Мәселе

Ардагерлер ұйымы құрылды



Елордада Нұра ауданының «Ардагерлер ұйымы» жаңа қоғамдық бірлестігін құру бойынша алғашқы құрылтай конференциясы өтті.

Жиынға Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, аталған аудан құрамына енген бастауыш ардагерлер ұйымдарының өкілдері, Есіл аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің белсенділері, пленум мүшелері, Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов, әкімнің орынбасары Әлия Әбсеметова, Есіл ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысты Атығаева, әкімдік қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Конференция қатысушылары бірауыздан Нұра ауданының «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы етіп Айтмағамбет Аиповты сайлады. Жаңа кеңес құрамына 23 адам сайланды. Барлық ұйымдастыру-сайлау рәсімдері аяқталғаннан кейін жаңа аудандық Ардагерлер кеңесінің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер талқыланды.

– Алматы, Есіл аудандары кеңестерін алғашқы күндерінен  басқарғаныма 15 жыл болды. Барлық ардагерлерді бірлес­кен жұмыс арқылы білеміз. Жасыратыны жоқ, біздің аудан ардагерлері қалалық кеңестің белсенді отрядтарының бірі болып табылады. Аудандық кеңес базасында республикалық семинар-кеңес өткізілді, зейнет­керлердің бос уақытын тиімді өткізу үшін шағын орталықтар  ұйымдастырылмады, қалада бірінші болып аудан ардагерлерінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» 2020 жылы ашылды. Өмір бір орында тұрмайды. ­Ауданымыздан жаңа Нұра ауданы өсіп, құрылғанына қуаныштымыз. Біз сіздермен байланыста боламыз, қолымыздан келгеннің бәріне көмектесеміз және қолдау көрсетеміз, – деді  Есіл аудандық кеңесінің төрағасы Рысты Атығаева.

Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов аудандық Ардагерлер кеңесінің алдағы міндеттерін қысқаша атап өтті.

– Біріншіден, әрбір бастауыш ұйымда ұйымдастырушылық одақішілік жұмысты көтеріп, оның нәтижесі бастауыш ұйым­дардың сандық және сапалық құрамын өсіруі тиіс. Екі жыл ішінде ұйымдардың сандық құрамын 25 мың ардагерге жеткіздік. Келесі жылы жағалау  ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» ашқан жөн. Қалалық Ардагерлер кеңесі Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, зейнеткерлердің өтініштері бойынша қаланың емханаларында аға буынды, қала ардагерлерін қабылдау үшін геронтологиялық кабинеттер ашуға бастамашылық етті. Бұл егде жастағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету мәселесін түбегейлі шешуге көмектеседі. Осы арқылы зейнеткерлерге арналған медициналық қызмет көрсету қағидаты жүзеге асырылатын болады, герантология орталықтар мен стационарлар желісі дамиды. Біз қаланың барлық төрт ауданында зейнеткерлердің қалалық әлеу­меттік қорғау, медициналық қызмет көрсету, Мәдениет және спорт, Ішкі саясат қызметтерінің басшыларымен, қалалық және аудандық әкімдіктердің өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен «ҚР-да 2025 жылға дейін белсенді ұзақ өмір сүру «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» негізгі ережелерін түсіндіру бойынша кездесулер өткіздік. Уақыт өте келе сіздің аймағыңызда осындай кездесу өткіземіз, – деді ол.

Амангелді Әшіров,

Астана қаласы

Ардагерлер кеңесі

медиа тобының

төрағасы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button