Мәселе

Ардагерлердің ахуалы сөз болды



Астана әкімдігі мен Байқоңыр ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы лауазымды өкілдерімен және қалалық денсаулық қызметкерлері, ғалым-мамандардың қатысуымен геронтология және эйджизммен күрес мәселесін қарастыру мақсатында қала ардагерлері, медицина қызметкерлері қатысқан геронтология және эйджизмге қарсы күрес мәселелері жөнінде ғалымдармен және сарапшылармен кездесу ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел түрінде өткен жиында қаралған мәселелер өте өзекті және маңыздылығы жоғары болды.

Дөңгелек үстел модераторы, Астана қаласы әкімдігі Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері С.Есілов кіріспе сөзінде күн тәртібіне қойылған мәселенің өзектілігін түсіндіріп, ашып берді.

Дөңгелек үстел басында алғашқы сөз алған негізгі және белсенді ұзақ өмір сүрудің маңызын әңгімелеген орталықтың директоры М.Еркетаев  орталықтың тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын, қызмет алушыларға көрсетілетін қызметтің мақсаты туралы өте түсінікті  баян­дап, өз идеяларымен бөлісті. Күн санап, қыз­мет алушылардың саны артып, ризашылық танытушы зейнет жасындағы астаналықтардың ықыласы зор екеніне тоқталды. М.Еркетаев: «Әдемі қартаю» идеясын ортаға салды, яғни белсенді ұзақ өмір сүрудің салауатты өмір салтымен өзектес екенін назарға алды. Білікті маман Астананың 25 жылдығымен зейнеткерлер мен ардагерлерді құттықтап, астананың іргесін қалауға атсалысқан аға ұрпақтардың үлесін де еске алды. Баяндама барысында профилактикалық институт, ұзақ өмір сүру барысында саяси-идеология­лық мәселелермен қатар бүгінгі егде жастағы азаматтардың қарттық жасты мойындай бермейтіндігін де атап өтті. Сапалы қызмет көрсету барысында Ұлттық жоспар құрудың тиімді жолдарына тоқталды.

Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Астана қаласы Жұмыспен қамту басқармасы және әлеуметтік қорғау мекемесі басшысының орынбасары А.Оспанов, қалалық мәслихат депутаты, «ҚР Денсаулық министрлігінің Соғыс ардагерлеріне арналған орталық клиникасы госпиталі» РҚП директоры Д.Оразалина, қалалық денсаулық сақтау қоғамдық басқармасы жетекшісінің орынбасары А.Төлеуова, Әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту басқармасының басшысы И.Скуб, Астана қаласы Медициналық академияның кафедра меңгерушісі В.Ткачев, сондай-ақ қала Ішкі сая­сат басқармасының жетекшісі Д.Бабамұратов қатысып, өздерінің тұшымды ойларын ортаға салды.

Сонымен бірге осындай мәні зор басқосуға қалалық Ардагерлер кеңесі зейнеткерлер денсаулығын қорғау тұрақты комиссиясының төрағасы, медицина ғылымының кандидаты, профессор В.Шварц сөз сөйлеп, ұйымдастырылған бүгінгі іс-шараға жоғары баға берді.

Өте мазмұнды өткен дөңгелек үстел жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Игі істің басында мұрындық болып жүрген үлкен іскер басшы, қоғам қайраткері, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Есіловке көпшіліктің алғысы мол.

Қарттарға құрмет, зейнеткерлерге жағдай жасау мемлекетіміздің назарындағы рухани жаңғыру бағытындағы ізгі істердің бірі екені анық. Ал қалалық Ардагерлер кеңесі осындай жағымды жаңалықтың жаршысы болып жүр. Жаңа Қазақстанда әділетті қоғам құрудың қарқын ала бастағанын дәлелдеді.

Маржан ПРИМБЕТОВА,

Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобы мүшесі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button