Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана – өндіріс алаңы



Астана қаласындағы индустриалды парктегі кәсіпорындарда АҚШ, Франция, Швейцария, Түркия, Ресей, Польша елдері компанияларынан инвестиция тартылып, жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда республикалық жалпы ішкі өнімнің 11 пайыздан астамы елордада шығарылса, негізгі капиталға салынатын инвестицияның 10 пайызы да бас қалада отыр.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында іске қосылған Индустриалды паркке арнайы бардық. Делегация құрамында Қырғызстаннан келген іскер азаматтар бар. Astana Invest – қалалық инвестицияларды дамыту орталығының Басқарма Төрағасы Асхат Бекеев парктің жұмысымен таныстырып, зауыттарға жол бастады.

Астана елдің экономикасындағы орны ерекше. Рес­публиканың жалпы ішкі өнімінің 11 пайыздан астамы шығарылады және негізгі капиталға салынатын инвестицияның 10 пайызы қалыптасады.

«Астана – жаңа қала» құрылғалы өндіріс көлемі 7 434 миллиард теңгеге жетті. Экспорт көлемі 140,15 миллиард теңгені құрайды.

Соңғы жылдары қаланың жалпы өңірлік өнімі 272 еседен астам өсіп, 25,7 миллион теңгеден 7 триллион теңгеге жетті. 1997 жылдан бері өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 50 есеге өсті. Бұл ретте, Индустриалды парк қозғаушы күшке айналды.

– №1 Индустриалды парк көлемі 653 гектарды құрайды және ол 15,4 мың гектар құрайтын «Астана – жаңа қала» құрамына кіреді. «Астана – Технополис» кіреді. №1 Индустриалды паркте инвестициялық портфелі нақты салынған 112 жобаны құрайды. 2023 жылы арнайы экономикалық аумақта 8,59 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба пайдалануға берілді. 2024 жылы 19,8 миллиард теңгенің 10 жобасын іске қосып, 256 жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді Асхат Бекеев.

Қырғызстаннан арнайы келген делегация өкілдері биыл іске қосылатын жобаларға қызығушылық танытты. Атап айтсақ:

– «Ashina» ЖШС тігін фабрикасын, «ASIA Tech LOGISTICS» ЖШС ағаш құрамы бар плиталардан бұйымдар өндіретін цех, «DAT KZ» ЖШС талшықты цемент плиталары мен газдалған бетон блоктарын шығаратын зауытты салуды бастап кетті. Елордада құрылысы қарқынды түрде дамуда, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жылдам жүріп, лифтке деген сұраныс арта түсті. Нарықтағы сұранысты «ЛС Групп» ЖШС қанағаттандыруға тәуекел етті. «DUAYEN» ЖШС жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялау құралын, «Baykonur kurylys» теміржол жылжымалы құрамы қалыптарын өндіреді. Ал «Led System Media» ЖШС көкөністер, салаттар өңдеу және консервілеу цехын, «LED Solutions» ЖШС кабельдік-жарықдиодты өнім өндірісін кеңейту жоспарлап отыр, – деді инвестициялық орталықтың басқарма төрағасы.

САПАЛЫ ӨНІМ СҰРАНЫСҚА ИЕ

Бірінші объект – «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС зауыты болды. №1 Индустриалды паркте орналасқан зауыт резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, 24 миллион дана мал шаруашылығында қолданылатын сырға шығарады. Серіктестіктің негізгі өнімінің бірі – полипропилен қаптар.

Біз қырғызстандық делегациямен бірге қаптарды қалай шығаратынын көрдік. Зауыт директоры Замира Күзиеваның сөзінше, «Универсал» ЖШС компаниялар тобы 80-нен астам өнім түрін шығарады. Жүгері дәнін терең өңдеумен бірге, крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіреді.

– Қаптардың шикізаты – полипропилен. Мұнай өнімдерінен жасалатын синтетикалық материал. Полимерлік қаптар экологиялық таза болып келеді. Жоғары технологиялық сапада өндіріледі. Оңайлықпен жыр­тылмайды. Біздің өнімдерге Ресей, Грузия, Литва, Эстония, Өзбекстан және Қырғызстаннан сұраныс жоғары. Өзге алыс-жақын шет елдерге экспорттаудың жолын іздеп, әлемдік нарықты зерттеудеміз. Қаптарды ауылшаруашылығы дақылдары мен құрылыс заттарына кеңінен қолдануға болады, – деді зауыт директоры.

Полипропиленді жіпке айналдырып, сосын жіптен қап тоқиды екен. Қырғызстаннан келген іскер азаматтар өндірісті көзбен көріп, қызықтырған сұрақтарын жолдап, тиісті жауабын алды.

Зауыттың екінші блогында мал шаруашылығында қолданатын сырға мен есептегіш құралдарға арналған пломбалар шығарады. Зауыттың өнімдері нарықта сұранысқа ие. Ең қарапайымы, электр энергиясы мен су шығынын көрсететін есептегіш пломба орнату міндетті. Егер есептегіш пломбаланбаған болса, онда айыппұл арқалайсыз. Мал шаруашылығы саласында сырғаға сұраныс жоғары. Өйткені сырғаланған төрт түлікті мемлекет өз кепілдігіне алады. Су тасқыны салдарынан өлген төрт түлікке өтемақы беруде сырғалар талап етіледі.

Зауыттың жобалық құны – 2,4 миллиард теңге, онда 150 адам екі қолға бір күрек тауып, тұрақты жұмыс істейді.

ЭЛЕКТРОНИКА САЛАСЫНДАҒЫ БІРЕГЕЙ ЗАУЫТ

Электроника саласында өнім өндіретін қазақстандық бірегей компания – Cuman. Кеңседе және үйде қолдауға арналған коммутатор, модем, телефон аппараты және станциясын шығарады.

– 2005 жылы компания құрылып, сервистік қызмет көрсетумен және желілік жабдықты біріктірумен айналыстық. 2018 жылы №1 Индустриалды парк аймағында зауыт салынып, cuman брендімен өнім өндіреміз. Заманауи технологияны меңгеріп, инновациялық жобаларды шығару біздің қолдан келеді. Бүгінде зауыттың білікті мамандары бағдарламаны қамтамасыз ететін операциялық жүйе мен схемаларды өздері жасайды. Өндірістің барлық кезеңдерінде өнім сапасын бақылау жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді, – деді зауыттың коммерциялық директоры Дастан Абдрахманов.

Өндіріс орны бес блоктан тұрады. Директор жол бастап, зауыттың қызметімен таныс­тырды.

– Қазақстандықтардың ой-өрісін өзгертіп, отандық брендтің шетелдік өніммен бәсекеге түсе алатынын көрсеткіміз келеді. Біздің командада 150 адам бар. Оның 80-і өндіріс орнында қыз­мет етеді. Әр блокта жұмыс істейтін мамандар өздерінің жұмысын жақсы біледі, – деді ол.

Бірінші блокта – аппараттың қанқасы, яғни пластикалық қондырғылар дайындалады. Пластик шикізаттар – Кореядан, ал плата шикізаты Қытайдан келеді. Арнайы қалыпта плас­тикті жоғары температурада балқыту, престеу жүргізіледі. Екінші блокта – маңызды бөлім. Онда Швеция, Корея аппараттары бойынша плата шығарады. Өндіріс тізбегі өте күрделі. Автоматты оптикалық тексеру, баспа платасын бірнеше рет суретке түсіру және оны түпнұсқамен салыстыру үздіксіз жүреді. Бұл процедура жоғары сапаны және ешқандай ақаудың болмауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үшін блок – қолмен дәнекерлеу секциясында технологияларға «жан бітеді». Платалардың жылдамдығын, сапасын тестілеп, тексереді. Сосын пластиктен арнайы дайындалған корпустарға платаларды орналастырып, сымдарын жалғап, чиптерді кодымен жинап, іске жарамды аппаратқа айналдырады. Төртінші блокта аппараттардың сапасы бақыланады. Мұнда тестілеу бірнеше кезеңге бөлінеді. Ең алдымен, бақылау нүктелеріндегі электрлік параметрлердің мәндерінің әзірленген схемаға сәйкестігі тексеріледі. Бұл өндірілген тақтаның 100 пайыз сапаға сай екенін растайды. Соңғы блокта өндірілген өнімді нарыққа шығаруға дайындап, арнайы қораптарға салады.

– Тәулігіне 1 мың телефон аппаратын шығара аламыз. Шетелдік және отандық компаниялар коммутатор, модем, телефон аппаратын шығаруға ниет білдірсе, тәжірибе алмасуға дайынбыз. Қырғызстандық әріптестер арасында заманауи технологияны игеруге ниет танытса, қолдаймыз. Шетел нарығын бағындыруға да әлеуе­тіміз жетеді, – деді Дастан Абдрахманов.

ШЕТЕЛ ӨНІМДЕРІМЕН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ

Қалалық инвестицияларды дамыту орталығының Басқарма Төрағасы Асхат Бекеевтің сөзінше, арнайы экономикалық аймақтың инвесторларға тартымды болуының бір себебі – логистикалық қызметі жақсы дамыған, теміржол желісі келіп тұр. Егер компаниялар өндірістің қуатын арттырып, сыртқа экспорттағысы келсе, онда теміржол желісін зауытқа дейін тартып алуға мүмкіндігі мол. Сондай екі компанияның жұмысымен де таныстық. Бірінші өндіріс орны – тез пісетін кес­пе өнімдерін шығаратын «КПК «KazBrand» компаниясының зауыты. Жылына 200 миллион дана «Кеспебай» кеспелерін дайындайды. Серіктестіктің бас директоры Алмаз Зариповтың айтуынша, комбинат алдымен кеспе шығаруды бастады, енді алдағы уақытта осы өнім түрінің ассортиментін кеңейтіп, түрлі тұздықтар мен дәмдеуіштер өндіруді жоспарлап отыр.

– Кәсіпорында кеспенің екі бренді бар. «Кеспебай» – отандық бағытқа арналған, бағасы шетелдік өнімдерге қарағанда арзан, «Bastoo» – экспортқа шығаруға арналған өнім, – дейді ол.

Екіншісі өндіріс орны – LED шамдар шығаратын «Led system media» ЖШС. 2023 жылы компания 70 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, мемлекетке 23 миллион теңгенің салығын төледі.

Зауыт өндіретін жарық диодты құрайтын жарықтандыру құрылғылары электр қуатын 3,5 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл құрылғыларды пайдалану мерзімі 15 жылға жетеді. Артықшылығы, өнімдер экологиялық тұрғыдан таза әрі қауіпсіз. Компания диодты шамдарды «Semileds» (АҚШ) технологиясы бойынша өндіреді.

– Біздің өнім бірнеше деңгейге бөлінген. Олардың бірі – жоғары технологиялық бөлім. Мұнда жарық диодтардың өзі өндіріліп, дайын өнімдер тақтаға орнатылады, толымдауыштар жасалып, құрастырылады. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен ие болған гранттың арқасында біз өндірістің вертикалды түрде құрылымын құрдық, – деп атап өтті компанияның құрылтайшысы Марат Абыкаев.

P.S: Индустриалды паркте АҚШ, Франция, Швейцария, Түркия, Ресей, Польша компаниялары инвестиция құйып, жұмыс істеуде екен. Бұл отандық өнім өндірушілердің шетел компанияларымен тәжірибе алмасып, жұмыс сапасын арттыруға септігі тиетіні анық.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button