ӘлеуметБасты ақпарат

Астана – іскерлік туризм айнасы

Бас қаламызда іскерлік туризм түрі жақсы дамыған. Астана елордаға айналғалы бері, іскерлік туризмнің негізін құрайтын түрлі ресми іссапарлар, халықаралық жиындар, ірі форумдар өткізетін ең ірі және танымал халықаралық орталықтардың бірі ретінде белгілі болды. Қаламызда туризмнің бұл түріне қажетті барлық инфрақұрылым бар.

2023 жылы Астанада 350-ден астам іскерлік, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді. Туристердің жайлылығы  үшін Астана даму орталығы «Visit Astana» серіктестік бағдарламасын жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаның 60-тан астам серіктесі бар. Бұл қонақ үйлер, мейрамханалар, туроператорлар, қызмет көрсету мен қамтамасыз етудің жоғары деңгейіне кепілдік беретін аттракциондар, музейлер мен көрме алаңдары бар.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елордадағы туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсіп, 1,3 миллион­нан астам адамды құрады. ­Турис­тік сапарлар бойын­ша бірінші орында Ресей, одан кейін Қытай, Түркия, Германия, Өзбекстан, АҚШ және т.б. құрайды. Әуе жолымен жолаушылар тасымалы 2023 жылға қарай 7,5 миллион адамды құрап, 25 пайызға өсті. 2023 жылға теміржол тасымалы шамамен 5,5 млн адамды құрап, 4 пайызға өсті. Негізгі өсім әуе көлігінде тіркелді, мұнда 23 әуе компаниясы 13 ел мен 30 бағытқа тікелей халықаралық рейстерді орындайды. 79 елмен визасыз режим қалпына келтірілді. ­Қазақстанда бұл саланың жылдық нарық көлемі шамамен $1,5 млрд құрайды екен.

Қалада барлығы 9283 нөмірден тұратын 229 қонақ үй және 70 ірі туристік орталық бар. Бұл театрлар, мұражайлар, саябақтар, демалыс және сауда орталықтары, 2100-ден астам қоғамдық тамақтану орындары, сонымен бірге  2 туристік ақпараттық дүңгіршек жұмыс істейді. Екі деңгейлі «Red Bus» экскурсиялық автобусы жүреді, CityPass бірыңғай туристік картасы туристерге өте қолайлы, ал Астананың туристерге тартымды 168 көрікті жерлеріне аудио турлар бар.

Емдік туризм елді тарта ма?

«Елорда туризмін дамытудың тағы бір басым бағытына емдік туризм айналды. Қалада JCI халықаралық сапа стандарты бойынша аккредиттелген жеті  емхана бар. Елдегі медициналық туризмнің негізін құрайтын басты бағыттары бар. Атап айтқанда онкологияны емдеу. Бұл ретте бұл ісік процесін тоқтатуға, ошақты жоюға, аурудың таралуын, метастаз бен асқынуларды болдырмауға, науқастың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар кешені ұсынылады. Жүрек-қан тамыр­лары ауруларын хирургиялық емдеумен айналысатын кардио­хирургия медицина саласы да туристік медицинаның көш басында тұр. Нейрохирургия, репродуктивті медицина, ортопедия және травматология, стоматологиялық қызметтер сапасы жағынан озық, бағасы қолжетімді болғандықтан шетелдіктердің сұранысына ие болуда.

Астанада балаларды оңалту саласы жақсы жолға қойылған. Әртүрлі физикалық, психологиялық немесе әлеуметтік шектеулері бар балалардың функционалдығын қалпына келтіруге және дамытуға бағытталған медицина саласы ретінде дамуда.

2024 жылы Астана қаласының «UMIT» халықаралық Томо­терапия Онкологиялық орталығында RADIXACT (Радикзакт) ультра заманауи бірегей кешені пайда болды. Бұл Ig-IMRT сәулелік терапиясын жүргізуге арналған TomoTherapy платформасының жаңа буыны. Қазіргі уақытта radixact әлемнің бірнеше онкологиялық орталықтарында ғана бар.

Radixact бірегей ультра жылдам көп жапырақты коллиматордың арқасында сыныптағы ең жақсы клиникалық нәтижелерді және жоғары конформды және біртекті сәулеленуді көрсетеді. Radixact жүйесі ісікті сәулелендіру арқылы қалыпты, сау тіндерді сақтайды.

Қатерлі ісіктің барлық түрлерін қамтитын жыл сайынғы ем аурулар бойынша Ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстанның барлық аймақтарынан және ТМД елдерінен 9000-нан астам пациенттерді қабылдайды.

Ұлттық нейрохирургия орталығы JCI (Joint Commission International, АҚШ) аккредитациясынан өткен Орталық Азиядағы жетекші клиникалардың бірі болып табылады және нейрохирургия саласындағы заманауи диагностикалық, емдеу, хирургиялық және оңалту қызметтерінің толық кешенін ұсынады. Ана мен бала орталығы – акушерлік, гинекология, урология, педиатрия, неонатология, ЭКО және балалар хирургиясы саласындағы Қазақстандағы ең ірі көпсалалы аурухана.

Біздің емханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және жоғары білікті мамандардан құралған. Сондай-ақ, медициналық туризмді дамыту және медициналық ұйымдар мен туризм секторы өкілдерін біріктіру үшін қазіргі уақытта оның құрамына 46 емхана мен медициналық ұйым кіретін «Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығы» құрылды.

ЕЛОРДА айналасы туристерге тола ма?

Астана қаласының іргесіндегі аудандарда  агротуризмнің дамуына барлық мүмкіндік бар.  Бұл өңірдің әсем табиғатына қоса, бие байлап, қой өргізген ауылды және егіншілікті нәсіп еткен шаруалықты біріктіретін туризмнің ерекше түрі. Астананың айналасында орналасқан елді-мекендер, ұзап кетсеңіз солтүстік бөлігінде орналасқан Ақмола облысы өзінің алуан түрлі ландшафтының, табиғи ресурстарының байлығының және дәстүрлі ауыл мәдение­тінің арқасында агротуризмді дамыту үшін тамаша жағдай жасайды.

Ақмола агротуризмін келешегі зор бағытқа айналдыратын бірнеше аспектілерді қарастырайық.

Ақмола облысының аумағында орналасқан Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, «Бурабай» және «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, Бұланды, Ерейментау және Атбасар мемлекеттік табиғи қорықтары экологиялық туризмнің алтын қоры деуге болады.

Сексен көлі жарқыраған Көкше өңірі, шексіз даласы мен шөбі белуардан келетін бөктерлері көз тартады. Турис­тер үлкенді-кішілі төбелер мен  жартасты шатқалдарды аралап, балығы шоршыған көлдерге қармақ салып, қалың орман, ну тоғайда өзендердің қамыс­ты жағалауларында демалып таза табиғаттың сұлулығына таңдана алады.

Бірақ мұның бәрі аттылының аяғы жететіндерге ғана бұйы­рып тұр. Қаладағы сыртқы, ішкі туризмнің сойылын соғып жүрген 28 аймақтық және 60 астаналық туроператордың он шақтысы ғана Ақмола облысында белсенді жұмыс істейді.

Аса көңіл бөлінбеген соң, бұл өңірлерде туризм саласын басқару да, қаражатты бөлу де айтарлықтай ерекшеленеді. Ақкөл, Зеренді және Бурабайға  құйылған қомақты қаржының негізінде астаналықтарға танымал болса, іргедегі Ерейментауға жету қиын. Яғни бұл өңірге саяхат  іс жүзінде қолдау таппайды. Сондай-ақ астана айналасындағы шағын көлдер барша қалалықтардың ортақ игілігіне айналмай тұр.

Қазақстандық ауылшаруа­шылық және ауылдық туризм қауымдастығы мен «Kazakh Tourism» ҰК сарапшыларының пікірінше, агротуризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қонақ үйлер салуға тыйым салу қонақ үй жүйесін дамытудағы мәселелердің бірі болып табылады екен. Қарапайым астаналық қала төңірегінде демалғысы келсе, алдымен қайда барарын білмей  дағдарады. Әлеуетті туристердің айналадағы қолжетімді демалыс орындары, қызмет түрлері мен туристік турлар туралы өзекті ақпаратты таба алмайтындығы ешкімді таң қалдырмайды.

Бұған ауылдық жерлердегі туроператорлар мен турис­тік қыз­мет көрсетушілер арасындағы ынтымақтастықтың жоқтығы да әсер етуде. Көп­шілікке қолжетімді трассалар мен туристік маршруттардың көпшілігінен туроператорлар бейхабар. Сондықтан саяхатшылар өздігінен барса жолдан адасады, жақсы жер деп барса, қолайлы жағдай жасалмаған,  сәйкесінше жабдықталмаған болып шығады. Оның үстіне астаналықтарға қолжетімді екі жаз айы болса, оның өзінде өрт қаупіне байланысты кейбір бағыттардың саны да азаяды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару үшін төлем жүйесі де өте күрделі. Айналып келгенде мұндай өңірдің әдемі табиғаты тиісінше насихатталмай, туристерге жағдай жасалмай, жергілікті тұрғындарға да пайдасы аз, туроператорларға да тиімсіз болып қалады.

ІРГЕДЕГІ КӨРІКТІ МЕКЕНДЕРГЕ БАРА МА?

Дегенмен, туристер арасында Бурабай, Зеренді, Ақкөл, Қорғалжын және ­Ерей­ментаудағы «Соколиные горы» ең танымал бағыт болып табылады.

Орталық Азияның Еуразия­лық қорының (ОАЕҚ) Chevron компаниясымен серіктестігінің «Байтақ жер» жобасы Ақмола облысындағы ауыл туризмінің бірегей мүмкіндіктерімен таныстыруда біршама жұмыстар жүргізуде.

«Байтақ жер» жобасы Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында шешуші рөл атқара алатын ауылдық, экологиялық және агротуризмді ілгерілетуге бағытталған.

Жоба эко, этно және агротуризм саласындағы кәсіпкерлікті қолдау арқылы ауылдық жерлердегі халықтың экономикалық мәселелерін шешуге  бағытталған. Осы бағдарлама аясында туристер үшін тартымды бірнеше орындарды қаперге алуға болады.  Зерендіде орналасқан қонақ үйлер, балалар лагері қалалықтарға жақсы таныс. Ақкөл, Қорғалжын аудандарында да демалыс базасы жұмыс істеуде. Целиноград ауданы Ақмол кентінің этно­ауылына, Қорғалжын ауданында «Keremet jol» атпен сейілдеу, Ерейментау маңындағы «Тойғанкөл» балық аулау клубында тұқы аулау, Ақкөл ауданында орналасқан «Қызыл кенші» форель шаруашылығында балық аулау турлары дәстүрлі демалыс күндеріне айналып келеді.

Астанаға жақын, жолы жақсы өңірдің бірі – Баянауыл. Астаналықтардың көбі Жасыбай көлінде болып, Сабынды көлде шомылып, Торайғыр суына сүйсініп, орманын да аралап көрді. Туризмнің тарихи-танымдық, зияраттық мағынасына мән берсеңіз, Жасыбай көлінің батысында орналасқан Қоңыр­әулие үңгірі, Ақтаудың ақтасынан салынған Сұлтанмахмұт, Жаяу Мұсаның, Бұқар Жыраудың кесенелері осы өлкеде.

Баянауылдың курорттық аймағында бір маусымда 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бары анықталып отыр. Таулы өлкеде 13 негізгі туристік маршрут және 68 көрнекі орын жұмыс істейді. Былтыр Жасыбай демалыс аймағына шамамен 120 мың адам келген.

Бұған қоса, ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашу көзделген. Келешекте аудан орталығында шаңғы-роллерлік трасса, шипажай салу, хостелі бар ірі заманауи жанармай құю стансасын тұрғызу сияқты жоспарлар да бар.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button