Мәдениет

Ақселеудің музыкалық мұрасы



Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанындағы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын көмбесі, өнер мен руханиятымыздың тамыршысы, жазушы, этнограф-ғалым, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына арнап «Дәурен-ай» атты әдеби-музыкалық кеш өткізді.

– Мен білім алып, оң-солымды танып, адам ретінде өзімнің болмысым қандай екенін сезінген кезде іштей бір-ақ нәрсеге өкінемін: менен өте жақсы музыкант шығатын еді. Менің бойымда музыкалық қабілет басқа қабілетімнен әлдеқайда басым екенін сезем. Өкінішке қарай, мен оқыған орта мектепте музыка пәні жүрген жоқ. Бірақ мен өскен орта – бұл Тәттімбеттің ауылы, Дайрабайдың ауылы, Ықыластың ауылы, Тоқаның ауылы, Күләштің ауылы, Манарбектің ауылы, Әбікен Хасеновтің ауылы, былайша айтқанда, музыка және де қазақтың дәстүрлі классикалық музыкасы менің жөргектен құлағыма сіңіп өстім. Оған филологиялық тарихи зерде қосылғанда, мен, шын мәнісінде, өкіндім. «Шіркін, мен музыкант болғанда халқыма көбірек пайда келтіретін едім» деген бір қиялдар бар, – деген еді Ақселеу Сейдімбек «Шынның жүзі» бағдарламасына берген сұхбатында.

Алаштың аяулы азаматының осындай өкініші болғанмен, артында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған «Сарыарқа» және «Дәурен-ай» атты асқақ әндері қалды. Ақселеудің музыкалық мұрасы осымен шектелмейді. Несіпбек ақынның өлеңіне жазылған «Алтын асық» атты әні де бар. Қазір шырқалып жүрген «Ақтамбердінің толғауын» Сүгірдің «Ыңғай төк» күйіне, «Қазтуғанның жырын» Қазанғаптың «Көкіліне» салған да Ақселеу еді. «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуын» да әуенге лайықтаған – өзі.

Көпшілік қазір бұл туралы білмейді. Белгілі әнші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев кезінде Ақселеудің әндерін өз аузынан магнитофонға жазып алған. Биыл Ахаңның музыкалық мұрасы жинақталған кітапты да құрастырып шықты. Кеште бұл туралы айтылып, Айтбек Нығызбаевтың өзі, Елмұра Жаңабергенова, Дінисламбек Жайлаубай, Асқар Мұқият, Біржан Айтахмет Ахаңның әндеріне салды.

Ақселеу Сейдімбектен бұрын қазақтың күй өнерін жіті зерттеген адам жоқ. Ахаңның докторлық диссертациясының тақырыбы «Қазақтың күй аңыздары» еді. Осы еңбегінде ол үш мыңға тарта күй аңызын жинады. «Күй шежіре» кітабын және өзіне Мемлекеттік сыйлықты алып берген «Қазақтың күй өнері» атты монографияны шығарды. Кеште белгілі күйшілер Жанғали Жүзбай, Раушан Оразбаева, Еділ Басықара күй тартып, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық және «Тuran» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері өнер көрсетті.

Ал сахнаның төрінен жазушы, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай орын алды. Ахаңмен аға-інідей араласып, сырлас болған осы кісілер естелік айтты. Шәміл Әбілтайдың «Ақселеу биігі» атты күйінің тұсауы кесілді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button