ЖаңалықтарМәдениет

ӘСИЯНЫҢ «ТЫЛСЫМ ӘЛЕМІ»



«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында «Hаs Sanat» өнер галереясында, көрме қалашығындағы Литва елінің павильонында және ҚР Ұлттық музейінде суретші Әсия Радавичененің «Тылсым әлем» атты көрмесі ұйымдастырылды. Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын Балтық жағалауын асқан қазақ қызының суреттерін соңғы аталған руханият ордасында 31 шілдеге дейін тамашалауға болады.

Экономика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтік ғылымдардың докторы Әсия Ғалымжанқызын қолына қылқалам алуға туған елге, өскен жерге деген сағыныш сезімі жетеледі. Ақтөбе қаласында дүниеге келіп, осы шаһардағы ұшқыштарды даярлайтын азаматтық авиацияның жоғары училищесінде дәріс беріп жүргенде болашақ ұшқыш Витаутастың етегінен ұстаған ол сүйіктісінің соңынан еріп, 1989 жылы Литваға қоныс аударды.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында 5-6 жыл бойы Қазақстанға келе алмады. Туғандарымен телефонмен сөйлесудің өзі мұң еді. Докторлық дәрежесі бола тұрып, сол мерзімде өзіне лайық жұмыс та табылмады. Литваның Жол қатынастары министрлігінде уақытша қызмет істегенде еңбек демалысына шығып, бейнелеу өнері құралдарын сататын дүкенге бас сұғады. «Сол кезде өз әлеміме енгендей болдым. Сурет салуға керек құралдардың бәрін қиналмай таңдап, сатып алдым. Бір айдың ішінде «Жас­тық шақтың түсі» атты алғашқы туындымды салып шықтым. Оған кіріскенде өзіме «бұл суретті салсам, кез келген картинаны салу қолымнан келеді» деген серт бердім. Жұбайым суретті көргенде қатты қуанды. Министрліктегі жұмысымды тастап, бірыңғай бейнелеу өнерімен айналысамын деген шешімімді де қолдады» дейді Әсия Ғалымжанқызы.

Қызметіндегі әріптестері кес­кіндеме өнері үшін жұмыстан кететінін естігенде, «көрмеңе шақыру күтеміз» деді кекесінмен. Содан тоғыз ай ішінде бес картина салып, Витаутастың көмегімен Литвада тұңғыш көрмесін өткізіп, бұрынғы әріптестерін шақырды. Астанада көрме өткізгенде де жұбайының екі аяғы дамыл көрмеді. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Литва павильонының комиссары Ромас Янкаускас, ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов көп қолдау көрсетті.

Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы:

– Әсия Ғалымжанқызының картиналарда батыс пен шығыс мәдениетінің синтезі көрініс табады. Суретші туған жерді, табиғатты сондай махаббатпен бейнелейді. Оның шығармашылығын айшықтайтын да осы тақырыптар. Картиналарында көшпенділердің рухы атойлайды. Сонымен қатар ғажап ертегіге жетелейді.

Жалпы алғанда Қазақстандағы алғашқы көрмесі осыдан бес жыл бұрын туған қаласы Ақтөбеде ұйымдастырылды. «Сол үшін жүк көлігімен 8 тәулік жол жүрдік» дейді суретші. Бұған қоса Түркияның Ыстамбұл қаласында да көрмесі өткен. Қоржынында әзірше 21 картинасы бар суретшінің туындыларының біразы елордаға әкелінді. Олар негізінен Литвадағы өмірді, туған елді аңсаудан ақ қағаз бетіне құйылған көріністерді бейнелейді. Сондай-ақ, Мысыр циклі де бар. Балалық шағында әжесіне, Ақтөбенің Шалқар аймағына көп баратындықтан, шығармашылығында сол даланың келбеті де үлкен орын алады.

Суреттердің тақырыбы да «Диқан», «Тұлпар», «Арғымақ», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды батыр», «Дала қызы», «Алатау» болып аталып кете береді. «Бейнелеу өнерінде мен белгілі бір бағытты ұстанбаймын. Бұл – менің тылсым әлемім. Осы әлемім өзімді көрген түстеріме, ертегілерге, ән әлеміне жетелейді. Соның ішінде Пушкиннің, Литваның халық ертегілері, Абайдың романстары, Мұхтар Әуезовтің шығармалары, Қобыландының батырлығы бар» дейді Әсия Ғалымжанқызы.

Оның айтуынша, негізгі уақытын ол картиналарды салуға жұмсайды. Сондықтан Литвадағы қазақ диаспорасымен араласуына да қолы тие бермейді. «Туған елімнен жырақ кеткеніме көп уақыт болса да өзімді қазақ қызы сезінемін. Әрине, қазақ тілінде қазір нашар сөйлеймін, алайда оны түбегейлі ұмытпадым» дейді суретші.

Әсия Ғалымжанқызы сурет салумен қатар орыс тілінде өлең де жазады. Олардың көбісі де туған елге деген сағыныштан жазылған. Солардың қатарына «Қобыланды батыр», Құрманғазы күйінің әсерінен туындаған «Сарыарқа», «Тұлпар» атты жыр­лары жатады.

Қылқалам шеберінің табаны Астана топырағына осымен екінші рет тиіп отыр. Алғашқыда жиені Айжан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дипломын алғанда келіп, елорданы аралады. «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталуы тегін емес. Астанада сондай таусылмайтын энергия бар» дейді суретші қаладан алған әсері жөнінде. Қазақстанға келгенін пайдаланып, Абайдың орыс тілінде жарық көрген өлең кітабы мен «Қара сөздерін», өзі тыңдағанды жақсы көретін ұлы ақынның романстарын іздегені де бар. Біз өз тарапымыздан жырақтағы қазақ қызының елге деген сағынышын басып отырсын деп оған Кенжеғали Мыржықбайдың орындауындағы Абайдың әндері жазылған күйтабақты сыйладық.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button