Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНА – АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекеттік Ту көкке көтерілді.

– Біз елорда күні қарсаңында мемлекеттік туымызды көтеру рәсімін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. 25 жыл ішінде біз Қазақстанды бір тудың астына біріккен біртұтас ұлт ретінде қалыптастыра алдық, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Шынында, жас Астана тарихы ақиқатқа айналған арманымыз­дың жылнамасы іспетті. Осы уақыт аралығында еліміздің барлық өңірінен келген жүз мыңдаған қазақстандық елордамыздың құрылысы мен қалыптасуына елеулі үлестерін қоса білді. Әр қазақтың жүрегіне жақын, өз қолымызбен тұрғызып жатқан елорда еліміздің жаңа рухани-мәдени орталығына айналды.

«Қазақстанның көк байрағы әлемнің көптеген ірі ареналарында ұлтымыздың мерейі үстем болғанда желбірейді.Біз елімізге деген шынайы қуаныш пен мақтаныш сезіміне толы сәттерге Алматыда өткен Қысқы универсиада ойындарының барысында куә болдық. Аспан түстес көк туымыздың астында Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Біз қақтығысып жатқан тараптарды келісімге келіп, татуласуға шақыратын мемлекетке айналдық.

Сол арқылы беделіміз де артып келеді. Біз жер бетінде бейбітшілік орнату үшін күресіп, ядролық қарудың жойылуына атсалысудамыз. Біз сенімге ие болып, біртұтас әрі толерантты қоғамда өмір сүрудеміз. Сондықтан мұнда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп келеміз» дей келе Мемлекет басшысы Астананың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі мен мәнінің жоғары екенін айтты. «Астана – мүмкіндіктеріміздің, халқымыздың ұлылығы мен ауызбіршілігінің нышаны. Елордамыз – Орталық Азияның, бүкіл Азия құрлығының маржаны. Біз бас қаламызды сүйеміз, ал қонақтарымыз оған тамсана қарайды» деді Президент.

Салтанатты жиында Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектері Президент қолынан офицерлік шен алды. Жас офицерлер Елбасының алдында отанымыздың қауіпсіздігін қорғауға ант берді. Жиын соңында Мемлекет басшысы астаналықтар мен қала қонақтарын елорда тойымен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button