Басты ақпаратҚоғам

Астана әдебі қандай болуы керек?

Астана – еліміздің бас қаласы. Күн сайын көркейіп, гүлденген әсем шаһарға Қазақстанда тұрып жатқан барлық халық тұрмақ, күллі әлем мойын созып қарап отыр. Әлем Президенттері ат басын тіреп отырған осынау елордамыздағы тұрғындардың мәдениеттілік деңгейі қандай мөлшерде? Осы тақырыпта орталарыңызға ой тастағым келеді.

Өзім Қарағанды облысының тумасымын, мамандығым – мұғалім, қазіргі кезде зейнеткермін. 30 жыл Қарағанды облысында, 30 жыл Көкшетау­да, 3 жыл Астанада Алланың қалауымен тіршілік етіп отыр­ған маған да, басқаға да осы үш қаланың тұрғындарының мәдениеттілігі, өздерін ұстау деңгейлері, сөйлеу, қарым-қатынас жасау мәдениеттерінің жетістіктері мен кемшіліктері тайға таңба басқандай көрініп тұратыны сөзсіз. Астанаға жан-жақтан келетіндердің ішінде, өңір жастарының мәдениеті өте төмен екені байқалады.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі». Қоғамдық орында кімдер шарылдап ұрсысып жатады? Кімдер өздеріне сеніп берілген пәтерлерді: «Ақшасын төледім!» деген ниетпен аямай шағып тастайды? Пәтерге кіріп алып, кімдер көп қабатты үйдің дәретханасында шылым шегеді? Қоғамдық көліктерде кімдер жиі жанжалдасады? Орыс тілді Сарыарқаның негізгі тұрғындарына «қазақша сөйле!» деп кімдер қоқаңдап жатады? Өздері басқа тілден бірауыз білмейтіні естерінде де жоқ! Саясат құрбанына ұшыраған Сарыарқа тумаларына жасалған басты қысастық қазақ мектептері жаппай жабылып, тек орыс мектептері ғана қалғанын білгісі келмейтіндер кімдер? Мектептерде, емханаларда жиі жанжал шығарып, ұстаздар мен дәрігерлерге, басқа да қызметкерлерге күн көрсетпейтіндер кімдер? Балаларына көңіл бөліп, тіпті қоқыс жәшігіне қолындағы кәмпит қағазын тастауды кімдер үйретпейді десек, айтпаса да түсініп отырсыз­дар. Олай дейтінім үсті-басы алқам-салқам, үй халатымен бала-шағасын көпқабатты үй алдында бағып отырғандардың көбі – оңтүстіктен, басқа да шет өңірлерден көшіп келгендер.

Баласының жерге кәмпит, печенье қағаздарын тастай салып жүргенін байқап: «Қарағым, балаларына қоқысты қоқыс жәшігіне таста» деп неге үйретпей отырсың?» дедім. Беті бүлк етпей маған безірейе қарап: «Ой, апа, қойыңызшы, қоқысты жинайтындар бар емес пе?» деп тыжырынды. Негізгі қызметтері бала табу деп түсінетін осы келіншектердің біразы ауық-ауық қалалық, облыстық әкімшіліктерге ентелей кіріп: «Тегін пәтер беріңдер!» деп шу шығарады екен.

Ықылым заманнан осы Сарыарқаны ата-бабамыз жайлаған. Көзімізді тырнап ашқалы Сарыарқа территориясынан шыққан да емеспіз. Заңды кезекке тұрғанымыз болмаса, пәтер мәселесі жөнінде шу шығару миымыз­ға кіріп те шықпайды ғой. Солай тәрбиеленгенбіз, бала-шағамызды солай ­тәрбие­лейміз.

Ұзын сөздің қысқасы: «Халқым-ау! Басшылар-ау! Үкімет басындағылар-ау! Мына мәдениетсіздікпен неге күрес­пейсіздер? Мектептерге, балабақшаға әдептілік ережелерін оқытатын арнау­лы сабақтар неге өткізуді қолға алмайсыз­дар? Неліктен бас қалаға бір көрпелерін қолтықтап алып, шұбырып жүретіндерді жинап алғансыздар? Неге жастарға өз өңірінде үйлер салынып, жұмысты Кеңес өкіметіндегіндей ұсынбайсыздар? Мына бетте тәжіктердің көрмесінде жеміс-жидек талаған халқы бар Астана түгілі, әлі әлем халқы бізді не деп атап, не айдар тағары беймәлім. Барлық мектептерде, оның ішінде елорда халқына «Астана әдебі» сабақтары мен ережелері айтылуы керек!

Біз күн санап, өмірдің базарынан қайтып келеміз, жастар өмір базарына бара жатыр емес пе? Ендеше, ешқашан кеш емес. Әдепті ­болайық демекпін.

Рымгүл РАҚЫМБЕК,

зейнеткер ұстаз

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button