Мәдениет

Астана ән салып тұрғандай…



_S4A7501

Бұл додада жыл сайын мыңдаған балғындар бақ сынайды. Бәсекелеседі. Толқиды. Сүрінеді. Қанаттанады. Алға ұмтылады. «Аялаған Астана» байқауының биылғы қатысушылары да сол соқпақтан өтті. Мықтылары финалда кездесті. Он екі бала. Бәрін біріктірген бір арман бар. Ол – жеңімпаз атану. Осы жолда кездесер ешқандай кедергіден тайсалмайды. Қайсарлықтарын жалт-жұлт еткен көздерінен көресің. Үш күнге созылған сайыстың басы-қасында жүріп, біз осыны аңғардық.

Жобаның іріктеу кезеңдері наурыз айында басталған. Қазылар алқасы он төрт облыс орталығы мен Астана, Алматы қалаларында болып, ең дарынды өрендерді таңдаған-ды. Нәтижесінде ақтаулық Жомарт Маратов, Нұрболат Наурызбек, Карина Шайгөзова, өскемендік Айжан Дәукенова, ақтөбелік Ақмерей Тәңірбергенова, атыраулық Алтынай Қадырбекова, алматылық Данэлия Төлешова, қызылжарлық Дина Диярат, қызылордалық Кәмила Болатбек, көкшетаулық Әділхан Махамбетов, шымкенттік Болат Садраддин және елордалық Ажар Жәрденбек жарыстың мәресіне жолдама алды. Бұл балалар 7 маусымнан бері Астанада жүр. Бір ай бойы отандық эстрада жұлдыздарымен бірге қызу дайындалыпты. Сахна саңлақтарының әрқайсысы – бір-бір баланың тәлімгері. Олар жас өнерпаздарға қолдау көрсетіп қана қоймай, сайыстың екінші күні «Жұлдызбен дуэт» шоуына да қатысты. Тәлімгерлердің арасында Жанар Дұғалова, Айқын, Адам, Мөлдір Әуелбекова, Әнел Арынова, Қайрат Түнтеков, Серік Ибрагимов, Қайрат Баекенов, Рүстем Жүгінісов пен «The jigits», «RinGo» топтары бар.
«Сондай-ақ финалистеріміз осы байқаудың бас продюсері Лина Арифуллинаның мектебінде вокал, хореография, сахналық шеберлік бойынша сабақтарға қатысып, әжептәуір тәжірибе жинақтады» дейді жобаның ұйымдастырушысы Гүлсайран Есенова.
Дайындықпен қатар, сайыскерлер Астананы аралап, қаланың көрікті жерлерімен танысып үлгеріпті.
Көптен күткен финал да басталды сонымен. Оқушылар сарайында өткен концертті «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирде көрсетті. Өнер көрсетіп болған бүлдіршіндер сахнадағы жайттарды былай шыға бере қызу талқыласып жатыр:
– Ақмерей, киімің былғанып қалыпты…
– Иә-ә-ә… Жүргізуші аға балық ұстаған қолымен мені көтеріп еді…
Томпақ қыз жейдесін қаққыштап, томсырайып тұр. Жанына жақындадым.
– Сәлем, Ақмерей! Қай жақтан келдің?
– Ақтөбе облысының Шалқар қаласынан… Сондағы №5 мектептің 5-сыныбын бітірдім.
Ақмерей бұған дейін де бірнеше бәйгеге қатысып, жүлде алып жүрген қыз екен. Республикалық «Менің Қазақстаным», «Ақ көгершін» ән байқауларының жеңімпазы болыпты.
– Сахнаға бойың үйренген шығар? Көпшілік алдына шыққанда жүрексінбедің бе?
– Бағана микрофон сөніп қалды. Сәл сасқалақтап қалдым. Ондай кездейсоқтықтарға үйрену керек бірақ, – деп жымиды.
Кәнігі әртістерше сөйлейді. Сахнаға төселгені көрініп тұр. Жалпы, сондағы бар баланың бойынан біз ерекше елгезектікті, алғырлықты байқадық. Қымсынып, именіп тұрғанын таппайсың. Шеттерінен қағілез, ашық. Өнер көрсетіп болған соң, грим бөлмесіне барып, бір-бірімен ақылдасады, қазылар алқасы берген ұпайларын салыстырады. Біреуі әнін дұрыс айтпай жатса, орта жолда тоқтатып, «былай айт» деп, түзеп жібереді. Кіп-кішкентай өнерпаздардың мұншалықты қамқорлықтарына, талпыныстарына іштей риза болады екенсің.
Ақтық сынның алғашқы кезеңі «Балалық шақтың әнұраны» деп аталды. Қатысушылар бұл күні балаларға арналған музыкалық шығармаларды орындаса, екінші күні танымал ертегілердің кейіпкерлерімен бірге ән шырқады. Ал «Атамекен» атты қорытынды кеште сайыскерлер Астананы, туған жерді әнге қосты.
Шілденің 6-сы күні дода өз мәресіне жетті. Алматыдан келген 8 жасар Данэлия Төлешова бас жүлдемен бірге «Көрермендер көзайымы» номинациясын да иемденді. Енді Данэлия тамыз айында өтетін халықаралық «Детская новая волна» байқауында біздің елдің намысын қорғайтын болады. Жеңімпаз қыз «Қазақстан» ұлттық арнасы тағайындаған сыйлыққа да қол жеткізіп, бір жыл бойы «Балапан» телеарнасынан өз өнерін көрсетуге мүмкіндік алды. Бәйгенің 1-орыны шымкенттік Болат Садраддинге бұйырса, 2-орынды Маңғыстау облысының үміткері Жомарт Маратов иеленді. Сондай-ақ Жомартқа Астана қаласы әкімінің арнайы сыйлығы да табысталды. Оның орындаған «Маленький принц» әні шынымен де көптің көңілінен шыққан болатын. Ал ақтаулық өнерпаз Карина Шайгузова 3-тұғырдан көрінді.
Өнерпаздарды әнші Нұрлан Абдуллин, Алмас Кішкенбаев, ресейлік продюсер Митя Фомин және «Детская новая волна» конкурсының директоры Александр Румянцев бағалаған еді. Балалардың өнерін таразылап, қазылық жасау аса қиын іс екенін білеміз. Бұл ойымызды Алмас Кішкенбаев да растады. «Барынша әділ, жан-жақты сараптауға тырыстық. Бір қуанатыным, жобаның деңгейі еш төмендемеді. Әдетте қандай да бір жаңа конкурстардың алғашқы маусымы ойдағыдай өтіп, кейінірек сұйылып кетіп жатады ғой. Үшінші рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан, «Аялаған Астананың» бұл жолғы аясы да өте кең әрі ауқымды болды» дейді ол.

P.S. Оқушылар сарайынан шыққан соң, балғын таланттардың тәтті үні біразға дейін құлағымнан кеткен жоқ. Маған тек олар ғана емес, бүкіл Астана ән салып тұрғандай көрінді…

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button