Руханият

Андреа Гриминелли: Музыка – ерекше құдірет



«Астана Опера» сахнасында италиялық музыкант Андреа Гриминелли флейтада жеке өнер көрсетті. Әйгілі флейташы Андреа Гриминелли туралы әріптесі сэр Джеймс Голуэй оның ұлы флейташы екенін, ұзақ жыл музыкалық сахнаның алдыңғы қатарында тұратынын айтқан болатын. Өнерін музыканттар ғана емес, қарапайым халық жақсы көретін, патшалар тыңдаған әлемге өте танымал флейташы Андреа Гриминелли (Италия) Астанаға келгенінде кездесіп, бірнеше сауал қойған едік.

– Қазақстанға, «Астана Операға» келіп, сахнада тағы өнер көрсетуіңіз сіз үшін несімен айрықша?

– Мен «Астана Операға», Қазақстанға тағы келгеніме өте қуаныштымын. Бұл, әдемілігі жағынан, ерекше театр, мұнда бірнеше жыл бұрын болғанмын. Сондай-ақ қазақстандық камералық оркестрдің Италияға гастролі кезінде осы оркестрмен бірге өнер көрсеткен едім. Бұл бүкіл Италия бойынша тур болатын, ол шамамен он бес жыл бұрын ұйымдастырылған еді. Сондықтан Қазақстанмен және маэстро Джузеппе Акуавивамен тағы да байланысу – мен үшін үлкен қуаныш. Джузеппе Акуавива – керемет дирижер, ол операға да көп дирижерлік етеді. Бұл концертте мен тек қана Эннио Морриконенің туындыларын орындадым. Сонымен қатар онда Нино Ротаның да музыкасы әуеледі. Олар – Италияның біртуар, ерекше композиторлары.

– Неліктен дәл осы жоба таңдап алынды? Сізге кино музыкасы қаншалықты жақын? 

– Кино музыкасын бала кезімнен жақсы көремін. Эннио Морриконенің музыкасын классикалық музыкамен айналыспай тұрып-ақ білетінмін. Бұл композитор танымал кинофильмдерге саундтректер жазды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Эннио Морриконе қайтыс болар алдында екеуміз бірлес­кен жазбаны қолға алған едік. Оған деген құрметім ретінде сол жазбаны аяғына дейін жасадым. Бұдан бөлек, мен Нино Ротаның музыкасын жазып, қағазға түсірдім, бұл жазба қазіргі таңда сатылымда. Мұндай концерттік бағдарлама италиялық классикалық музыканың дәстүрлерін көрсетеді деп есептеймін. Қазір Нино Рота мен Эннио Морриконені Астор Пьяццолла секілді кемеңгер композиторлар қатарына жатқызуға болады. Кезінде көптеген америкалық және басқа да шетелдік композитор секілді, Астор Пьяццолланы да классикалық композитор ретінде қабылдамаған еді. Бүгінде Нино Рота мен Эннио Морриконе – біртуар италиялық композитор-классиктер.

Андреа Гриминеллидің дарыны, таңдаулы интерпретациялары мен тамаша техникасы сан мәрте беделді марапаттармен, оның ішінде Грэммимен атап өтілген. Гриминеллидің жарқын өнер жолы 35 жылдан бері жалғасып келеді. Осы жылдар ішінде маэстроның концерті Еуропада, Азия мен Америкада, атап айтқанда, La Scala, Carnegie Hall мен Suntory Hall-дың әйгілі залдарында өтті. 1984 жылы Андреа Гриминеллидің Лучано Павароттимен әріптестігі басталды: атақты тенор 25 жастағы флейташыны Нью-Йорктегі Мэдисон-Сквер-Гарденде өнер көрсетуге шақырды. Одан кейінгі жылдары екі әртістің бірлескен концерттерінің саны 200-ге жетті, олар өз өнерлерін лондондық Гайд-парк­те, Нью-Йорктің Орталық паркінде, Париждегі Эйфель мұнарасының алдында және басқа да алаңдарда қалың аудиторияға ұсынды

– Нино Рота мен Эннио Морриконе өз шығармаларында италиялық мінезді қаншалықты бере алды? 

– Нино Рота нағыз данышпан болған. Ол Фрэнсис Форд Копполаның «Өкіл әкесіне», Федерико Феллини секілді атақты режиссерлердің фильмдеріне ұлы музыкалар жазған. Жаңағы айтылған фильмнің музыкасы өте танымал, бұл фильмдер жайлы айтқанда, алдымен, оның музыкасы еске түседі. Сонымен қатар Нино Ротаның классикалық жанрдың композиторы болғанын айта кетуіміз қажет. Ол оркестрге, жеке флейтаға арнап көптеген шығармалар жазған.

Эннио Морриконе де  көптеген заманауи шығармалар жазған біртуар  композитор болған. Ол мен үшін оркестрмен бірге флейтаға арналған концертін жазды. Бұл – нағыз заманауи музыкалық туынды.

– Қазақстанмен бірге жүзеге асырғыңыз келетін басқа да жобалар бар ма?

– Әрине, жобаларым өте көп! Мен флейташы болғандықтан, осында қайта оралып, флейталық әдебиеттің басқа да туындыларын қуана орындар едім. Мәселен, осында бірнеше жыл бұрын болғанымда біз Лучано Павароттидің құрметіне арналған концертпен өнер көрсеттік. Біз онда опералық шығармаларды, түрлі опера тақырыптарында флейтаға арналған фантазияларды орындадық, басқа да әртістермен бірлесіп өнер көрсеттік. В.А.Моцарт, И.С.Бах, Л. ван Бетховеннің флейтаға арналған концерттерін, флейтаға арналған классикалық репертуардан шығармаларды қуана орындар едім. Флейтаға арналған туындылардың бай репертуары бар, сол кезде, бәлкім, қазақстандық көпшілік менің флейтаммен рақатқа бөленер еді.

– Қазақстандық оркестрмен бірлескен жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз. Оркестрдің, флейташылардың деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Оркестрмен ғана бірлесіп жұмыс істегендіктен, флейташылардың деңгейінен онша хабардар емеспін. «Астана Опера» театрында оркестрдің деңгейі өте жоғары екенін айтқым келеді, әсіресе флейталар тобын айрықша атап өтер едім. Осында тағы келіп, шеберлік сағаттарын беруге, флейтаны үйреніп жүрген студенттермен тәжірибемді бөлісуге қарсы емеспін. Астанадағы концерттен кейін Тель-Авивке ұшамын. Израильде концерт беріп, күні бойы консерваторияда шеберлік сағатын өткіземін. Қазақстанға келер жолы келгенде флейташылар мен музыканттарға шеберлік сағаттарын қуана-қуана өткізер едім. Бізде Италияда да академия бар, онда үздік италиялық орындаушылар дарынды студенттерге сабақ береді.

«Астана Опера» оркестрімен дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Оркестрде көбісі нәзік жанды өнер иелері екенін байқадым, бұл өте жақсы, ол музыкаға нәзіктік береді. Біз орындаған танымал фильм­дердің музыкасы жүректерді тербейді, классикалық шығармаларды тыңдауға шақырады, эстетикалық тамаша аура қалыптастырады – соған қуанамын. Өйткені музыка – адамды адам екенін сезіндіретін, әлемді тығырықтан, түрлі қиындықтан шығаратын құдірет.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button