Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана – бірлік пен берекенің бесігі



4-5 шілдеде Конгресс-орталықта «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағдарлары. Жаңа мүмкіндіктер» деген атаумен елорданың 25 жылдығына арналған бауырлас қалалар басшыларының мерейтойлық форумы өтті. Алқалы жиынға Астанамен бауырлас 17 қаланың басшысы, әлемнің 15 елінен танымал сарапшылар, халықаралық бизнес, қаржы институттарының көшбасшылары, мемлекет және ғылым қайраткерлері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, отандық және шетелдік БАҚ тілшілері бар 1300-ден аса адам қатысты.

Елорданың жылнамасы – Тәуелсіз Қазақстан шежіресі

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев форумның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Президент жиынға қатысқан бауырлас қалалардың басшыларына, әлемнің көптеген елінен арнайы келген мәртебелі меймандарға ризашылығын білдірді. Сөзінің басында Президент Астананың 25 жылдағы қалыптасу тарихына, жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқталды.

«Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалыс­ты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды. Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанына назар аударып, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты. Президенттің пікірінше, Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе. Мемлекет басшысы жаңа елордамыз Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін бергенін, жаңару мен жаңғыруға жол ашқанын, бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын, елордамыз дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасына айналғанын атап өтті.

Астана – бейбітшілік алаңы

Сондай-ақ Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар екенін, бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданатынын, болашақта да солай бола беретінін жеткізді. «Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент астаналар мен ірі мегаполистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі екеніне тоқталды. Олар мемлекеттердің өркеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. «Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие бола бастады. Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсаттарының бірі қаланы дамытуға арналған. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанда біз осы бағытқа ерекше назар аударамыз. Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы үш есе ұлғайып, халқының саны төрт есе өсті. Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды» деді Мемлекет басшысы.

Ең озық 21 шаһардың қатарына енді

Алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Президенттің пікірінше, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының өмір сүру сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды.

«Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңыз­ды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек. Біз қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек. Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларды барынша сапалы басқару ісінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын технологияның рөліне айрықша тоқталды.

«Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифр­лық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін ең өзекті міндет. Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті пробле­маларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді. Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті. Intelligent Community Forum беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 шаһардың қатарына енді. Сонымен қатар қаламызда Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі құрылды. Бұл технопарк тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады» деді Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе, Президент елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқанына назар аударып, маңызды саяси реформалар нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейгенін атап өтті.

«Еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың ­мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын» деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумның аясында бүгінгі таң­дағы жаһандағы өсу мен инновациялардың негізгі орталықтары – қалаларды дамытудың ең өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды. Іскерлік бағдарлама шеңберінде әртүрлі сала бойынша 8 панельдік сессия­ның отырысы өтті.

4 шілдеде алыс-жақыннан келген қонақтар «Нұр әлем» сферасының алдына тал егіп, «Астана Опера» театрында «Аида» қойылымын тамашалады. 5 шілдеде форумның салтанатты ашылуы және панельдік сессиялары өтті.

«Қалаларды цифрлық трансформациялау: инновация­лық жобалар, бағдарламалар және технологиялар», «Экономикалық өсімнің негізгі драйвері ретінде қалаларға инвестиция салу», «Болашаққа бағытталған қалаларды басқару», «Медициналық туризм­нің әлемдік нарығы: проблемалары және өсім драйвері», «Медициналық туризмнің картасындағы Астана» деп аталған панельдік сессиялардың жұмысына АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Израиль, Түркия, Польша, Үндістан, Ресей, Қытай сияқты 24 мемлекеттен келген меймандар қатысты. Астанамен бауырлас 17 қаланың 6-уының, атап айтқанда, Рабат, Қазан, Нусантара, Пенза, Омбы, Бішкек қалаларының мэрлері, Баку, Ашхабад, Минск, Душанбе, Бразилиа, Белград қалалары мэрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ Мәскеу, Ташкент, Сиян, Томскінің әртүрлі деңгейдегі басшылары қатысты.

Дамудың жаңа моделін қалыптастырады

Форумда сөз сөйлеген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ең алдымен шетелден келген мәртебелі меймандарға жоғары ілтипат көрсетіп, әлемнің 13 мемлекетінен 17 муниципалитет басшыларының осы форумға қатысуы біз үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Баршаңыздың бұл жиынға қатысуларыңызды біз жоғары бағалаймыз.Бұл форум өзара ынтымақтастықты дамытып, бірлесіп дамудың жаңа моделін қалыптастырады деген сенімдемін. Астана қаласы – Қазақстанның маңызды жобаларының бірі. Алғаш рет ХХ ғасырдың соңында іргесі қаланып, ғасырлар тоғысындағы шекарадан өтіп, біздің Астанамыз әлемдік танымалдылыққа ие болды және бүгінде дамыған экономикасы мен инфрақұрылымы бар заманауи мегаполиске айналды» деді Ж.Қасымбек.

Әкім 25 жылда қаланың жалпы өнімі 22 миллиард долларға, яғни 10 триллион теңгеге дейін, ал өнеркәсіп өнімі 4,3 миллиард долларға жеткенін, яғни 2 триллион теңгеге дейін артқанын мәлімдеді. Қала басшысы Астана таланттар, туристер, инвесторлар және креативті идеялар үшін аймақтық хабқа айналғанын тілге тиек етті.

«Небәрі 25 жылда біз 33 миллион шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, 100-ден астам мәдени және спорт нысандарын салдық. Астана әлемдік деңгейдегі таланттарды, жастарды, туристерді, инвесторларды және компанияларды тартатын креативті экономикасы бар сауда үшін өңірлік хабқа айналды. Шағын және орта бизнеске негізделген қала экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ететін құрылымы қалыптасты» деді Жеңіс Қасымбек.

Қала басшысының айтуынша, Астана – экономикалық өсу мен дамудың қаласы ғана емес, сонымен қатар, тәуелсіз, күшті және сенімді дамып келе жатқан мемлекеттің бет-бейнесі.

«Қала құрылысы – бұл екі қозғау­шы күштің синергиясы: дамыған инфрақұрылым және сапалы қалалық басқару. Ал оның бәсекеге қабілетінің үш факторы – ол жаһандық экономикаға тартылған сауда секторларының болуы, қаланың таланттарды тарту қабілеті және инновациялардың үздіксіз генерациясын қамтамасыз ететін инновациялық экожүйенің болуы. Сондықтан біз тәжірибе, идеялар мен инновациялар алмасуға қуаныштымыз. Баршаңызға осы форумда табысты және нәтижелі жұмыс тілеймін» деп сөзін түйіндеді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар жиында Рабат қаласының мэрі Асмаа Рхлалу (Марокко), Нусантара қаласы ұлттық астаналық басқармасының басшысы Бамбанг Сусантоно (Индонезия), Пенза облысының губернаторы Олег Мельниченко (Ресей), Бразилиа федералды округінің мемлекеттік хатшысы Фелипе Рамон Моро Родригез (Бразилия), Бішкек қаласының мэрі Эмильбек Әбдіқадыров (Қырғызстан), Белград қаласының вице-мэрі Весна Видович (Сербия) сөз сөйледі.

Халықтың 70 пайызы мобильдік қосымшаларды қолданады

«Қалаларды цифрлық трансформациялау: инновациялық жобалар, бағдарламалар және технологиялар» атты панельдік сессияда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Қаныш Төлеушин еліміздегі цифрлық салада жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы айтты.

«Халық пен бизнестің күнделікті тұрмысын цифрлық шешімдер арқылы жақсарту керек. Цифрлық шешімдер қолжетімді болуы үшін дұрыс инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Сондай-ақ талантты, дарынды мамандарды даярлауымыз қажет болып отыр. Білікті мамандар болған кезде кең технологиялық компаниялар бұл салаға инвестиция құяды. Реттеу тетіктерінің ашық әрі тұрақты болуы да аса маңызды рөл ойнайды» деді Қ.Төлеушин.

Ол цифрлық салада қызметтерді дамытуға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Оның барлығы адамдарға қызмет етуге бағытталған. Халықтың 70 пайызы мобильдік қосымшаларды қолданады. Қызметтердің басым бөлігі смартфон арқылы жасалса, тиімді болады. Пандемия кезінде біз бұл мәселемен тікелей бетпе-бет келдік. Сондықтан осы бағытта нақты бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр­мыз» деді құзырлы министрлік өкілі.

Медициналық хаб салынады

Бұл туралы мерейтойлық форум аясындағы «Экономикалық өсімнің негізгі драйвері ретінде қалаларға инвестиция салу» атты пленарлық сессияда мәлім болды. Сессия жұмысы аяқталған соң, бауырлас қалалардың инвестициялық жобалары туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Салтанатты рәсімге Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов және «Cynosure» компаниясының директоры Айдар Сауранбаев қатысты.

Астана әкімдігі мен «Cyno­sure» компаниясы арасындағы алғашқы келісім жеке инвесторлардың қатысуымен медициналық хаб салу жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында жасалды. Медициналық кешенде емхана, диагностикалық және оңалту блоктары, бизнес-орталық, сондай-ақ, шақырылған шетелдік мамандарға арналған пәтерлер мен қонақ үй болады.

Фелипе Рамон Моро Родригес, Бразилия федералдық округі Мәдени мұраны қорғау министрінің орынбасары:

йына Бразилия халқы еліміздің ұлылығын, адамдарымыздың әлеуетін көрсететін астана құруды армандады. Бес жыл табанды жұмыстың арқасында біз арманымызға жетіп, бразилиялықтарды шабыттандыратын, жарқын өмірге бастайтын бірегей заманауи қала жасадық. Біздің қаламыз 4 негізгі қағидат бойынша ойластырылған, яғни тұрғындарға жайлы қала, көпшіл қала, табиғи көркем және ұлы армандарға ұмтылатын қала. Бүгін Қазақстан астанасынан да біз сол қағидаттарға тән аураны сезіндік. Әр елдің мәдени мұрасы – нағыз қазына байлығы. Ол біздің бұрын кім болғанымызды және алда қай жолмен бағыт алатынымызды көрсетеді. Біздің қалаларымыз – мәдениеті бай, қызу өмір қайнап жатқан шаһарлар. 2022 жылы Бразилиа ибероамерикалық мәдени астана атанды, Астана қаласынан да рухани, мәдени мол мұраның ізін көрдік, мәселен, Орталық Азиядағы ең үлкен музейлердің бірі осында екен. Бразилиа мен Астана географиялық орналасуы жағынан алыс жатқан қалалар болса да, оларды бір-бірімен жарқын өмірге, мейірім мен руханилыққа ұмтылысы біріктіреді және соның бәрі оның сәулетінен көрініс тауып тұрады.

Весна ВИДОВИЧ, Сербия астанасы Белград мэрінің орынбасары:

– Астана мен Белград – бір-біріне ұқсас қалалар, екеуі де өркендеу жолында аз ғана уақытта мол табысқа жетті. Екі елдің басшылары – Александр Вучич пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың достығы секілді екі мемлекетті дәстүрлі ізгі қарым-қатынас байланыстырады. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Біз жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі ілгерілетіп, екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе сауда-экономикалық қатынасты дамытуға мүдделіміз. Қазақстанның біздің елдің аумақтық тұтас­тығын, халықаралық құқығын қолдауын жоғары бағалаймыз. 2016 жылы Астана мен Белград арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Содан бері көптеген сала бойынша ынтымақтастық қарқын алып келеді. Белград пен Астана соңғы жылдары экономикалық жағынан қарқынды дамуда. Екі астана өз аймағындағы маңызды орталыққа айналды. Соңғы жылдары екі қала да өркендеу мен модернизацияның символы болып отыр. Алдағы уақытта ынтымақтастығымыз одан әрі ілгерілейтініне сенімдімін. Астанада біздің атақты ғалым Никол Тесланың көшесі бар. Ал Белградта ұлы ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды. Сербия Республикасының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өз павильоны болды. Ал Белград 2027 жылы мамандандырылған көрменің қожайыны болады. Сіздермен Белградтағы көрмеде кездесуді асыға күтеміз!

Бамбанг Сусантоно, Индонезияның болашақ астанасы – Нусантара әкімшілігінің басшысы:

– Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мырза екеуміз ынтымақтастық үшін Астана мен Нусантара арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Ынтымақтастық меморандумы Астана мен Нусантара тұрғындары арасындағы экономикалық дамуға көмектесіп, екіжақты қарым-қатынасты дамытуда білім мен тәжірибе алмасу алаңы болады. Бұл екі қала мен екі елдің одан әрі дами түсуіне мүмкіндік береді. Бауырлас қалалар форумының екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудағы маңызы зор. Бүгінгі іс-шара өзара қарым-қатынасымызды дамытуға арналған. Мен Қазақстан Президентіне бұл тарихи өзгерістердің жаңа дәуірі екенін түсінгені үшін алғыс айтқым келеді. Өйткені қазір әлемде түрлі сын-қатер болып, қалалар қиындықтарға тап болып жатқанын көріп отырмыз.

Олег МЕЛЬНИЧЕНКО, Пенза облысының губернаторы:

– Қазақстан Пенза облысының стратегиялық маңызды әлеуметтік-экономикалық серіктестер тобына кіреді. 2022 жылы Сур өлкесінен Қазақстанға жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің 22 пайызы Астананың үлесіне тиеді. Бірқатар кәсіпорын 2023 жылы өз көрсеткішін айтарлықтай жақсартты. Пенза облысының кәсіпорындары Астанада өтіп жатқан халықаралық көрмелерге белсене қатысады. Қыркүйек айында Пенза өнеркәсіпшілері Астанада өтетін кен жабдықтары мен минералдарды өндіру және байытудың қазақстандық халықаралық көрмеде өңірді таныстырады.

Пенза мемлекеттік университетінде қазір Қазақстаннан 22 студент пен аспирант оқиды. Біздің балалар Қазақстандағы олимпиадаларға қатысады, біз өңірдегі қазақстандық жастарды шығармашылық және ғылыми конкурстарға да қабылдаймыз. Бұл форум сауда-экономикалық байланысты дамытуға да, бізді көптеген ғасыр бойы байланыстыратын достықты нығайтуға да септігін тигізеді.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button