Мәдениет

АСЛАННЫҢ ӘУЕНІ



IMG_5865

Аққұба өңді, жұдырықтай ғана бала. Көмейіне бозторғай ұялаған дерсіз. «Біржан сал, Ақан сері, Мұхиттардың ізбасарымын» дейді өзі. Құдай тіл-көзден аман қылсын! Ән айдынына құлаш сермеген астаналық өреннің талабы қуантады. Содан кейін ғой қолыма қалам алып, бірер сәт жүздесуімізден түйгенімді қағазға түсіруге бекінгенім.

Аслан Амангелдиевтің ән өлкесіне келуі де қызықтау. Өнердің қадірін бір кісідей білетін, көздері ашық ата-ана тұңғыштарының қандай үйірмеге икемі барын әдепкіден бақылап жүретін-ді. «Мен ілгеріде боксқа ынтасы бар ауыл балаларын жинап, тәрбиелегенім бар. Қарадомалақтардың қай-қайсы да спортқа үйір-ақ. Бірақ солардың ішінен тек боксты алып кете алатынын таңдау қиынға соғатын еді. Сонда да болашақ былғары қолғап шеберін іздеуден танбайтынмын. Сол сияқты, ұлым Асланның да бойынан бір талаптың ұшқынын іздедім. Алғашында өзімнің мамандығыма қарай сүйрегенім рас, алайда, Асланның арманы ән айту болып шықты» дейді күліп әкесі Асхат.
Иә, елордадағы №48 мектеп-лицейдің үшінші сыныбының табалдырығын аттағаны сол еді. Білім ошағына отыз жылдық тәжірибесі бар ұстаз Бронислав Бугинов келді. Дарынды ұл-қызды даусынан танитын мұғалім бір топ оқушыны өзінің сынағынан өткізеді. Ішінде кішкентай Аслан да бар. Ұстаздың таңдауынан сүрінбегендердің қатарынан да біздің кейіпкеріміз табылады. «Мен мұны киелі өнердегі алғашқы баспалдақтарым деп білемін. Ұстазымыз іріктеуден өткен бірнешеуімізді жетектеп Оқушылар сарайына алып барды. Мені вокал үйірмесіне жазды» дейді Аслан. Шәкіртті қырға да, қияға да салып шыңдайтын ұстаз емес пе, қызығы сол, үйірме табалдырығын аттаған кішкентай Асланның дауысы күн санап ашыла берді.
«Мен баламның әр күнін бақылаумен болдым. Бронисав Казисовичтен тәлім алып жүрген Асланда сергектік пайда бола бастады. Сонда ұлымның өз жолын таңдағанына анық көзім жетті. Өйткені, бар-жоғы алты айда Асланның дауысы кәдімгідей ашылып, сахнада өзін еркін ұстайтын болды. Шынымды айтсам, дәл мұндай өзгерісті күткен жоқ едім. Өмірде осындай да шын ұстаздар болады екен» дейді таңданысын жасыра алмаған анасы Әйгерім.
Айтпақшы, Аслан жақында ғана Мәскеуден оралған. Құралақан емес, қанжығасы майлы. «Болашақ қазірден басталады» атты халықаралық фестивальден үшінші орынды иеленіп қайтты. Оның бұл уақытқа дейінгі жетістіктері де аз емес. «Ақ көгершін», «Әнші балапан» сияқты республикалық, халықаралық байқаулардан жүлделі оралып жүр. Қазіргі эстрада жұлдыздарынан Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалованы сүйіп тыңдайды екен. Ал өзінің репертуарында «Астана», «Ана туралы баллада», «Дудар-ай» және «Назқоңыр» сынды патриоттық, халық әндері бар.
«Болам деген баламның бетін қақпа, белін бу» деген қазақтың ұрпағымыз. Асланның алар асуы көбейгей, әуені алыс­тардан естілсін. Енді Түркияға қазақтың намысын жыртып аттанатын қарадомалақ ұлымызға осындай тілектестікпен қол бұлғадық.

Асхат РАЙҚҰЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button