Қала мен СалаҚоғам

АРДАГЕРЛЕР ЕРЛІГІ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ



Аида БАЙМАҚОВА, «Жаужүрек полк» кеңесінің координаторы:

54545

– 9 мамыр күні Астанада «Жаужүрек полк» шеруін ұйымдастырып жатыр екенсіздер. Осы шараның мақсат-міндеттері туралы
айтып берсеңіз…
– Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен елордамызда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері ұрпақтарының қатысуымен «Жаужүрек полк Астана – әлемдік марш» атты шеру өтеді. «Жаужүрек полк» жалпыхалықтық азаматтық бастамасы 2012 жылы құрылған болатын. Қозғалыстың негізгі мақсаты – майданда соғысқан ардагерлердің ерлігін естен шығармай, жас ұрпаққа насихаттау. Ал Астана қаласындағы «Жаужүрек полк» кеңесі 2014 жылы құрылған болатын. Оның құрамына еріктілерден бастап, ардагерлерге құрмет көрсетуге құштар еліміздің әрбір белсенді азаматтары мүше бола алады. Мәселен, 2015 жылы Астана қаласында өткен Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге 1500 адам қатысқан болатын. Ал 2016 жылы елордадағы «Жаужүрек полкіне»
7 мыңнан аса адам қатысты. Полктың жұмысы арнайы жарғымен реттелген.
– Жарғы демекші, бұл шараға кез келген адам қатыса ала ма?
– Әрине, «Жаужүрек полк» шеруіне кез келген адам қатыса алады. Шеруге қатысу үшін алдын ала тіркелу немесе кіру билеттері керек емес. Алайда «Жаужүрек полк» маршына қатысушыларға шеру алаңын жарнама ретінде пайдалануға және транспаранттарда кез келген саяси, корпоративтік не басқа да символдарды жариялауға тыйым салынады. Шараға қатысушылардың назарына: транспаранттар үшін бірдей стандарттар дайындалды. Мәселен, жауынгердің суреті қойылған немесе аты-жөні жазылған транспарантта қазақстандық Жеңіс лентасы, Отан соғысының ордені, қазақ және орыс тілінде «Жаужүрек полк Астана» деген жазудан, полктың логотипінен басқа символ болмауы керек. Егер де майдангердің суреті болмаса, аты-жөні, қызметтік лауазымы жазылған плакат жасауға болады.
– Шеру қай жерден басталып, қай жерден аяқталады?
– Шеру «Қазақ елі» монументінен басталып, «Отан қорғаушылар» мемориалында аяқталады. Биыл «Жаужүрек полк» маршының жолы 2,5 шақырымды құрайды, жалпы жүріп өтетін жол 3,6 шақырым болады. «Қазақ елі» монументінің жанында сағат 12.00-де жиналып, сағат 13.00-де шеру басталады. Маршруттың ұзындығы 3,6 км болғандықтан, шеру өтетін күні барлық қатысушыларға ауа райын ескере отырып, қолайлы аяқ киім киюге және алдын ала гүл мен су алуға кеңес береміз.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button