Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана – азаттықтың сүйіншісі



«Elorda Aqparat» ЖШС Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған «Тәуелсіздік және елорда» атты республикалық мүшәйраға 103 автордан 206 өлең келіп түсті. Көрнекті ақындардан құралған қазылар алқасы бес авторды жеңімпаз деп таныды. Төменде бәйгеде топ жарған өлеңдерді оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

І ОРЫН

Ілияс МҰҚАЕВ 

АЗАТТЫҚ ЖЫРЫ

Төк, Тәңірім, нұрыңды,

Шарықта елдің сазды әні.

Өлгеніміз – тірілді,

Өшкеніміз – маздады.

Керек пе енді бос күмән?

Бүтінделді жартымыз.

Алты қырдың астынан,

Асып түсті даңқымыз.

Жат жанынан түңілді,

Парыз да жоқ өтелмес.

Бет-беделді бүгінгі,

Алпыс атан көтермес.

Көк туымыз желбіреп,

Көкте күн де шат күлді.

Жүрегіміз елжіреп,

Жарылуға шақ тұрды.

Тарқамаған базары,

Елден Ерім бата алды.

Астананың ажары,

Жалт қаратты жаһанды.

Бағымызды асырдық,

Әділетке жүгіндік.

Алақандай ашылдық,

Жұдырықтай жұмылдық.

Біз секілді әр елге,

Төрден орын тиіп пе?!

Түбіріміз – тереңде,

Тұғырымыз – биікте!

Дәстүріміз жаңғырып,

Туды ғажап күніміз.

Жаса бізбен мәңгілік,

ҰЛТТЫҚ АЗАТТЫҒЫМЫЗ!!!

 

КӨКШЕ ТЕҢІЗ

Көкше теңіз…

Жалаң аяқ жағаңды көп кешеміз.

Алшаң басып, жұртқа асқақ көрінгенмен,

Біздің де шылқып жүрген жоқ шекеміз.

Көкше теңіз…

Күнде кетіп жатса да көпке есеміз…

Жалымызды (жығылған) күдірейтіп,

«Бөрі арығын білдірмес» деп бөсеміз.

Жараланбай…

Шақтар-ай, шалқып ұшқан шағалаңдай.

Бастағы бәскіл күйді кім ұғады?

Қағандай қапаланған қамал алмай.

Ақ айдыным…

Саған келсем сейілді талай мұңым.

Толқыныңдай жағаңда толқып тұрып,

Жанымның жамыраттым арай-нұрын.

Жерінбедім…

Сенен тапты күйреуік көңіл де емін.

Тұнығыңды лайлады Адам сенің,

Тұнығымды лайлады Өмір менің.

Іріні іздер…

Ести ме екен дариға-ай, үнімізді ел.

Қамысыңдай жайқалып тұрамыз да,

Барысыңдай құримыз түбі біздер.

Көкше теңіз…

Тірлікте жақынды жау… дос та етеміз.

Жағасында жалғанның Сен қаласың,

Біз өмірге бос келіп, бос кетеміз…

Көкше теңіз…

 

ІІ орын

Аршын НҰРБАҚЫТ

Тәуелсіздік

Шыңырауда қалған соңғы тамшыдай бағалы,

Жарлының алғаш тонындай киген жағалы.

Мың жылдық шөлге нөсер боп құйған телегей,

Аралда қалған жалғызға жақындаған кемедей.

Күркіреп көшкін қуғанда далда боп қалған төбедей, анам бір жайған өредей.

Қымбатсың ғой сен маған!

Терезені тырмалап анасын күткен сәбидей,

Татар дәмі біткенде көзді арбаған пәнидей.

Махаббатқа мәжнүн боп жан баураған сиқырлы,

Шымыр-шымыр жайылып буынды алған

күй сынды.

Мен бөлтірік, сен ене желден аулап исіңді –

Ұмтылдым ғой мен саған!

Аялаған жетімді алақанның табындай,

Үзілгенде тірсегім ұстап тұрған тамырдай.

Құйрығыммен ұшқанда, қанат болған талдырмай,

Көктемді аңсап келгенде, шалқып жатқан айдындай.

Ғасырлық тас түнекті жарып өткен жасындай,

Кешегі өткен қаблан ер Кененің ғазиз басындай! –

Қастерлісің сен маған!

Тамырым қаңсып қалғанда, қанып ішкен шәрбәттай,

Тамұқта күйіп жатқанда, жарқ ете қалған жәннәттай.

Шам түбінде жымыңдап орамал тіккен сұлудай,

Таудың иісі аңқыған әкемнен қалған жылудай.

Есігін іштен ілмеген атамның құтты төріндей,

Күннің иісі аңқыған әжемнен қалған мейірдей,–

Ыстықсың ғой сен маған!

Ояу көрген түсімдей – жалғандағы шындығым!

Ар мен рухты әлемге тарататын кіндігім.

Ақиқаты Алланың, көзімнің ақ пен қарасы –

Міне, бұл қазақ даласы!

Аңың үрікпесінші – томарың боп жатайын.

Құсың үрікпесінші – су түбіне батайын.

Жаса тәуелсіздігім! – тарқамайтын сағыныш!

Қазағыңды мәңгілік сапарларға алып ұш!

 

Ана

Алатаудың қабағы құрсаныпты –

Анамның омыртқасы қисайыпты.

Айдын көлдің ажарын мұң шалыпты –

Анамның омыртқасы қисайыпты.

Бозторғайдай шырылдап ала таңда,

Балапандай өсірдің алақанда.

Жарың кетіп отыздан аса бере,

Айдын көл де, сен болдың Алатау да!

Көз ұшында бұлдырап қалған дәурен,

Тағдырдың тас қамалын талқандаумен.

Еңбектеп көтердің ғой – беліңде ағам,

Қарындасым желкеңде, арқаңда мен.

Біз үшін өзің болдың мың толағай,

Жылытты қабағыңнан түскен арай.

Өсірем деп жүргенде ұл-қызыңды,

Шеміршегің де өсіпті ішке қарай.

Арқаңа салмақ салып табыт – ғалам,

Қу жалған ыржың-ыржың шалықтаған.

Сонда да ризамын тағдырыма,

Омыртқаң опырылмай қалыпты аман.

…Тәңірім сынамақ па тағы құлын,

Тар жерде тұтқа болды тағылымың,

Мен қағбаны іздептім пәруана боп…

Жәйнамазым екен ғой жауырының.

Шатағым жоқ, дыр-думан – алқасында,

Мінәжәт қып жатайын қалқасында,

Жердің шары шайқалмай аман тұрса,

Бәрі, бәрі ананың арқасында,

…Тыйлайын менде енді «көп ұрттаудан»,

Енді берер құтыңды кемітпе Аллам.

Анажан жатыңызшы, демалыңыз.

Тізерлеп сүйейінші омыртқаңнан!

 

ІІІ орын

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ

Алыпқа арнау

(Алаш арысы Мағжан Жұмабаевқа)

Тартқызды талай бабамның жоқтығы күйік,

Санамнан бір ой нөсер жыр төктірді құйып.

Алаштың туған бағына абыз кеуделі,

Ар сөзін сөйлер арыс ең, шоқтығы биік.

Беу, қазақ бүгін Азия барысы ма едің?

Таңдансын әлем, қазақтын танысын тегін.

Алладан кейін Алашты көкке көтеріп,

Сатылмаған соң, атылған арысым едің.

Арғымақ едің шабысты, төзімді, тарпаң,

Сыбаға қылып мен сұлу сөзімді тартам.

Намысы биік, наркескен ұлт болсам бүгін,

Марғасқа Мағжан маңмаңгер өзіңнің арқаң.

Құрым болаттай намысты отқа қайраған,

Жігерсіз болса түседі топқа қай балаң?

Мен қазақ деген ел болам еңсесі биік,

Баласы үшін бабасы басын оққа байлаған.

Әділдік үшін «хош» дедің жарыққа ғалам,

Дегендей сірә, мен үшін тарықпа балам.

«Халық жауы» деп құр босқа мылтық атқандар,

«Алып жауы» деп мен бүгін тарихқа жазам!

 

Астанам – азаттықтың сүйіншісі

Сан боздақ жанын қиып жолында арлы,

Қобыз дала Кеңсайда қорым салды.

Алатаудың тасында қалған арман,

Бәйтеректің басында орындалды.

Қиқымынан аспанның Ту алғанмын,

Бөркім бұлтқа тигенше қуанғанмын.

Тамырыңды, Бәйтерек, жанардағы,

Қуаныш жаңбырымен суарғанмын.

Абат қала түрлентті Арқа белін,

Сарыарқаға ел жетті сарқа демін.

Ақордам – ақ жаулығы анашымның,

Бәйтерек әкем сынды мәртебелім.

Дәмі берік дұшпанның күйінсе іші.

Оңға басар қазақтың жиылса ісі.

Қайғы-мұңым көмілген Ақмолаға,

Астанам – азаттықтың сүйіншісі.

 

ІІІ орын

Айдын БАЙЫС

АСТАНА

Беу, Астана!

Сені кім жырламады?

Мөлдірейді Есілдің мұң жанары.

Жерден алып жерге сап, жеки бермей,

Жақсы көре біліңдер бұл қаланы!

Оң жағасы Есілдің, сол жағасы,

Қараөткелде тұрғандай толғанасың.

Ару еді Алматы, сол арудың

Астанаңыз бұл күнде болды ағасы!

Айбары бар Алаш деп аспандаған!

Айтары бар әлемге, жасқанбаған!

Не көрмеген Астанам, кеше сенде

Қарақат қанша көзден жас парлаған.

Азаттықтың сен-дағы куәгері,

Азаттық деп Алаштың туады ері.

Хан Кененің әскері қан төккен жер,

Ақ мәрмәрға тұр бүгін шуақ еріп.

Сәулелі сәттерімнің сыңары ғып,

Көктемдегі бүршіктей туған үміт.

Көктейді екен өзіңде өскен шыбық,

Кешегі қан мен жасқа суғарылып!

Шарықтасын көгіңде асқақ ән көп!

Жылғадай жыр қосамын жас қалам боп.

Жүрегімнің төріне тұттым сені,

Себебі, сенен басқа Астанам жоқ!

 

БОЗОҚ МҰНАРАСЫ

– Тозаң жұтқан тарихтың үлесінде,

Кімдер келіп қайтпаған бұл Есілге?

Дәуірін түркі, қыпшақ бастан кешкен,

Бауырым, Бозоқ жайлы білесің бе?!

Археолог сөйлейді кесек, ірі,

Тамырынан басады кешегіні.

Қақпалы көне шаһар болған мұнда,

Естимісің, ескіден еседі үні?

Ашылды-ай кеп тарихтың тұма басы:

– Қасқайып көк тіреген мұнарасы,

Әлі де тұр,

Көрінбей көзге бірақ.

Мұнаралар белгілі құламасы!

Сол мұнара елесі шын тұрғандай,

Иландырар қатты еді ғұрпың қандай.

Сарғайған сән-нақышын сомдап айтып,

Қыналы тас түбінде сыр тұнғандай.

Көне саз мақамымен ырғаламын,

Жанымның жәудіреттім жылғаларын.

Өлең оқып тұрды ма төбесінде,

Алғашқы ақындары бұл даланың?

Тарқатсам тарихымның сан өрімін,

Бабамдай мұнаралы бар еді кім?

Ұлы Жібек жолының көшін көрген,

Жаудың шетін бақылап және бұрын.

Мұнара боп қол созған сары даланы,

Бағып тұр ма қаған, бек, хандар әлі?!

Қышқа сіңіп қалғандай сыңсып тұр ғой,

Кешегі қыпшақ қыздың салған әні.

Сезіледі түркінің тұңғыш демі,

Әсерімен баурады бір күш мені!

Айтылғанның бәрі рас дейді маған,

Шашылған көне жұрттың кірпіштері.

Ұялап босағаға кіл несібе,

Бозоқты білмегендер жүр несіне?

Беу, мұнара, қағылған қазық сынды,

Бүгінгі елорданың іргесіне!

Ірге аман бол!

Айтпаймын өзге мұрат.

Семіремін осынау сөзге құлап.

Боз мұнара, құламай тұрсың әлі,

Көрінбейсің неліктен көзге бірақ?..

 

Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлде

Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН

Есіл жайлы екі өлең

(Астана қаласының 25 жылдығына арнаймын)

Есіңе мені алғайсың

М.МАҚАТАЕВ

Есіл де есіл, есіл күн

Н.АЙТҰЛЫ

І

Күз жауды ма Есілге, мұң жауды ма, білмедім,

Көзге ілмей жатырсың, дүр дүние дүрмегін.

Бебеулеген толқындар солқылдатып сағаны,

Тәттекемнің күйіндей тебіреніп ағады.

Кейде өзімдей қоңырқай, аңқау, момын Есілім,

Теріп жүрмін жағаңнан Тәңір шашқан несібін.

Күңіренсе қобыздай, шамырқанса ән сынды,

Сыңғырыңа ұқсатам сарғайған бұл даусымды.

Үндемейсің сен неге? Елжірейсің тек үнсіз,

Өмір кейде аяулы, кейде өзіңдей көңілсіз.

Киелі көш-керуеннің үзілмеген бұйдасы,

Жөңкіледі жоныңнан тарихымның шудасы.

Қайран Есіл, дүние, Әлмисақтың сертіндей.

Ішің тартып өксисің өзегімнің өртіндей.

Сен басталар жылғадан сеңді бұзып күн шықты,

Қайыру бермес ойларым саған түсіп тұншықты.

Топырағым, топаным – қайраңдағы кемедей,

Түсінде оның көрері – айдын, шалқар, телегей…

Күңіренсе қобыздай, шамырқанса ән сынды,

Шөккен бұлттар төсіңе төңкерілген тау сынды.

Адырнаңнан аңырап атылатын ұл бар да,

Су аяғы жоқ құрдым, сіңбейсің сен құмдарға.

Сенің жағаң жеті жұрт келіп-кеткен бел екен,

Сенің суың солардан бізге біткен шер екен.

Қайран Есіл дүние, қаһарланса Қаңтардай,

Ай мүйізім сырқырап мен де жостым арқардай.

О, қазақы болмысым, о, қазақы тағдырым,

Жанарыңда шайқалар көзден аққан жаңбырым.

Кейде өзімдей қоңырқай, кейде асау, Есілім,

Ұстай алмай теңселдім екі дүние есігін.

Серттен тайған сәттерім, уа, опасыз күндерім,

Сұлап жатыр алдыңда көтере алмай сүлдерін.

Кешесің бе біздерді, кешпейсің бе, Есілім?

Ашармысың біздерге сегіз жұмақ есігін.

Қаһарланса Қаңтардай, еміренсе інгендей,

Айбатына басса егер барса келмес сүрлеудей.

Кіл кәуірдің қаптаған сөгіп өтіп көбесін,

Бас қалама қадаған қызыл сырлы жебемсің.

Аумалы да төкпелі күндерге айтып салауат,

Ат байладық арнаңа, ақ дәміңе Аманат!

Қайран, Есіл, дүние, енді өзіңе Аманат!

ІІ

Биыл көктем ерте келді,

Жылдағыдай кешікпеді.

Есіл бойын еліктіріп,

Ерке құсын ерте келді.

 

Ерке құсын ерте келді,

Сәуірдің пәк ақ самалы.

Ақ қайыңдар алқынысып,

Аспан жаққа қол созады.

 

Мен де өзіңдей ерке құстар,

Аспан текті ақыныңмын.

Омырауын шайқап ұшар,

Қоңыр қаздың қаңқылымын.

 

Есіл бойлап көшкен бұлттар,

Көңілімдей тым көңілшек.

Көктем туса бұл шаһарда, –

Сезім – жомарт, түн – еріншек.

 

Жұлдыз біткен жерге түсіп,

Көлге түсіп жүзетіндей.

Күннің өзі күрек тісін,

Жасыра алмай күлетіндей.

 

Бір толқынды бір толқынға,

Қосып қамай бүктесіп.

Ерке Есілде жүздім талай,

Иығыммен бұлт кешіп.

 

Сауырыма Ай жастанып,

Жанарыма түн түнеп.

Астананың аспанынан,

Ағып өттім жылқы боп.

 

Маған бұйра бұлттар үйір,

Шұрқырайды, кісінейді.

Кеудемде олар алқынысып,

Тарпынысып, тістелейді.

 

Биыл көктем ерте келді

Ықылымның ісі деймін.

Үйірге үйір қосылардай,

Күлдір-күлдір кісінеймін.

 

 

 

 

 

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button