Қоғам

Анемияның алдын алуға бола ма?



Қазір балалардың арасында түрлі ауру көп. Өйткені күнделікті өмірде фастфудтарға, түрлі тәтті тағамдарға, сусындарға дастарқаннан орын беріп жүргеніміз рас. Жаман әдеттерге үйірміз. Міне, содан балалар мен жасөспірімдердің иммунитеті төмендеп, олардың арасында темір тапшылығы жиі туындап отыр.

Балалардағы темір тапшылығы анемиясының зардаптары

Балалар және жасөспірімдердегі темір тапшылығы анемиясы – бұл қабылдау, игеру және жұмсау процес­терінің теңгерімсіздігіне байланысты организмдегі темір жетіспеушілігімен дамитын клиникалық-зертханалық синдром.

Темір жеткіліксіздігі кезінде ағзадағы тіндерге тек қана оттегіні жеткізу бұзылысы емес, сонымен қатар тіндердің тыныс алу ферменттерінің белсенділігі төмендейді, яғни іс жүзінде барлық клеткалар зардап шегеді, бұл темір тапшылығының күйін клиникалық көріністердің «өзгеруіне» әкеп соғады. Темір тапшылығы анемиясының клиникалық көріністерін алғаш рет 1554 жылы неміс дәрігері Йоханн Лангпен науқас қыздың мысалында сипаттады: «әлсіздік, төмен көңіл-күй, тахикардия, баспалдаққа көтерілу кезіндегі ентігу». 1615 жылы «хлороз» анықтамасы тері түсінің жасыл түстерін сипаттау кезінде пайда болды. Ересектер мен балалардағы темір тапшылығының клиникалық көрінісі анемиялық синдромға қарағанда сидропенияның (темір жетіспеушілігінің) болуымен сипатталады. Өмірінің алғашқы жылындағы балаларда темір тапшылық анемиясының қысқа мерзіміне байланысты аурудың клиникалық симптомдары ересек балаларға қарағанда ерекшеленеді. Темір құрамындағы ферменттердің жетіспеушілігінен дененің жасушаларында жасалатын редоксидтердің бұзылыстарынан туындаған жас балаларда сидеропенияның белгілері ересектерге қарағанда әртүрлі.

Балалар мен жасөспірімдерде ТТА пайда болу себептері: дұрыс тамақтанбау, темір тапшылығы, қанның көптеп жоғалуы (жарақат салдарынан), өсудің жедел қарқыны және оның жоғалуы аясында темірге деген қажеттіліктің жоғарылауы, қозғалыссыз күйде ұзақ болу, таза ауада сирек серуендеу, темірдің жеткілікті мөлшерін сіңіру үшін қажетті дәрумендердің, ең алдымен, В12 және С тапшылығынан болады.

Темір тапшылығының салдары өте жағымсыз, ағзада темір жетіспеген кезде жасушалардың оттегімен қамтамасыз етілуі бұзылады, иммунитет төмендейді, нәтижесінде жұқпалы аурулармен ауыру қаупі өседі. Балалардың өсуі мен ақыл-ой дамуы тоқтап, шаршағыштығы жоғарылап, оқу үлгерімі нашарлайды, үлкен балалар мен ересектер үнемі шаршайтынына шағымданады, тіндер мен мүшелерде жағымсыз өзгерістер болады.

Темір – адам ағзасындағы негізгі микроэлементтердің бірі және ол ағзаның көптеген үрдістеріне қатысады. Темір тапшылығы жалпы ағза төзімділігінің бұзылуын, тыныс алу мүшелерінің жиі жұқпаларға шалдығуын, асқазан-­ішек жолының, орталық және жанама нерв жүйесінің бұзылуын, бұлшықет, тері мен оның бөліктері жұмысының төмендеуін тудырады.

Жаңа туған нәрестенің темір тапшылығының себептері – бұл әйелдің жүктілік кезеңіндегі темір тапшылығы, нәрестенің ауыр салмақпен немесе шала тууы, жүктіліктің патологиялық сипаты (токсикоз, жіті немесе соматикалық және инфекциялық аурулардың өршуі және тағы басқалар).

Аурудың күрделілігі деңгейіне қарай ағза мүшелері мен жүйелерінің бұзылуы байқалады: жүрек-тамыр жүйесінде – жүректе шу, тахикардия пайда болады, нерв жүйесінде бас ауырады және бас айналады, талып қалу, ортостатикалық коллапс туындайды. Бауыр мен көкбауыр үлкеюі мүмкін. Асқазан-ішек жолы тарапынан жұта алмау, іш кебу, іш өту, іш қату, дәмнің бұзылуы – баланың саз, топырақ жеуді қалауы байқалады.

Өкінішке қарай, жоғарыда аталған белгілер біртіндеп пайда болады және баяу дамиды, сондықтан ата-аналар көп көңіл бөле қоймайды да, темір тапшылығы ұлғая түседі. Темір тапшылығы анемиясы профилактикалық тексеру кезінде жиі анықталады.

Ана мен бала орталығының балалар емханасында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап орта және ауыр дәрежедегі темір тапшылығы анемиясы диагнозы 3 жасқа дейінгі 86 балаға және 91% балаға алиментарлы генез анемиясы диагнозы қойылды.

Ауырмайтын жол қайсы?

Сол себептен, құрметті аналар мен әкелер, балаңыздың тамақтану рационына, баланың өз жасына сәйкес барлық қажетті заттарды қабылдауына көңіл бөліңіз және төмендегі тармақтарды назар қойып оқыңыз, – дейді Ана мен бала орталығының УПҚ учаскелік дәрігері Ж.К.Серікболова. Дәрігер мына кеңестерді ұсынады:

бала өмірінің алғашқы айларында темір тапшылығы анемиясын алдын алудың табиғи әдісі баланы 6 айына дейін тек омыраумен емізу болып табылады;

темір тапшылығы анемиясының алдын алу мақсатымен егіз, үшем ішіндегі балаларды, үлкен салмақпен және шала туған балаларды тамақтандырған кезде құрамында темірі мол қоспалар қолданған жөн;

кем дегенде 6 айдан бастап қосымша тамақ бере бастау қажет;

7 айлық жастан сәбиге күн сайын еттен жасалған езбе беріп, одан кейін біртіндеп бауыр, тауық пен балық етін қосу керек;

сонымен қатар біртіндеп баланың тамақтану рационына жаңғақ, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек (жергілікті жердің), аллергия болмаған жағдайда қолдан жасалған компот пен морс, жеміс шырындарын қосу абзал;

сәбиге айран мен ашытылған сүт тағамдарын кем дегенде 8 айдан бастап және күніне бір рет қана (түскі кезде) беру керек;

3 жасқа дейін шай беруге болмайды;

ішек құрты инвазияларының алдын алуды және ішек құрты анықталған жағдайда уақытында санация жасауды естен шығармаңыз;

1 жасқа дейін ай сайын, 2 жасқа дейін тоқсан сайын, 3 жасқа дейін жарты жыл сайын профилактикалық тексеруден өту керек;

тексеру кезінде балаңыздың ағзасында темір тапшылығы анемиясы анықталатын болса, дәрігердің барлық нұсқауларын орындау қажет және анемияның әрбір сатысында негізгі ем – ол темір, сондай-ақ темірі мол тамақ емдеудің бір бөлігі болып табылатынын білуіңіз тиіс.

Анемияның алдын алу мақсатында, жылына бір рет гемоглобин және эритроцит құрамына қан тапсырып тұру қажет. Кез келген жастағы адамның дұрыс тамақтануына көңіл бөлуі аса маңызды. Құрамында темірі бар тағам өнімдерін (ет, бауыр, ірімшік, сүзбе, қарақұмық және бидай жармасы, бидай кебегі, жұмыртқа сары уызы, кептірілген өрік, қара өрік, итмұрын) тұтыну керек.

Егер адамда темір тапшылығы анемиясымен байланысты денсаулығында ауытқулар болса, рационнан қара шай, газдалған сусындар, қайнатылмаған сиыр сүті секілді өнімдерді толық алып тастау керек, өйткені олар ағзаның темірді сіңіру қабілетін күрт төмендетеді. Бірақ, аскорбин қышқылы, сол сияқты барлық органикалық қышқылдар темірдің сіңіруін едәуір жоғарылатады.

Тамақтың түрі бар, медицинасы дамыған, түрлі озық технологиясы бар осындай кезеңде аурудың алдын алып, қажет жағдайда дәрігерден кеңес алған дұрыс. Анасы да, баласы да ауырмайтын жол іздеген жөн.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button