ӘлеуметБасты ақпарат

Үміт аналар үйіне апарады

Қазіргі қоғамды тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі айрықша алаң­датады. Бұған соңғы 3 айда елімізде осы бағыттағы заң бұзушылықтың 4 есе көбейгені дәлел. Астанада, өңірлерде зорлық көрген қыз-келіншектер паналайтын, жергілікті әкімдік қолдайтын дағдарыс орталық­тары жұмыс істейді. Соның бірі – елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы. Фототілшіміз Сұлтан СЕЙІТПЕН бірге орталыққа барып, аналармен тілдесіп, мамандармен кездесіп, көп жайтты аңғардық.

Психолог – жан дүние дәрігері

Орталықтағы негізгі маманның бірі – психолог Толқын Мәкенова жұмысының оңай емес, бірақ жауапты екенін айтады.

– Әйелдер бізге әртүрлі болып келеді, эмоциясын да сыртқа әрқалай шығарады. Біреулер бала кезінен іштей жарақат алғандықтан, ішкі сезімін, ойын өзгелерге дұрыс жеткізе алмайды, я болмаса айтуға қорқады. Олар көбіне ойын айта алмай, мақсатын ашуы мен сезімі жеңіп кететін кездері жиі болады. Олар өз ойымен емес, басқа біреу қалыптастырған бағдарламамен әрекет етеді, содан өзін жоғалтып алады да, түрлі жағдайға тап болады.Біз келгенде ең әуелі эмоциясын шығаруға көмектесеміз, ішкі арпалысы сыртқа шыққан соң олар жеңілдеп, өзінің физикалық, моральдық жағынан жіберген кемшілігін түсініп, ойын нақтылап, мақсатын айқындай бастайды. Сосын негізгі ісіміз – терапия­ға көше бастаймыз. Жалпы ананың балаға, баланың анаға көңіл бөлуі, ықылас-ниеті көп жағдайда адамдар арасындағы түсінушілікке, ынтымаққа алып келеді, көп проблеманы шеше алады, – дейді психолог маман Толқын Есімқызы.

Зәбір көрген әйелдер

– Жасым 50-ден асты, тұрмысқа шыққалы 25 жылдан бері ерімнен таяқ жеумен келемін. 4 балам бар, 2 қызым үйде тыныштық болмаған соң ертерек тұрмыс құрып кетті, 2 ұлым өзіммен бірге, екеуі де оқушы, біреуі – мүгедек. Арақтың кесірінен балам науқас болды, өзімнің де денсаулығым жоқ, ауырмайтын жерім қалмады. Үйсіз-күйсіз жүрсек те, күйеуім арақ ішуін, мені тоқпақтауын қоймады. Бала-шағамды сүйретіп, қашып-пысып, бітпеген үйлерде қаңғып талай қиын күнді өткердім, үлкен кісілер, екі жақтың жасы үлкендері «ұят болады, қояр» деп айтумен келді, менің де үмітпен көз жасым көл болды, бірақ күйеуім ішкенін тоқтатпады. Өзі – көлік жүргізуші, бірақ өмір бақи ішумен келеді, тіпті бойжеткен қызына жекіп, талай рет ішімдікке жұмсағаны жаныма қатты бататын. Өмірім осылай таяқ жеумен, қашумен, қорлық көрумен өтіпті, ер адам өзі отбасында не көрсе, соны өзінің отбасын құрғанда да жасайды екен. Осында келгелі көзім ашылды, қазір ондай зорлық-зомбылыққа көнбеу керек екенін, кешіріммен қарамауды түсіндім, өзім бастауыш сыныбының мұғалімі болғандықтан, алдағы уақытта бір жерге орныққаннан кейін мектепке, өз мамандығыма оралсам деймін. Қазір жалдамалы жұмыс істеп, күнкөріске ақша тауып жүрмін. Күйеуіммен заңды түрде ажырастық, алимент алудан бас тарттым, себебі одан ештеңе алғым да, көргім де келмейді. Өмір бойы отбасының жүгін арқалап келемін, оған тіпті арқа сүйеген емеспін. Мемлекет басшысының бастамасымен, әкімдіктің қолдауымен осындай орталық барына шүкір етемін, уақытша баспана болып қана қоймай, бізге заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын айтуға тиіспін, мамандарға алғыс айтамын. Биылғы қазан айының 19-ынан бастап балаларыммен осы жерді паналап отырмын. Жалпы қазіргі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселені қолдаймын, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткендерге қарсы заң қатаюы керек деп есептеймін. Заң қатаймаса, нәзік жандардың осылай қорлық көргені – көрген. Ішіп алып әйелін ұратын еркектер 15 тәулікке қамалып келеді де, баяғы ісін қайта жалғастырады, оларға заңды қатайтпаса, басқа әрекеттің бәрі бекер, – дейді өзін Шәрипа Бекетауова деп таныстырған әйел.

– Менің жағдайым өте күрделі, – деді Жанар (есімі өзгертілген) есімді жас келіншек. – Жұбайым­ның маған дейін отбасылы болғанын тұрмыс құрған соң бір-ақ білдім, ұрыс-жанжал осыдан шығады. 12 жыл тұрған (арасында ажырасып, қайта қосылдық) күйеуім басқалардай емес, мамандығы – заңгер, Алматыдағы атақты КИМЭП-ті бітірген, бірнеше тілді білетін сауатты жігіт. Иман жолында, бес уақыт намаз оқиды, шариғат жолымен жүреді, бірақ өзін-өзі ұстай алмайды, мені талай рет тұншықтырып, қылқындырды, сау­сағымды сындырып, компьютер­ді жалғайтын шнурмен денемді жарақаттады, кейін­гі кездері орнында із қалмайтындай ұрып, қорлайтын болды. Заңның бәрін бес саусақтай біледі, өзіме қарсы шағым жазып, балаларды алудың барлық жолын қарастырып жүр. Ата-­анасы – ішкі істер органдарында жұмыс істеген шенді тұлғалар, 12 жастағы үлкен ұлымызды асырауына алды, өйткені бізде күнде төбелес, ұрыс-жанжал болған соң бала психологиялық қысымға шыдамады ма, «ата-­әжеммен тұрамын» деп сонда кетті. Қолымда ұлым мен қызым бар, осында келіп пана таптым, бірақ облыстағы өз ата-анама кетпесем, мұнда қалу біз үшін қауіпті болып тұр. Ерлі-зайыпты боп қосылғалы бітпейтін ұрыс-ерегес, айқай-шу, сотқа бару, дауласу әбден шаршатты. Жоғарыда тұратын көршіміз – учаскелік полиция қызметкері, оған барып шағымдансам, «әуелі шағым жаз да, оны пәтерден қуып шық» дейді. Ал оның мені ұрғанына, қорлағанына заң жағынан жауапкершілік жоқ па сонда десем, «бұл – отбасындағы ұрыс-керіс, кикілжің, оны өзара шешпесеңдер, біз ештеңе істей алмаймыз» деп жылы жауып қоя салады. «Не үшін ұрып-соғады сонда?» деген сауалыма «Оған сылтау көп, үй жиналмаса, бала ауырса, ашуланып, ұрыс шығарады» дейді.

Дариға атты келіншек 4 баланың анасы екен. Орталыққа пана іздеп Түркістан облысынан келіпті.

– 21 жасымда тұрмыс құрдым, 18 жыл бойы мен де мына құрбыларым секілді «тиран» күйеуімнен таяқ жеп келдім. Үлкен ұлым 18-де, қызым 16-да, кіші ұлдарым мектепте оқиды. Ол жақта қалуға қорықтым да, кенже ұлыммен Астанада тұратын әпкеме келдім, сосын осында орналастым. Кү­йеуім арақ ішіп қана қоймай, наша шеге бастады, көрінген ­проблемадан ұрыс шығарып, мені ұра беретін жағдайға жетті. Өзі жұмыс істемейді, үйде жатады, ата-анасының сүйікті ұлы, соның сөзін сөйлейді, мен мектепте мұғаліммін, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретінмін, оқушыларым, ата-ана­ларым, ұжымым мені сыйлап, еңбегімді бағалайтын. Бірақ жалақымды, балаларға берілетін жәрдемақыны ата-енем, күйеуім алатын, банк картасы солардың қолында болды. Индрайвермен такси жалдап, жақында ажырасуға арыз беріп келдім. Үш балам ауылда, енді соларды уайымдап отырмын. Өзі ішетін, есірткі қолданатын күйеуім өсіп қалған ұл мен қызға бірдеңе жасап қоя ма деп қорқамын. Олар «Мама, өзіңнің ойыңды жинақта, алдағыны жоспарла, сосын біз де келеміз» деп отыр. Осы орталыққа келіп психологиялық жағынан, заңгерлік жағынан қолдау алдым. Әйелдер құқығын қорғау департаментіндегі Ольга атты маман, тағы басқалар көп көмек көрсетті. Баламды жақын жердегі мектепке орналастырдым. Прокуратураға бардым, адвокат жалдап, барынша өз құқығымды қорғауға күш салып жатырмын. Күйеуім мені талай рет зорлап, қорлық әрекетке барды, қазір айтсам оның есебіне жете алмаймын, тіпті екі ішкі істер қызметкерінің погонын жыртқан, біреудің көлігін ұрлап, «угон» жасағаны үшін үйімізден айырылдық. Басқа жылжымайтын мүліктің бәрін ата-анасының, туыстарының атына жаздырып қойған маған тимесі үшін. Ең сұмдығы, күйеуім жолдасымен бірге желкелеп банкке апарды да, менің атыма 3 банктен 10 миллион теңгеге несие рәсімдеді. Қазір сол несиелерді төлеу үшін күндіз-түні жұмыс істеп жүрмін. Ал өзіме жұмсайтын соқыр тиыным жоқ, бәрін несие төлеуге жұмсаймын, ауырмайтын жерім жоқ. 39-дамын, бірақ мына қысым, зорлық-зомбылықтан оншақты жылға қартайып кеткендеймін.

Осылайша өмірдің қысылтаяң кезеңіне тап болған жас және жалғызбасты аналарға көмектесу мақсатында ашылған «Үміт» дағдарыс орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 18-ден 58 жасқа дейінгі аралықта, оның ішінде қатыгездікке ұшыраған балалардың өз бастамасы бойынша, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдары тарапынан да қабылданады.

– Дағдарыс орталығы 50 төсек-орынға арналған. Онда қызмет алушылар әртүрлі мәзірмен күніне 4 рет тамақтанады. Орталықта ойын бөлмесі, оқу бөлмесі, кір жуатын орын, сауықтыру кешені, еңбек терапия­сы бөлмесі, ауласында балалар ойын алаңы және жаттығу залы бар. Мұнда стационар жағдайында әлеуметтік қатерге, әлеуметтік қиыншылыққа, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету үшін құрылған, – дейді Астана қаласы әкімдігі «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Ғалихан Куканбеков.

Дерек пен дәйек

Астанадағы «Үміт» дағдарыс орталығының жұмыс істеген күнінен бастап 2470 қызмет алушы қабылданды, оның ішінде 747 әйел, 1 жасөспірім, 1546 бала бар, оның 79 пайызы – өзіміздің қаракөздер. 2023 жылғы 1 қаңтардан 22 қарашаға дейін орталыққа 180 қызмет алушы, оның ішінде 51 әйел, 129 бала қабылданған.

Қызмет алушылардың 74 пайызы – физикалық жәбір көргендер мен психологиялық қысымға ұшырағандар, 24 пайы­зы – экономикалық қыспаққа ұшырағандар, 2 пайызы – ­жыныстық жәбір көргендер.

2013-2023 жылдар аралығындағы дағдарыс орталығында әлеуметтік қызметтердің нәтижелеріне талдау жасағанда мынаған көз жеткіздік.

Екіжақты келісімге сәйкес, 366 қызмет алушы өз отбасына қайта оралды, құқық мәселелері бойынша 470 қызмет алушыға қызмет көрсетілді, соның ішінде 138-і алименттік міндет бо­йынша, 144-і ажырасып, 70-і тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелді, 23-інің жеке куәлігі қалпына келтіріліп, 17-сіне баланың туу туралы куәлігін алу бойынша кеңес берілді, 140 қызмет алушы жұмысқа орналасты.

Астана қаласының тұрғындары арасында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында дағдарыс орталығы мен Астана қаласының ІІД ЖПҚ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің сенім телефоны (49-78-89) туралы ақпарат қаланың қоғамдық көлігінің негізгі бағыттары жүретін аялдамаларда орналасқан. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жеке тұлғаларға тәулік бойы кеңес беруге арналған сенім телефоны арқылы жыл басынан бері 2325-тен астам азаматқа ақпараттық кеңес берілген.

P.S: Заң үстемдігі салтанат құратын Әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы азамат кез келген жерде өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі керек. Бұл ретте жыл сайын БҰҰ 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күнге созылатын шаралар өтетіні белгілі, осы күндерді тиімді пайдаланып, көмекке мұқтаж, жаны қиналып жүрген жалғызбасты аналарға қол ұшын берсек, қанеки!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button