Басты ақпарат

«АСТАНА» – ЧЕМПИОН!



photo_59233

Футболдан биылғы ұлттық біріншілік те өте тартысты өтті. Өткен жылдағыдай Қазақстан чемпионы соңғы турда анықталды. Бұл атаққа екінші рет қатарынан «Астана» футбол командасы ие болды.

Ерте көктемде басталған чемпионаттың бірінші және екінші кезеңінде де «Астана» мен «Қайрат» құйрық тістесіп, соңғы турға дейін бәсеке көрігін қыздырып келді. Сол соңғы тур алдында «Астанада» 43 ұпай, ал «Қайратта» 42 ұпай болды. Сондықтан жексенбі күні өткен матч екі команда үшін де өте-мөте маңызды болғаны сөзсіз. Екеуіне де жеңілуге болмайтын еді.
Соңғы турда «Астана» өз алаңында еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» командасын қабылдады. Ал Алматыда еліміздің екі дүркін чемпионы «Қайрат»пен «Ордабасы» кездесті. Бұл күнгі ойындар бір мезгілде басталды.
«Астана Арена» стадионында өткен ойында «Ақтөбе» алаң иелеріне керемет қарсылық көрсетті. Станимир Стойлов жігіттері үсті-үстіне шабуыл жасап бақты. Алайда, қонақтардың жас қақпашысы жанкештілік танытты. Талай соққының бетін қайтара білді. Сөйтіп, бірінші тайм аяқталып, таблодағы көрсеткіш өзгермей қалды. Ал екінші тайм сол үрдіспен басталды. Ортадан Танат Нөсербаев пен Роджер Каньяс, сол қапталдан Бауыржан Джолчиев, оқ қанаттан Фокси қайта-қайта қауіп төндіргенімен, қонақтар қақпасының құлпы ашылмай қойды. Бас бапкер ойыншыларды ауыстыруды жөн санады. Шабуыл шебіне Щеткин мен Кабананга шықты. Уақыт зымырап өтіп жатты. Осы тұста стадиондағы диктор «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіп жатқанын хабарлады. Астана футболшылары одан сайын алға ұмтылды.
Ойынның 85-минутында қонақтар ойыншысы Сантана мен Хижниченко өзара жаға жыртысып қалды. Қызбалықпен командаласына қол жұмсап жіберген Қазақстан құрамасының шабуылшысы алаңнан қуылды. Ал керісінше бапкерлер нұсқауын орындауға аса мән беріп ойнаған «Астана» ойыншылары матчтың 88-минутында қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Серікжан Мужиковтың әдемі пасын конголық легионеріміз Жуниор Кабананга «Ақтөбе» қақпасына тулатып түсірді. Осы сәтте стадион ішіндегі жанкүйерлер айқайынан құлақ тұнды. Есеп 1:0! Осы есеп ойын соңына дейін сақталып қалды.
Сонымен «Астана» футбол командасы екінші рет қатарынан Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.
Ал «Қайрат» пен «Астана» арасындағы бәсеке әлі аяқталған жоқ. Еліміздің үздік командалары 21 қараша күні Қазақстан кубогының финалында кездеседі.
Ал еліміздің екі дүркін чемпионы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық турниріндегі кезекті ойынын Астана төрінде 25 қараша күні «Бенфика» командасымен өткізеді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button