ӘлеуметЖаңалықтар

Асарлатып қар күрейік!



bez-imeni-1

4-5 наурыз күндері елордада жалпықалалық сенбілік өтеді. Күн жылына баста­ғанда қыс бойы қол­да­­рынан күрек түспе­ген  комму­налдық қыз­мет­­кер­лердің жұ­мысы одан сайын күр­делене түседі. Биыл елордада әдет­те­гіден тым көп түс­кен қар­дың еруі су басу қау­пін кү­шей­тетіні анық.

Бұл жағдайдың алдын алуға қала тұрғындарының да бейжай қарамағаны маңызды.
Осы мақсатта астаналықтарды асарлатып қар күреуге ша­қырған «Көктемгі Астана» атты жалпықалалық сенбілігі ұйым­дастырылады.
Қала тұрғындарын ортақ іске ұйыстыратын шара ең алдымен су тасқынының алдын алуға бағытталып отыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында Коммуналдық ша­руашылық басқармасының басшысы Нұрлан Солтам­беков пен «Астана Тазалық» ЖШС директоры Боранбай Болатбеков егжей-тегжейлі айтып берді.

Бұл сенбіліктің бұрынғыдан өзгешелігі – шаһар жұртының қыстан қалған қоқсықты жиып-сыпыруға ғана емес, күрелмей қалған күртік қарды тазалауға күш біріктіруі. Осылайша тұрғындардың тірлігімен ком­му­налдық қызметкерлердің бір­шама шаруасы түгесіліп қалмақ.
Сенбілік екі кезеңнен тұрады. Алдымен елордалық­тардың қолғабыс етуімен аулалардың қары күреледі. Бұл шара екі күнге созылады. Одан кейін қалған шаруаны қаланың та­за­лықшылары өздері жай­ғастырады. Яғни, жиналған қар іргедегі полигондарға шыға­рылады.
Астана қаласының Комму­налдық шаруашылық басқарма­сының басшысы Нұрлан Сол­тамбековтің айтуынша, аталмыш іске 600-ге жуық жастар атсалысуға ниет білдіріп отыр. Олар жалғызілікті қарт­тардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, көмекке мұқтаж адамдардың үйіне барып, аулаларын тазалауға, жинап-реттеуге қол ұшын созады.
Елорда әкімдігінің тарапынан бұл шаруаға 180 арнаулы техника тартылады. Оның 30-ы аула ішіндегі қарларды жинауға жегілсе, 150-і қарды тиеп, қала сыртына шығарады.
«Астана Тазалық» мекеме­сінің басшысы Боранбай Бо­лат­беков қыс басталғалы қа­лада 4,4 млн текше метр қар жиналғанын мәлімдеді. Бұл – қар күреу жұмыстарының өткен жылмен салыстырғанда еселене түскенінің айғағы. Былтыр бір қыста жалпы 2,5 млн текше метр қар шыға­рылған. Ал биыл жердің әлі ағарып жатқанын ескерсек, тазаланатын қардың ауқымы 5,5 млн текше метрге дейін жетуі ықтимал.
Жалпы қазіргі уақытта Астанада қар күреу шаруасына 353 техника мен 25 мердігерлік ұйым жұмыл­дырылған.
Бүгінде Астанада көктемгі су тасқынына қарсы шаралардың кешенді жоспары әзірленген. Қазір су басу қаупі бар 37 ай­мақ – бақылауда. Әсіресе, Көктал, Ильинка, Өндіріс, Железнодорожный, Пригородный, Оңтүстік-Шығыс, жаңа теміржол вокзалы, әуежай, газ аппаратурасының аймақтары айрықша қадағалануда.
Аулалар тазалығын тәртіпке келтірерде кәсіпорын нысан­дарының маңындағы қардың күрелуіне мән беріледі. Мәселен, Сарыарқа ауданының әкімдігі өткен аптада есік алдындағы қарын жинамағаны үшін 500-ге жуық кәсіпкерге ескерту берген. Оның біразына айыппұл белгіленіп, әкімшілік жазаға тартылған. Сондықтан бұл сенбіліктен қала тұрғындарымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің қалыс қалмағаны абзал.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button