Денсаулық

Астана медицинасы – Әбу-Дабиде



Әбу-Дабиде биыл 13-15 мамыр аралығында өткен «Abu-Dhabi Healthcare Global Week» ауқымды халықаралық көрмесінде Астанадағы Қазақстанның жетекші клиникаларының медициналық әлеуеті таныстырылды.

«Abu-Dhabi Healthcare Global Week» – Әбу-Даби Денсаулық сақтау департаменті Әбу-Даби тақ мұрагері шейх Халед бен Мохамед бен Заид әл Нахаянның жоғары қамқорлығымен ұйымдастырған ең ірі үкіметтік көрме. Іс-шарада денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға бағытталған инновациялар мен ынтымақтастықты талқылау үшін саланың жетекші өкілдері жиналды. Аталған көрмеге әлемнің түрлі елінен 5000-нан астам адам, 100 экспонент, 200 спикер-сарапшы және 1000 конференция делегаты қатысты.

Елорда медицинасының әлеуетін көрсету үшін Астана қаласының медициналық туризмін дамытуға ықпал ететін «Астана даму орталығы» ЖШС, Қазақстанның медициналық туризм қауымдастығы және де қаланың жетекші клиникаларынан құралған Астана қаласының делегациясы барды. Қатысушылар арасында «University Medical Center» корпоративтік қоры, «Үміт» халықаралық томотерапия онкология орталығы, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС, «Doctor Dent» стоматология клиникасы, «Ақжан LTD» ЖШС лазер медицинасы клиникасы, «Callisto Beauty Clinic» медицина орталығы сияқты Астана қаласының жетекші мекемелері бар. Көрме аясында елордаға емделу мақсатында келетін туристерді қызықтыратын нейрохирургия, онкология, стоматология, пластикалық хирургия, кардиохирургия сияқты басым бағыттар бойынша Астана қаласы медицинасының әлеуеті таныстырылды. Сонымен қатар іс-шарада Қазақстандағы медицина туризмі қауымдастығы Біріккен Араб Әмірлігінің Best Med және Stemar сияқты ірі медицина компанияларымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл шара Астана медицинасының әлеуетін шетелдік нарыққа таныстыруға, елордаға емделу мақсатында келетін туристер санын арттыруға септігін тигізеді. Айта кетейік, Астана қаласында әлемдік медицина саласында «алтын стандарт» саналатын JCI халықаралық сертификатына ие 7 медицина орталығы жұмыс істейді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button