асыр көңілді бек,

Ешкімге көрсетпейді өңін жүдеп.

Құрсағын жарып шыққан төртеу түгел,

Қыз – самал,

Ұл – арыстан,

Келін – жібек.

 

Жаяды ана құстай кең қанатын,

Көзінде тектіліктің жанған оты.

Жетпіс жыл бұл босаға келіні боп,

Жетпіс жыл келді әулеттің тергеп атын.

 

…Ерке өзен,

Масайраған маусым айы,

Жағада шулар топ боп жаршы қайың.

Кенжесі келді барып қала жаққа

Бітірген бір шаруаны бар сыңайы:

 

«Айтарсың өзің кіріп әр отауға,

Бұл өзі – ұрпақ үшін дара талғам!

Бұл мекен енді бізге…

Қайдам бірақ…

Көшеміз! – деді, – алысқа – Сарыарқаға»

 

«Қайсы арқа..? Қаратау ма?

Алшақ іргең,

Әй, балам, көп қозғама!

Шаршадым мен…

Есіме түсіп отыр… Әкең марқұм,

Сол таудан насыбайға арша ап жүрген…»

 

Шоқыға құлап барып күн ілінді,

Мырс етіп аңқау сөзге ұлы күлді:

«Сарыарқа – Атамекен, Астанаң ғой,

Сонда өткіз енді қалған ғұмырыңды..!»

***

Көзінде мөлтіл қағып тәмәм көлі,

Әжеден маза кеткен содан бері.

Қарайып дөң басында жүріп алды,

(әйтпесе ол сабырсыздау адам ба еді.)

 

Дөң басы – ата зират, қорым ескі,

Ғасырлап әруақ шулап, пері көшті…

Алшындап алмағайып тірлік өніп,

Аспаннан жұлдыз ағып, өмір өшті.

 

Үстінен жасыл бояу шалқи ағып,

Жоталар – аңқау бала… аңқияды,

Сүрлеулер – тарам-тарам тарихындай,

Тұлпардың дүбірлеткен сан тұяғы.

 

«Әлі де болмадың, – деп, – бізді ұғынып»,

Қыр гүлі назданады жүз құбылып,

Бел асқан сағымдардың арасында,

Жүргендей бұлаң қағып қыз ғұмыры.

 

Кеміріп жатқандайын сүйегін құрт,

Бір күдік анталайды жиі емініп.

Көзіне көлденеңдеп тұрып алды,

Аттаған келін болып киелі жұрт…

 

Түн жапты, ай қараңғы, жұлдыз жарық,

Жанады ауыл оты мың қозданып.

Күрсінді көкірегін қарс айырып,

Орқашар қалды орнынан бір қозғалып.

 

Салса да сан сағыныш, сан уайымға,

Сезінбеу қасиетін қандай күнә.

Шымшымдап шым астынан топырақты

Алды да басты әжеңіз маңдайына.

 

Тірліктің оралмасын жолы қайтып,

Сезсе де иланбайды көңіл-ай түк.

Мөлтілдеп бетегеге тамған жасы,

Бергендей жан сырының бәрін айтып…

 

Күн сүйіп секі шоқы иықтарын,

Бал бұлақ таңның бастар сүйікті әнін.

«Тәуекел! Біз көшеміз…» деді әжеңіз

Ертесі ұлдарының жиып бәрін.

 

«Жер шалғай, асты да емес ана қырдың,

Қамы бұл жас өркен мен жаман ұлдың…

Азағантай бұйымтайым – туған жердің

Бір уыс топырағын ала жүргін..!»

 

Күзеткен жаны шерлі жадау елді,

Өткенге тек обалар ғана белгі.

Қайран баба даласы қақ бөлінген,

Бүк түсіп бір күрсініп қала берді…

 

***

Жетті әжең Сарыарқаның төсіне кеп,

Басынан сан ғажапты кешіп әлек.

Таңырқап жақұт сынды жас қалаға,

Жер ұйық Асан айтқан осы ма деп.

 

Ұмытып өткен күнді нарауы көп,

Бір шаттық ішті кернеп жанады үдеп.

Қарайды самалдықтан

Желбіреген

Көк туды аймалайды Ана – жүрек.

 

«Болса да бір аңсауым көңілде алаң,

Сыйлапты-ау ырыздығын өмір маған…»

Құшақтап немересін сыбырлайды:

«Бұл енді сенің елің, сенің қалаң!»

 

Қалған ел аждағаның азуында,

Жаутаңдар шып-шып толып көзі мұңға.

…Көрінер Астанаңыз әжеңізге

Қазақтың сөнбес темірқазығындай…

 

***

Тыңдатып соңғы өмірдің күйі бақыт,

Бөбегін көңілінің жиі уатып,

Көз жұмды ол туған жұртын ойлай-ойлай,

Көз жұмды ол Астанасын сүйіп жатып.

 

Арқаның қайыстырып атырабын,

Жерлеуге алып бардық нөпір… ағын.

Басына жастады ұлы Орқашардан

Ап келген туған жердің топырағын.

 

Топырақ!

Аманаттай қалған маған,

Сан үміт сайда жатыр жалғанбаған.

Біз кеттік…

Бір төмпешік көтерілді,

Аңсаған, әлде нені армандаған.

 

Елордам!

Бізді жебер күшің де ерек,

Мен үшін дәрпің биік, түсің бөлек!

Кейуана жастанған сол топырақты,

Көремін бұл күндері түсімде көп.

 

Уа, Есіл!

Шалқып аққан масаңдана,

Көзімнің сан бұлағын қос арнаңа!

Дерттенем, ұлы Қазақ топырағы,

Бір-бірін табады деп қашан ғана..?

 

ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ ІІІ орын

АЙБАРЫМ ДА АЙБЫНЫМ!

Арайға бөгіп сөгілген,

Алтыннан шапақ төгілген,

Тәтті бір күй боп өрілген,

Ертеңім күліп көрінген,

Таңдарың да менікі!

 

Тамырдай бүлк-бүлк тулайтын,

Сансыз мың саңлақ зулайтын,

Жүргенде көңіл қунайтын,

Арманның алдын бумайтын,

Жолдарың да менікі!

 

Жаныма шуақ, сепкен нұр,

Ырыс пен байлық төккен кіл.

Жиегі тола шөккен жыр,

Күміс күмбездей көк теңбіл,

Аспаның да менікі!

 

Биеден жаңа сауғандай,

Иісі жұпар саумалдай,

Сазы мен сәні армандай

Су емес, шаттық жауғандай –

Жаңбырың да менікі.

 

«Кәрі құда» келсе («көрмейтін»),

Айдағаныма «көн» дейтін,

Кедей мен бай деп бөлмейтін,

Өз сөзін ғана «жөн» дейтін –

Аязың да менікі.

 

Шағала құсы шаңқылдап,

Қаз-үйректері қаңқылдап,

Күліп бір аққан жарқылдап,

Тынып бір жатқан салқындап

Есілің де менікі!

 

Аспанмен сеңгір таласқан,

Оздырған даңқын Алаштан,

Жапырақ-гүлін жаңа ашқан,

Мәні мен сәні жарасқан –

Бәйтерегің де менікі!

 

Алаштың жаны, жүрегі,

Қазақтың ары, тілегі,

Елімнің асқақ тірегі,

Ақылы, қайрат, білегі –

Ақордаң да менікі.

 

Көк туды көкке ілгізген,

Ғаламға құлақ түргізген,

Заманға пырақ мінгізген

Түндері бірдей күндізбен –

Бұл АСТАНА менікі!

 

Астанам менің, айбыным,

Мақтаным, дарқан айдыным.

Тәу етер Мекке-Мәдинам,

Бақытым, барым, байлығым!

 

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА ІІІ орын

АСТАНА. БАСТАУ

…города начинались по-разному…

…қайсыбір шежіре,

қайсыбір жазбада…

Бір қала қирады –

сүрді өмір аз ғана…

Бір қала қан болды,

Бірінде жер кем-ді,

Біріне жан толды…

Ал, бірі өртенді…

 

Париж бе, Лондон ба?

Рим бе?

Бұқара?

Сөйлейді суреттер,

мүжілген мұқаба…

 

Бірінің кірпіші,

бірінің түр-түсі…

дәуірлік дәлдікпен

сомдалған сырт-іші…

 

Қалалар – тағдырлар!

Қалалар – сан мұндар!

Кімдерден қалдың жар…

Кімдерге болдың зар?…

 

Ал, менің қалам ше? –

қаланған арманнан –

Есілдің бойында

ескірмей қалған заң…

 

Естіден ерте өткен,

сылқымнан серт еткен –

мың өлген жұртымның

көзінде мөлт еткен…

 

Ғасырлық езгіден,

Нәсілдік безгіден

босаған Отау – бұл!

босанған Отан – бұл!

 

Мәрмәр тас емес бұл –

көз тартқан алыстан!

Абайдай кеңес тұр

мыңменен алысқан!

 

Субұрқақ, гүлзарлар…

Көрем деп келме, сен!

Кеудемде мұң-зар бар

өшпейтін өлмесем…

 

Бұл қала басталған –

«Алаш» боп, Отан деп!

Жарқ еткен қылыштан –

басы жоқ Махамбет!

 

Бұл қала басталған –

сүйрелген бұрымнан…

түйрелген найзадан!

Аштықтан!

Қырылған…

 

Бұл қала басталған –

Тоқсаннан дүр еткен!

Қажымұқан – білектен!

Жүректен дір еткен…

 

Келме, сен қалама,

сауықшыл кеш іздеп.

Қауіпшіл жүрек бар –

Кешегі есімде от…

 

Мақтанбас қала бұл –

тауымен, тасымен.

Қаланған қыштары

көзінің жасымен…

 

Қаланған қала бұл –

ақырғы Төзімнен,

ең соңғы Үміттен –

жалт еткен көзімнен…

 

Кім білер, шаһардың

қанша өмір сүрерін…

Әйтеуір, сонда тұр –

Тағдырым, жүрегім!

 

Жанымнан жас тама,

мың қауіп сезем кей…

Өлмейді Астана,

Қазақтың өзі өлмей…

 

Жарқ еткен қала – бұл

Тарихтан жаңғырып…

Тарихы бар елдің

Төрі де – Мәңгілік!

 

ӘБДІҒАНИ БӘЗІЛХАНҰЛЫ ІІІ орын

АСТАНАНЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ

Бұл жылы!

Сайрасын бақтардың бұлбұлы,

Жайнасын құлпырып қыр гүлі.

Шашылсын шаттықтың шашуы,

Ашылсын ойлардың түндігі…

 

Бұл жылы!

Бүлкілдеп бұлақтың сыңғыры,

Үлпілдек құрақтың сыбдыры.

Шаттыққа бөлесін қаламды,

Шалқыған күйлердің күмбірі.

 

Бұл жылы!

Бәйгеде көсіліп дүлдүлі,

Есілдің есіліп сырлы үні.

Думанын асырсын өзгеден,

Еуразия кіндігі.

 

Бұл – бақыт!

Жас толы жанарды құрғатып,

Жаралы жүректі тулатып.

Үзілген үміттің өтеуі –

«Алаш!» – деп, соңғы рет тіл қатып!

 

Бұл үнмен!

Үздігіп сан рет түңілген,

Құсадан қураған түріммен.

Қол жеткен бақытым – Астанам,

Мың өліп, мың рет тірілген!

 

Бұл сенім!

Жарытып жаумаған бұлт едің,

Жасымды әреңге іркемін.

Көк туым шаң қонса бойыңа,

Жанымның қанымен сүртемін.

 

Бұл думан!

Дүбірі қанымды қыздырған,

Дабылым даланы тұндырған.

Арқаға Астана тұрғызған –

Бұл күнім қадірлі мың жылдан!

 

Бұл жылы!

Тәуелсіз күндердің тірлігі,

Тәнті еткен әлемді бірлігі.

Үркердей Қазағым биік тұр,

Үзілген бодандық шынжыры!

 

БАҒДАТ МҮБӘРАК ынталандыру сыйлығы

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ

Дала да болған, қала да болған,

Ғұндардың ғазиз өлкесі,

Айналдым сенен Ақала ордам,

Егемен елдің еңсесі.

 

Қиял-ғажайып шәрбат қаласың,

Өркениеттің көшінде –

Адамзат көзін арбап барасың,

Арқаның апайтөсінде.

 

Даңқыңды әлі көпке асырарсың,

Тұла бойына сыр тұнған.

Шырмауық құсап көкке асығасың,

Күн түссе болды құлпырған.

 

Құстар да саған сұңқылдап келед,

Қоғалы көлге тамсанған.

Бораның сенің бұрқылдап сөйлеп,

Самалың сазды ән салған.

 

Ырғалған орман – қайың-қарағай,

Оқалы шапан жапқандай.

Сарыарқа салқар сайын далам-ай,

Алтыннан жүзік таққандай.

 

Сусылдап төніп қаз қонады екен,

Сайраған бұлбұл айналаң.

Самсаған жұлдыз мәз болар ма екен,

Өзін көргендей айнадан.

 

Ұлы даламның арда жүрегі,

Ғасырлар аунап жанған бақ.

Бабамның кеше арманы еді,

Балам жүр бүгін армандап.

 

Жағаға малып түннің етегін,

Сымбаты – сұлу мүсіннің.

Есіл дүние сырғып өтерін,

Есілге қарап түсіндім.

 

Қылықты қыз бен бөрікті бала,

Қауышып, сырлас іңірде.

Аспан астында көрікті қала,

Астана болар түбінде!

 

ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМҰЛЫ ынталандыру сыйлығы

СЫБЫЗҒЫ САРЫН

Аңызым – Алтай!

Қазығым – Арқа, Астана!

Тағдырым солай жазылған сынды тақтаға.

Ақынша жүрсем айналам рух, тарих,

Пенде боп қалсам табаны мұздай тас қала.

 

Табаны мұздай тас қалада өмір сүре алман,

Ойлаған жанға онсыз да суық бұ жалған.

Асан – қазаққа – Астана – жердің ұйығы,

Тұс-тұстан келіп тоғысып кеткен мың арман.

 

Сан ғасырлардан Сарыарқа сары бел екен,

Бектері – берен, белдегі қалың ел екен.

Сарыарқа десем, Сарыдала десем санама,

«Сағыныш» деген сөз келе беред, неге екен?

 

Аңыз боп кеткен сағыныш па екен жұрт айтып,

Жолаушы жеткен зарығып изен исі аңқып.

Аттың бауырын сарғайтып көшкен сағымы,

Сыбызғысымен «Сарыбел» деген күй тартып.

 

Арқадан талай ел ауған жанға қайы алып,

Оралған талай қазығына алтын байланып.

Тағдырлы жұрттың тағындай болған сол дала,

Шам, Мысырлардай шаһарға кетті айналып.

 

Қасиет қонған байырғы мекен зады ұлы,

Сол үшін мәңгі қазаққа қымбат қадірі!

Әзелгі шақтан әзірге жеткен Астана,

Бозоқтан тартып Ботайға кеткен тамыры.

 

«Ақтабаныңда» бос тайлақ боздап көшке ерер,

«Алқакөліңде» аңырап қайда көшпеді ел!

Арқаның төсін астана қылды бұл күнде,

Өлмеген үміт, ақталған арман, өскен ел!

 

Есемдей қайтқан, еңсесі биік Алашым!

Есіл мен Нұра – емдейді жанның жарасын.

Сыңсыған желден сыбызғы үні шыққандай,

Тұрғандай тербеп Алтай мен Арқа арасын.

 

БАҚЫТЖАН РАИСОВА ынталандыру сыйлығы

АҚ КЕМЕ

Астанам!

Арманның аппақ кемесіндейсің,

Өресіндейсің ғасырдың.

Елорда болсаң, төресіндейсің

Гауһарын шашқан асылдың.

 

Болашаққа алыс жүзіп барасың,

Дария-дала толқыған.

Бәйтерегіңнің шамын жағасың

Ұлы үміт күткен халқынан.

 

Хан Шатыр мынау-көненің дүрі,

Желкенін шаттық кернеген,

Оңынан – Айы, солынан – Күні

Бағытын жатқа бермеген.

 

Әділет, шындық, парасат тірі,

Төбеңде Ту боп шалқысын.

Аспани Рухтың ғажайып күйі

Әлемнің жүзін шарпысын.

 

Кемелдік жүзген кемені көріп,

Қол соқсын сонда ну ғалам.

Толқынды жарған келелі көрік

Шағалалары шулаған.

 

Қайырым дейді халықтың атын,

Халықпен ғана бүтінсің.

Жағаға сені алып шығатын

Мейірге толы мұхитың.

 

Болжалдап айтып, бал аштырмайтын

Ұлы даланың саздары,

Тұманда сені адастырмайтын

Мәңгілік Елдің маздағы.

 

ШЫРЫН ТОЛҚЫНОВА ынталандыру сыйлығы

ЕСКЕРТКІШ

Бұл бір жайт еді кетпей жүрген естегі,

Әдеттегі серуен еді кештегі.

«Біздің көше неге Кенесары деп

аталады?» – деді ұлым бестегі.

 

Білгісі кеп батыр баба есімін,

Қағып тұр ғой өткен тарих есігін.

Есіл ерді еске алғанға елеңдеп,

Тыншымастан толқып жатты Есілім.

 

Кенесары деймін батыр бабамыз,

Мына өзен, мына әсем қаламыз.

Аталардың ерлігінің арқасы,

Тыныштықтан мүлгіп тұрса даламыз.

 

Тегі батыр бес қаруын асынған,

Кенесары ер боп өскен жасынан.

Атасы оның атақты хан Абылай,

Ал әкесі қасқа жолды Қасым хан.

 

Арыстардың арманы еді азат күн,

Отан үшін отын кешкен тозақтың.

Жау қолында кеткен басы батырдың,

Қайтпай қалған қазынасы қазақтың.

 

Қайтпас қайсар қолбасшы екен айбарлы,

Алаш рухы байрағына байланды.

Бостандық деп бас көтерген Ақмола,

Азат, асқақ Астанаға айналды.

Бізге аманат ертеңі мен кешесі,

Өткен күннің өтеуі бар есесі.

Арыстардың, Астананың тарихын,

Айтып тұрған жоқ па әрбір көшесі.

 

Ұмытпайық ер бабаның ерлігін,

Ұлықтайық дана көрегендігін.

Ардан қымбат, рухынан биік қойды олар,

Ертеңі сендей елінің егемендігін.

 

Бірдеңені ұққан болды-ау түйсініп,

Ескерткішке құстай ұшты құлшынып.

«Мен де батыр болам» дейді күбірлеп,

Тас мүсінге қарап қойып сүйсініп.

 

Бабалар биік ұлты үшін ұлы ісімен,

Мәңгілік тағзым етемін осы үшін мен.

Көз ілмей әлі күзетіп тұрған секілді,

Егемен елін еңселі ескерткішімен.

 

НАЗГҮЛ БЕРДІҚОЖА ынталандыру сыйлығы

ЗАҢҒАРЛАРЫН ЗҮБӘРЖАТПЕН ҚАЛАҒАН…

Қаршығасын қиянда ілер құмай түн

Қиялымнан қашап жырлар құлайтын

*Қан базары қайнап* жатқан мекенім

Жаратқаннан бір таупиық сұрайтын

 

Сол бір мекен қолдан құйып құмыра

Сәуле шашып тұр бүгінде шұғыла

Күннен күнге зәулім көкпен таласып

Тотыдайын түрленеді құбыла

 

Күн күлімдеп алтын бүркіп көгіңнен

Алтынкүрек жел еседі төріңнен

Алтын қала көрдім бір сәт апталған…

Жады Жәмшит кесесінен көрінген

 

Үміті зор, абат қала,үр қала

Үлбіретіп зәулім үйлер тұрғаны ә?..

Жақұт төкті жағалауы Есілдің

Жүзігіндей Сүлейменнің нұрлана

 

Аспан түстес жұлдыз-қала пішінде

қолдан соққан құрыш қолдар күшінде

Көз қарытып желдей есед бұл қала

Боз шымылдық бозғылт тұман ішінде

 

Барыс болып қиындықты қарсы алдың

Астана деп бар әлемге жар салдың

Зәмзәм суы секілденіп жұтынып

Келбетіңе күннен күнге тамсандым

 

Жасыл желек жайған қолдан жарқын бақ

Кей кездері санам ойдан салқындап…

Жап жас қала сусып кетпе табаннан

Қызыл көпір қыл арқандай қалтылдап…

 

Бұл Астана – Алты Алаштың көрмесі

Жыршылардың жырлап төккен термесі

Ескі елдің еңсесіндей көтерген

Ескі жырдың қайталанбас көмбесі.

 

Ханың – шатыр, бәйтерегің құмыра

Ескі Мысыр күйген басы шыныға…

Кафелония аралындай Есілге

Шабыт қоссам деп барамын жырыма

 

Ауасында иісі жұпар алхоры

Бір тұңғиық тылсым сезім бар толы

Сол жағалау көшелері ғажайып –

Әр этажда Веронаның балконы

 

Ерлерің бар дара туған абадан

Аузына бүкіл әлем қараған

Зәузәтыма бәсіре боп қалсын деп

Заңғарларын зүбәржатпен қалаған

 

Орын алған оймақтай жыр төрден көп…

Өзге ұлтқа көрсететін көрмең боп

Ғимараттар көк тіреп тұр айсердей

Көк сүңгінің ұшындай боп көлбеңдеп

 

Сұлулыққа сүйкеп сия-жыр үміт

Дұшпандардың белі төмен бүгіліп

Айдан арман, күннен жылу – Астана

Аспаннан ап қашай салған зүміріт

 

О, Астанам, орда бұзар – түр тұлғаң

Мәңгі жаса айырылмай ғұрпыңнан

Қанаттының жер бетінде ізі жоқ…

Қырандай бол биікке тек ұмтылған

 

Хор қызындай үрімі бар үр қалам

Пүлішіңді сырмен қаптап сылаған

Атыңа сай қала болып қала бер

Ұлы дала ұзандары жырлаған.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button