Қоғам

Ардагерлермен жүздесті



Елордада Парламент депутаттарының көшпелі жұмыс іс-шаралары жалғасты. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Байқоңыр ауданы ардагерлерімен кездесу өткізді.

Байқоңыр аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінде өткен кездесу басында Дәулет Тұрлыханов өзі сайланған Астана қаласының №2 сайлау округі бойынша атқарылған іс-шаралар туралы, Парламенттегі жұмыс барысы жайында айтып берді. Аудан аумағында жүргізіліп жатқан мектеп құрылысы, сумен қамтамасыз ету, кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік мәселелері жөніндегі ой-пікірін ортаға салды. Сондай-ақ жиналысқа қатысқан Астана қаласы мәслихатының депутаты Динара Уразалина, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Малик, «Белсенді өмір сүру орталығы» КММ басшысының орынбасары Марат Әубәкіров елордада ардагерлер қауымына жасалып жатқан игі іс-шаралар туралы айтты.

– Астана өте қарқынды дамып келе жатқан қала болғандықтан, оның әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіру, жаңарту өзекті болып отыр. Мәселен, кейбір мектептерде үш ауысыммен оқу жалғасып жатыр, бірақ ол мектептердің жанынан қосымша ғимараттар тұрғызылып жатыр. Биылғы оқу жылы аяқталғанға дейін бірнеше мектеп пайдалануға берілейін деп отыр. Мен депутат ретінде осы оқу мекемелеріндегі құрылыс жұмысын ұдайы назарда ұстап келемін. Сондай-ақ «Астана су арнасы», «Астана көгалдандыру құрылысы» кәсіпорындары жұмысшыларымен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша мәліметтерді білдім. Қаланы сумен қамтамасыз ететін нысандардың жұмысымен де таныстым. Осындай жұмыстар арқылы орын алған проблемаларды қала басшылығына жеткіземін, қажет болған жағдайда, заңнамалық тұрғыдан өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мүдделік танытамын, – дейді Дәулет Болатұлы.

Кездесуге келген ардагерлер қауымы депутатқа өздерін толғандырған сауалдарын да қойды. Дәулет ­Тұрлыханов әрбір сұраққа егжей-­тегжейлі жауап берді. Ардагерлер тарапынан, әсіресе, жастардың жаман әдеттерге бой ұсынып бара жатқаны туралы сауал көп қойылды. Бұл ретте депутат Мәжілістегі жұмысында есірткі, зиянды сусын-ішімдіктер, электронды темекінің жастарға тигізіп отырған зардабы туралы бірнеше рет депутаттық сауал жасағанын, осы бағытта заңдылықты қатайту жөнінде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Кездесу барысында депутат зейнеткерлердің қолөнерін тамашалап, спортпен шұғылданып жүрген ардагерлермен емін-еркін әңгімелесті. «Белсенді өмір сүру орталығы» мекемесінің ұжымына және жұмысына ризашылығын білдірді.

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button