Елорда тынысы

Астана – еліміздің түлеуі



– Астана – қазақтың елордасы, тәуелсіздігіміздің куәсі. Елорда еңсеміздің көтерілген, мерейіміздің дәуірлеген, тарихымыздың түлеген кезеңінде қалыптасты. Бірақ барымызды баптап, сұлулығымызды сақтау үшін де күтім, қайсарлық, жауапкершілік қажет. Кейде ойлаймын жайлап алған жауап­сыздық Астананың көркіне нұқсан келтірмей ме екен деп.

Астананың мерейлі жылдығында мұндай көңіл күймен сөйлеу әбестік те болар. Бірақ елорданың дамуы да, көркі де бас қалаға сай болса деп армандаймыз.

2003 жылы біз елордаға көшіп келгенде, Астананың ауасы тап-таза, көлік аз еді. Жабайы қоян жанымыздан зуылдап желіп өтетін, аққуы Есілде ойнап, шағаласы шуылдасып, сүйіншілей ұшатын. Ертегідегідей еді… Жусан иісі бұрқырап, Арқаның даласы ән салғандай, сыбызғы тартқандай иен даланың ақселеуі бұрала есіп, сәждеге иілгендей көмкеріліп тұратын.

Алматының көк түтінінен шашалып, қашып шыққан алғашқы көштің көркі осы сұлулыққа ынтызар болдық. Арқа атқа қондырғандай шабыттандырып, еркіндікке елірте сендірді. Шынын айтқанда, бұл қалада өзге ұлттың ұпайы көбірек, көкірегі мығым болатын. Дүркірей қонып жатқан жаңа көшті көргенде қызғанышпен де, қарсылықпен де қарсы алғандар, көңілі алаң болғандары бар.

Астананың көшуі тарихи сәт болды. Көз ілеспес жылдамдықпен Астана көркейіп келеді. Бұрынғысынан да әдемі, көз тартар көркем келбеті бар. Бірақ шаһардың келешегі қандай болмақ, болашақтағы инфраструктурасы тұрғындар көңілінен шыға ма? Осы тұстардағы мәселелер шешімін табатын болар.

Астана – жас қала, жастардың, болашақтың қаласы. Сондықтан өркендеу де, жаңғыру да Астана шаһарының үлесінде болары сөзсіз. Орман-талы тербелген, ауасы таза, тұрғындары мәдениетті әйгілі шаһарлардың қатарынан көрінетін көрікті қала болады деп ойлаймыз. Сол үшін әр астаналық күш саламыз. Біз өзіңмен біргеміз, қазақтың астанасы!

Роза МҰҚАНОВА, Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты,

жазушы-драматург




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button