Елорда тынысы

Аналар форумы – ұрпақтар сабақтастығы



Астана қаласының Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармония залында «Ақылды қария – ағынды дария» атты қалалық бірінші аналар форумы өтті.

Залға жиналғандардың басым бөлігі, алдын ала хабарланғанындай, ұлттық киіммен келіпті. Кең етек көйлектер мен зерлі шапан, бешпент, қамзол үлкенге де, жасқа да керемет жарасып тұр. Әсіресе, төрге жайғасқан кимешекті аналарды көргенде, Мұқағали ақынның «Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, Ақ кимешек астынан сені көрем» деген жыр жолдарымен бірге ақылгөй әжеміз еріксіз еске түсті. Залдың бір шетіндегі қолөнершілер көрмесінде халқымыздың ұлттық бұйымдары, қолдан жасалған сырмақ, тақия, көрпе-жастық, кілемшелермен бірге сәнді әшекейлер самсап тұр. Көздің жауын алады.

Қариясын құрметтеп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген қазақ аналары мен әкелердің басын қосқан бұл жолғы жиынға журналист-тарихшы, мемлекеттік Қабанбай батыр атындағы пантеонның директоры Камал Әбдірахман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов, Астана қаласының Балалар құқығы жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, театр режиссері Асхат Маемиров, «Тегіңді білген тектілік» халықаралық қоғамдық қорының төрайымы Сәуле Желдібаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Света Айтбаева, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов және т.б. қатысты. Іс-шара аясында құрметті қонақтар алдымен Маркиза Базарбаеваның «Мені сені сүйем, өмір» кітабы мен «Ақ кимешек – киелім» аналары дайындаған «Бала тәрбиесі», «Салт-дәстүр», «Ұлттық тағамдар» жиынтықтарының салтанатты тұсаукесер рәсімін өткізді.

Осы іс-шараны ұйымдастырушы, «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының төрайымы Арайлым Рахымқызының айтуынша, «Ақ кимешекті – киелім» аналар жобасы осыдан бір жыл бұрын ұрпақ тәрбиесін ұлықтай отырып, аузы дуалы ақсақалдар мен көпті көрген көнекөздердің даналығы арқылы жалғастыру мақсатында басталған екен.

– Қазіргі таңда бала тәрбиесі – бас­ты проблема. Қазақтың салт-дәстүрін күнделікті тұрмысымызда насихаттау мақсатымен әр өңірден жиналған 100-ге жуық апаның басын қосып, былтыр осы жобаны бастаған болатынбыз. Олардың көбі – кезінде ұстаздық еткен ұлағатты жандар. Бір жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. 12 әжейден құрылған хорымыз, бес-алты қолөнершіміз бар. Мәселен, Айдынгүл апаймыз жұбайы қолдан жасап берген шағын аспаппен кілем тоқуды дәріптесе, Тұрар апайымыз бисермен әшекей бұйымдар жасайды. Жарық көрген жаңа кітаптардың авторы да – апалардың өздері, – деді Арайлым Рахымқызы.

Сенатор Амангелді Ғабдылкәрімұлы бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі саналатын бала тәрбиесіне барынша назар аударылып отырғанын атап өтті.

– Еліміздегі ұрпақ тәрбиесіне Мемлекет басшысы да ерекше көңіл бөліп келеді. Зере әжеміздің тәрбиесін алған Абай секілді, қазіргі жас буынға қариялардың қазақы тәлім-тәрбиесі керек-ақ. «Қарты бар ел – қазыналы ел». Біздің кез келген бастамамызды қолдап отыратын баталы қарттарымыз аман болсын. Белсенді әжелеріміз келешекте білім ордаларымен байланысты жалғастырады деген сенімдемін. Кимешекті аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі ауыр да абыройлы ісіне сәттілік тілеймін, – деді депутат.

Бүгінгідей жаҺандық даму дәуірінде жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіру оңай емес. Бұл ретте жиынға қатысушылар тарихымызға үңіліп, салт-дәстүрімізді сақтап, қанымызға сіңген қазақы тәрбиеден аластамауды алға тартты. Өйткені өкінішке қарай, қазір ертегі айтатын әжелер, ақылы дария ақсақалдар мен сөзі семсер қариялар азайып бара жатыр. Бұл туралы Камал ағаның айтары аз емес екен.

– Осыдан үш күн бұрын форумда сөйлейтін сөзімді реттеп, ойластырып қойып едім. Бірақ, кешегі әлеуметтік желіде жарияланған Қазыбек Исаның бір ғана жазбасы неше күнгі жинақтап, сараптап айтсам деген ойымды ысырып, басқа бір ойды бірінші орынға шығарды. Әр сөзіне жауап беретін Парламент депутаты былай деді: «Бүгінгі қарттар үйіндегі ақсақалдардың 99 пайызының балалары немесе келіндері орысша оқыған, бәлкім, келіндері басқа ұлттың өкілдері». Қатты ойланып қалдым. Себебі қарттардың өздері одан кейін ролик жіберді. Олардың көбі орыс тілінде сөйледі. Демек, өздері орысша тәрбиеленген. Сонда бұлар кімге ренжіп отыр? «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді». Сабақтастық деген – осы. Апаның кимешегін көрмеген, көйлегінің етегіне оралып өспеген балалар пайда болды. Біз – аталарымыздың саптама етігіне басымызды қойып ер жеткен ұрпақпыз. Сондықтан ұлттық идеология­мыздың басында ұлттық мүдде тұруы керек. Мен мына ақ кимешек киген аналарды көргенде риза боламын. Олар немере-шөберелерінің тәрбиесімен айналысып, солармен бірге жасарып жүр. Салт-дәстүрге қанығып өскен ұрпақ қана өзінің жарқын болашағына қол жеткізіп, қуатты елдердің қатарына қосыла алады. Ұрпақ тәрбиесі тек әке мен ананың ғана емес, ата мен әженің мойнында болса, бесігіміз тез түзеледі, – деді Камал Әбдірахман.

Қолөнерші Тұрсын Ғибратқызы форумға өзі жасаған әшекей бұйымдарын ала келіпті.

– Қазақ қызды сұлулықтың символы деп қадір тұтқан. Аяулысын көздің қарашығындай сақтаған. Сол дәстүрді жалғастыра отырып, аналар мен аруларды тіл-көзден, пәле-жәледен сақтасын деген ниетпен әрқайсысын ізгі тілекпен «біссмілләмды» айта отырып, моншақ, қымбат тастардан тігіп жасаймын. Бұл – оңай жұмыс емес, аса шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді. Қыздарының бойына осындай қасиеттерді қайтару мақсатымен бүгінгі бойжеткендер мен мектеп жасындағы жеткіншектерді осы өнерге баулып келемін, – деді апа.

Осылайша, жиынға қатысушылардың әрқайсысы ұрпақ тәрбиесіне өзінше үлес қосуда. Жоба авторы алдағы уақытта мектептермен байланысты нығайтып, телеарналарда бірнеше жоба дайындап жатқанын, қысқасы, отбасындағы әкенің ролін арттырып, қыздарға балабақша, мектеп жасынан салт-дәстүр негізінде тәрбие беруді жалғастыратынын жеткізді.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button