Басты ақпаратМәдениетСұхбат

Асхат МАЕМИРОВ, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры: ҰЛТТЫҢ МӘДЕНИ МҰРАСЫН ҰЛЫҚТАЙМЫЗ



Алпыс жылға жуық тарихы бар, қазақтың ән-күй және би өнерінің небір майталмандары бастауында тұрған «Қазақконцерт» бірлестігі Астана төрінде мемлекеттік концерттік ұйым болып қайта құрылғанда оқырмандарымызды оның тыныс-тіршілігімен таныс­тырғанбыз. Өнер ұжымының басты мақсаты – тамырын тереңнен тартатын музыкалық дәстүрді сақтау, оны дамыту, қазақстандық өнердің озық жетістіктерін насихаттау, жас дарындарға қолдау көрсету. Оның өзі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы айқындаған міндеттермен қабысып жатыр. Осы орайда концерттік ұйымның директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану бойынша PhD докторы Асхат МАЕМИРОВПЕН алдағы жұмыс бағыты және өнердің өзекті мәселелері жөнінде сұхбаттас­тық.

 

МЮЗИКЛДІ МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАМАСА, САХНАҒА ШЫҒАРУ ҚИЫНДАУ

– «Қазақконцерт» ұйымы бірнеше ұжымның басын қосып отырғанын білеміз. Алдымен осы ұжымдар туралы, шығармашылық жоспар жайлы әңгіме өрбітсеңіз.
– Ұйым құрамындағы негізгі ұжымдар: «Солистер академиясы» симфониялық оркестрі, оның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева; «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі – өзіммін. Қазір бізде «Астана сазы» және «Номад» аталатын этно-фольклорлық топтар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, жиырмаға жуық әртісіміз Алматы қаласындағы филиалда еңбектенуде.

Филиал директоры – Қазақстанның Халық артисі Алтынбек Қоразбаев. Ал Астанада Димаш Құдайберген бастаған солистеріміз бар. Олардың саны көп емес, төрт-бес адам. Атап айтсақ, көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбек, Ерлан Рысқали, Алмас Кішкенбаев және Адам атты әнші. Негізгі солистеріміз – Алматыда.

Өткенде олар Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын аралап қайтты. Халықтың ықыласы ерекше болды. Күніне екі-үш реттен берілген концерттердің бәрі аншлагпен өтті. Әртістеріміз аудандарға, елді мекендерге барды. Бұл – өте керек дүние. Себебі «Қазақконцерттің» әу бастағы миссиясы тек қана еліміздің басты қалалары ғана емес, аймақтағы жұртшылыққа рухани нәр сыйлау.

Оның сыртында мемлекетіміздің мәдениетін шет елдерге дәріптеу. Дәл қазіргі уақытта «Солистер академиясы» симфониялық оркестрі Италия мемлекетінде гастрольдік сапарда жүр. Ұжым сол елдің қалаларын 15 күндей аралап, италиялықтарға қазақстандық композиторлардың шығармаларын таныстырады. Бұл Елбасымыздың бағдарламалық мақаласындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асады.

Тыва елінде биыл екінші мәрте түркітілдес мемлекеттердің этно-фольклорлық музыка фестивалі өтеді. Оған біздің еліміздің атынан «Номад» тобы қатысып жатыр.

– «Astana Musical» театрының тұсаукесер қойылымы – «Достар серті» мюзиклін тамашалағанымыз бар. Өз басым сәтті шықты деп айта аламын. Жуырда әлемге танымал франция композиторы Жерар Пресгурвиктің «Ромео мен Джульетта» қойылымын сахналадыңыз. Осыған толығырақ тоқталсаңыз.
– Алдымен мынаны айту керек: кез келген мюзиклді мемлекет қолдамаса, сахнаға шығару қиындау. Себебі оның киімі, декорациясы, 3D, галографиялық суреттері, әндерді өңдеу, музыкалық шығармаларды оркестрге түсіру, авторлық құқыққа бір реттік лицензия сатып алу қыруар қаржыны талап етеді.

Қаланың бюджетіне ғана қарап отырған театрлар бұған қол жеткізе алмайды, өйткені белгілі бір лимит бар. Ал Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде біздің екі мюзиклімізді арнайы қаржыландырып отыр.

Оның алғашқысы – «Ромео мен Джульеттаны» қойдық. Ол халықтың ыстық ықыласына ие болды. Бір жарым айда бұл мюзиклді 30 рет көрсеттік. Тамыз айының ортасында осы мюзикл көрермендерге қайтадан жол тартайын деп отыр.

Мюзиклді қазақ тіліне аударып, өлеңмен өрнектеген – белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнәр Салықбай. «Ромео мен Джульетта» осыған дейін 12 мемлекетте қойылды. Біз ресми түрде он үшінші мемлекет болып отырмыз.

АСТАНА ДА МАХАББАТТЫҢ ШЫНАЙЫ МЕКЕНІНЕ  АЙНАЛАДЫ

– Екінші мюзикл туралы да айта отырсаңыз?
– Ол «Астана – менің махаббатым» деп аталады. Мюзиклдің либреттосын белгілі ақын Бақыт Қайырбеков жазды. Казақстандық композиторлардың шығармалары қолданылатын қойылымның негізгі музыкасын – увертюраларын, жеке арияларды, хор партияларын Артур Оренбургский жазып шықты. Қазір музыканы оркестрге түсіру, хор партияларын өңдеу секілді шығармашылық процесс қызу жүріп жатыр. Әртістер мюзиклдің хореографиялық композицияларын үйренуде.

Премьерасын қыркүйектің басына қойып отырмыз. Онда елорданың келбеті көрініп, Астана армандардың орындалып, үкілі үміттердің ақталатын қаласы ретінде сипатталады. Әсіресе, «Бәйтеректің» қасиетін, киесін ашып көрсеткіміз келіп отыр. Яғни, «Бәйтерекке» шын ниетімен алақанын жайып келген адамның тілегі қабыл болатынын ашқымыз келеді.

Желісін айтсам, өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы аштық кезінде жер ауып кеткен жас бала кейін ақсақалға айналады. Франция­да тұратын ол Жанар атты туған немересін атамекеніне жібереді. Жанар Астанаға келіп, халықаралық әншілер байқауына қатысады. Жеңімпаз атанып, осы жерде Батыл деген өзінің махаб­батын кездестіреді.

Жанардың махаббаты жолы болмай, мамандығын анықтай алмай жүрген жігітті өзгертеді. Содан Батылда нағыз қазақ жігітіне тән бүкіл қасиеттер ашыла түседі, ол өзін қалай тұлғаға айналып кеткенін де аңғармай қалады. Бұл қойылымда екі жастың махаббатын арқау етіп, сол арқылы ұлтымыз сақтаған отбасылық құндылықтарды насихаттамақпыз.

Жанардың аузына «Эйфель мұнарасының қасында жүріп, Париж ғана махаббат қаласы деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, махаббаттың шынайы мекені, ғашықтардың өлкесі – Астана екен ғой» деген сөзді салып, жастарды шынайы сезімнің тереңіне бойлатпақпыз.

– Алмас Серкебаевтың «Астана» атты мюзиклі бар емес пе? Елорда туралы тағы бір осы жанрдағы шығарма артық болады деп ойламайсыз ба?
– Астана туралы Серік Еркінбековтің де мюзиклі бар. Кезінде Нұрқанат Жақыпбай мұны Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерімен қойған. Ал Алмас ағамыздың мюзиклі жапон жігіті мен қазақ қызының ортасындағы махаббат жайлы сыр шертеді. Меніңше, елорда туралы осындай музыкалық шығармалар қойыла беруі керек

. Пьесалар жазылып, драмалар сахналанып, киноны да түсіруді жалғастыра беруіміз қажет. Олар артық етпейді. А.Серкебаевтың «Астана» мюзиклі көрермендерін тәнті еткен дүние. Ал біздің дәл қазір сахналап жатқан туындымыз ХХІ ғасырдың 2017 жылындағы жастардың көзқарасымен қойылады.

АЛДАҒЫ КҮНДЕРІ ҚОЗЫ МЕН БАЯНҒА ОРАЛҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ

– Мюзикл – қазақ сахнасына жаңадан келіп жатқан жанр. Өткен жылдың аяғында «Astana Musical» театрының осы жанрдағы атақты шығармалардан құралған «Мюзикл әлеміне саяхат» атты бағдарламасын көрген едік. Өзіңіз шетелде білім алдыңыз, мюзиклді қойғанда қай елден үлгі алуымыз керек деп ойлайсыз? АҚШ-тың Бродвейінен бе, әлде Франциядан ба?

– Еуропа мен Американың киносы да, театры да, мюзиклі да, жалпы музыкасы, мәдениеті бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан салыстырудың да қисыны келе қоймайтын болар. Мәселен, Франция мюзиклі романтикаға толы. Мюзикл сазындағы лирикалық сезімдермен адамның жүрегін баурайды. Онда көрерменнің эмоциясына әсер ететін элементтер көп болады. Мысал үшін «Ромео мен Джульеттаны», «Нотр Дам-де-Пари» сияқты мюзиклдерді алуға болады.

Ал Америкадағы қойлымдардың өзгешелігі, онда әлеуметтік мәселелер жиі қозғалады. Олардың қатарында «Чикагоны» айтсақ та жеткілікті. Музыкасында да өршілдік бар, экспрессия бар. Оның өлшемі, ырғағы мүлде басқа. Еуропада романтика басым болса, Америкада джаз элементтері көбірек кездеседі. Сондықтан қойылатын мюзиклдің бағытына, тақырыбына, идеясына, құрылымына байланысты өзгерістерді енгізіп жатамыз.

Мәселен, «Ромео мен Джульеттаны» қойғанымызда кейіпкерлерді француз боп ойнаңдар деп үйреткен жоқпыз. Керісінше, қазақтың құнарлы тілін, бейнелі сөздерін бойға сіңіріп, өз ұлтымызға тән құндылықтарды ту еткенін құп көрдік. Режиссер ретінде қойылымға келген жастар Ромео мен Джульетта арқылы өздерінің жүректеріндегі асқақ арманды, асыл сезімді актерлер ойынынан көре білуі керек деген бағыт бердім.

– Мюзиклді тарихи тақырыпқа қоюға бола ма? Мысалы, осы жанр арқылы Қазақ хандығы тарихын сахнаға алып шығарсақ...
– Меніңше, болады. Қазір Қозы көрпеш пен Баян сұлудың тағдырын, лиро-эпостық аңыздарды арқау еткен, Ғабит Мүсіреповтің ақ өлеңінің негізінде жазылған композитор Арман Дүйсеновтің музыкасы бар. Алдағы күндері Қозы мен Баянға оралғымыз келеді. Жалпы алғанда қазақта ғашықтық дастандар көп қой. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов драмалары арқылы жеткізіп кеткен «Қара қыпшақ Қобыланды», «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек», «Қарагөз», «Ақан сері-Ақтоқты» сияқты шығармаларды мюзиклдің заңдылығына салып, әрі қарай насихаттауымыз қажет.

Балаларды да ұмытпауымыз керек. Өткенде «Ер Төстікті» қойдық. Оның режиссері Е.Нұртазинмен осы шығарманың сценографиялық шешімін қайтадан өзгерту жөнінде сөйлесіп жатырмын. Балдырғандарды көбірек тарту үшін оны жаңаша қою керек, себебі декорациясыз болмайды. Сол сияқты, «Алдар көсе», «Толағай», «Алпамыс батыр» сынды ертегілерді заманауи формалармен сахналау арқылы балаларды ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауға үйрету қажет.

ӨНЕР ТАҚЫР ЖЕРДЕН ТУМАЙДЫ

– Қазақ өнері тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған көптеген аңыз тұлғалар «Қазақконцерттің» бастауында тұр. Қазіргі таңда солардың аттарын жаңғыртуды қолға алғалы жатқандарыңызды естіп, қуанып отырмыз. Енді артқа қарай сәл шегініс жасасақ…

– Кешегісіз бүгін жоқ. Тарих – біздің рухани өзегіміз. Алда «Қазақконцерттің» алтын қорындағы үндерді естіртіп, халыққа жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі ұрпақ Рабиға Есімжанова, Жамал Омарова, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, тағы осы сияқты өнер саңлақтарының дауыстарын естуі керек. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында да ұлттық тамырымызға үңілу, рухани құндылықтарды осы заманға жеткізу жайлы айтылады. Бұл – ұлттың мәдени мұрасы.

Сондықтан осындай ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғаларымыздың, қазіргі тілмен айтқанда, брендтеріміздің өнерін жастарымыздың бойына сіңіру керек. Өнер тақыр жерден тумағандығын, оның бастауы арғы жағында жатқанын ұғындыру қажет. Бір сөзбен айтқанда, аттары аталған тұлғалар кешегі және бүгінгі заман арасындағы алтын көпіріміз. Оларды ұлықтау арқылы ұлттың мәдени мұрасын ұлықтаймыз.

«Москонцерт» өзінің бұрынғы құрылымын сақтап қалды. Оның құрамында Михаил Жванецкийдің миниатюра, Евгений Петросянның пародия, балаларға арналған және өзге де өнер ұжымдарын қосқанда жетіге жуық театр бар. Ішінде балет және жастардың труппалары бар. Оның сыртында орыс әндерінің халық ансамбльдері сияқты жиырмадан астам топтар, классикалық триолар, квартеттер жұмыс істейді. Бізде де Мәскеуде жақсы сақталып қалған кәсіби шығармашылық жүйені жаңғырту керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, озығын алып қалу қажет. Қазіргі нарықтық экономика, бүгінгі арт-менеджмент талаптарына да сүйенуіміз керек.

– Шертпе күйдің шебері Мағауия Хамзин да «Қазақконцерттің» құрамында өнер көрсетті. Оның осыдан тура жарты ғасыр бұрын Ермек Серкебаев екеуі Канада елінің Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО-67» көрмесіне қатысқаны туралы дерек кездеседі. Күйшінің туғанына биыл 90 жыл толады. Осы орайда Мағауия атамызға да арнап концерт өткізсеңіз деген ұсынысымыз бар.
– Өте құптарлық ұсыныс. Он жасынан домбыраны жанына серік еткен Мағауия Хамзин – шертпе күйдің көрнекті өкілі. Тәтімбет күйлеріне өзгеше үн бітіре білді. 1961 жылдан бастап «Қазақконцерт»-те еңбек етті. Оның сыр­тында Тоқа, Дайрабай, Әбді, Аққыз, т.б. халық композиторларының шығармашылық мұрасын елімізге жеткізді. Сондықтан желтоқсан айына арнайы өнер кешін өткіземіз.

– Мюзикл жанрына қайтып оралсақ, драмалық қойылымдарды сахналап жүрген режиссерлер мюзиклді қоя ала ма?
– Егер режиссердің музыкалық қарым-қабілеті болмаса, музыканың заңдылықтарын игермесе, қиындау болады. Драма режиссерлері де оған бара қоймайды. Себебі музыкалық партитурасында жазылғанды ажырата білу керек. Тенорға берілетін партияны баритонға беріп немесе альт партиясын сопраноға беруге болмайды.

Ең алдымен режиссер дауыстарды танитындай жағдайда болуы тиіс. Екіншіден, драмалық шығармалар себеп-салдарлық жүйесінен туған, ал мюзикл құрылымдық ойлау жүйесінен құралады. Көбінесе мюзиклге, операға шартты театрдың элементтері тән, ал драма театрларына негізінен реалистік театрлардың заңдылықтары келеді. Сондықтан осындай қарама-қайшылықтардың ара-жігін ажырата білу қажет. Сондай-ақ, режиссерлік талап, мақсат әртіске қойылған кезде нақты берілуі тиіс.

Яғни, мюзиклде вокалдық партиялар, хор партиялары жатталмай, дайындық басталмайды. Драма театрларында драматургиялық оқылым болса, мюзиклдерде музыкалық оқылым болады. Ол ұзақ уақытты талап етеді.

– Меніңше, мюзикл қоятын режиссерлер жағынан тапшылық сезіледі. Мәселен, Есләм Нұртазиннің атын атап отырсыз, бұл салада тағы кімдер бар?

– Нұрқанат Жақыпбай мюзикл қояды. Сайлау Қамиев магистратураны музыкалық театр режиссері мамандығы бойынша бітірді. Ол өзінің дипломдық қойылымдарын қойды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанда, Қаллеки театрында «Қыз Жібекті» сахналады. Елік Нұрсұлтан музыкалық қойылымдарды Алматыда қойып жүр. Расымен, осыған маманданған режиссерлер санаулы.
Ол үшін көп оқып, іздену керек. Өзіме келсем, «Нотр Дам-де-Пари» мюзиклінің авторлық құқығына ие болған продюсерлік орталықпен келісім жүргізіп жатырмыз. «Вестсайд оқиғасы» мюзиклі де кезекте тұр. Осы саланы қазір заңдылық тұрғысынан игердік. Мюзиклды алып, қоя салуға болмайтынын білдік. Ол адамнан үлкен құқықтық жауапкершілікті талап етеді.

ЖАС РЕЖИССЕРЛЕРДІҢ ФЕСТИВАЛЬ-ФОРУМЫ ӨТЕДІ

– Сіздің атыңыз драма режиссері ретінде танымал. Әңгімемізді осы салаға бұрсақ.
– «Қазақстан театрлары» ассоциациясының вице-президентімін. Бұл қызметте мен қоғамдық негізде жүрмін, яғни еңбекақы алмаймын. Қазақстанның театр үдерісін реттеп отыратын үлкен ұйым керек болып, Еуропаның театр кеңістігін танып тәжірибе жинақтағаннан кейін осы қызметке келдім.

Ассоциация – жеке тұлғалардың емес, театрлардың басын қосады. Біздің мемлекетіміздегі театрлар алты тілде сөйлейді. Ассоциация президенті – көрнекті сахнагер Асанәлі Әшімов, мен бірінші вице-президенпін, ал аймақтар бойынша вице-президент – Ерлан Біләл. Этникалық театрлар бойынша – Любовь Ни. Биыл халықаралық Театр күні қарсаңында «Сахнагер» ұлттық сыйлығын тапсырдық. Бұл дәстүрлі түрде тапсырылатын сыйлық болады.

Мысалы, Ресейде бірнеше ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер тағайындаған сыйлықтар бар. Бірақ «Алтын маска» – ұлттық театр сыйлығы. Бізде бұрын кейбір облыс әкімдіктері мен қоғамдық бірлестіктер ұсынатын сыйлықтар ара-тұра боп тұратын. Алайда арнайы ұлттық театр сыйлығы жоқ болатын. Сол олқылықтың орны толды. Енді «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы бар.

Биылдың өзінде бес театр фестивалін өткізгелі отырмыз. Оның екеуі – Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған «Астана» І дүниежүзілік театр фестивалі және ІV республикалық этникалық (ұлттық) театрлардың фестивалі өтті.

Өмірден ерте кеткен Қайрат Сүгірбеков деген үнемі ізденісте жүретін, жаңашылдыққа, инновацияға құштар режиссер болды. Қазір соның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның атында І республикалық жас режиссерлердің фестиваль-форумын өткізейін деп жатырмыз. Оған Ресейден, Германиядан аттары танымал бір-екі режиссерді шақырғым кеп отыр. Бүгіндері келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар келіп, шеберлік сабақтарын өткізеді және режиссерлер лабораториясын жасақтайды.

Сондай-ақ, көрнекті театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған республикалық драма театрлар фестивалі қыркүйектік 8-13 күндері Астанада өтеді.

ӨЗ ҚАЗАНЫМЫЗДА ҚАЙНАП ЖАТЫРМЫЗ

– Астанада «Сахнадан сәлем» республикалық театр фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Биыл ол сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетовтің 85 жылдығына арналды. Бәлкім бұл фестивальді тұрақты түрде оның атында өткізу керек шығар, әлде Жақып Омаров сияқты елорданың театр өнеріне еңбек сіңірген тұлғалардың атына беру керек пе, қалай ойлайсыз?

– Фестивальдің аты әу бастан «Сахнадан сәлем» болып аталып кеткеннен кейін өзгерту қиындау болады деп ойлаймын. Бірақ бәрі ұйымдастыру алқасының қолында. Идеяңыз негізі дұрыс, Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін мәңгі есте қалдыру үшін бір фестиваль қажет-ақ.

– Қайрат Сүгірбековтің есімін айттыңыз. Бізде қазір жастардан драма режиссерлері шықпай жатқан сияқты. Мысалы, өзіңіз бен Гүлсина Мерғалиевадан басқа ешкім есімізге түспей тұр. Сосын өз қазанымызда қайнап жатқан сияқтымыз, бізге шетелден режиссерлер келіп жатса да, біздің режиссерлерді ешкім шақырмайды.
– Өз қазанымызда қайнап жатқанымызды жоққа шығармаймыз. Екінші бір мәселе, режиссерлер шетелдік әріптестермен байланыста болуы керек. Егер Әзірбайжан Мәмбетовтен кейін бізді ешкім шақырмай жатса, онда ойлануымыз керек. Ол алдағы күндердің еншісінде шығар, ақырындап оған да жете жатармыз. Мәселен, қазір Гүлсина Мерғалиева Саха республикасында қойылым қойғалы жатыр.

2-8 қыркүйек аралығында өтетін форум-фестивальде Елік Нұрсұлтан, Дина Жұмабаева, Фархат Молдағалиев, Жанат Телтаев, Фархадбек Қанафин, Болат Әбдірахманов және тағы басқа оннан астам жас режиссерлерді елдің алдына шығарып, таныстырғымыз келіп отыр.

– Сіз атаған есімдерге қарағанда, жас режиссерлер бар боп тұр ғой, насихаты аз ба сонда?

– Рас, насихаты аз боп тұр… Міне, Қ.Сүгірбеков атындағы республикалық жас режиссерлердің форум-фестивалі көп олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізетініне сеніміміз зор.
– Драматургияда да Әннас Бағдаттан басқа жастар жоқ секілді…

– Иә, Әннас бар, сосын Мәдина Омардың төрт шығармасы қазір театрларда сахналанып жатыр. Думан Рамазан тарихи драмаларды жазып жүр, рас жас драматургтер де санаулы. Қазір жас режиссерлерімізге көңіл бөліп жатырмыз. Келесі кезекте жас драматургтер лабораториясының жұмысын жүргізуді жүйелі түрде қолға алу жоспарымызда бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button