Қоғам

«АСТАНА ПРОЦЕСІ» – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА



Ескен желдей, көшкен селдей уақыт шіркін өтіп жатыр. Міне, мамырдың алғашқы онкүндігі де өте шықты. Енді бұл күндердің төрткүл дүние­нің дүбірге толы  оқиғаларының көзден кетсе де көңілде қалған тұстарына назар салсақ, Солтүстік Корея мен Сириядағы ахуал бұрынғысынша әлемді алаңдатқанын аңғару қиын емес. 

65465

ҚХДР айналасындағы жағдайдың АҚШ пен Оңтүстік Кореяның кең ауқымды әскери оқу-жаттығулары аясында және соғыс бола қалған жағдайда Пхеньян басшылығының көзін жою жөніндегі шешімнен кейін ушығып кеткені мәлім. Бұған Солтүстік Кореяның Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ аумағындағы қарсыластардың соғыс базаларына кез келген уақытта соққы беруге дайын екендігін ескерте отыра, баллистикалық зымырандарға сынақ жасаумен жауап бергені де белгілі. Ақыры мұның соңы Корей түбегіне «Карл Винсон» атомдық авиатасымалдағыш бастаған әлеуетті қарулы күштердің тобының келуімен, олардың КХДР жағалауында бір айдай аялдайтынымен аяқталды. Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп мұнда соғыс отының тұтанып кетуін жоққа шығармай отыра, мәселені бейбіт жолмен шешуге және бұл тұста Қытайға көп үміт артатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Трамп Әкімшілігі солтүстік кореялық ядролық бағдарлама бойынша дебатта өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан әрі оны таратпауға күш салып жүрген Қазақстанның үлгісін пайдалану қажет деген пікірін білдірді.

Сирия мәселесі бойынша Астанада төртінші рет өткен саммит нәтижесі де көңілге үлкен үміт ұялатқанын айтқан жөн. Келіссөздер арқасында Сирияда деэскалация аймағын құру туралы меморандум қабылданып, оған Ресей, Иран, Түркия мемлекеттерінің ресми өкілдері қолдарын қойды. Бұл шешім БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй тарапынан қолдау тауып әрі жоғары бағаланып, Қазақстан Астана процесі аясында жоғары деңгейлі келіссөздердің келесі кезеңін өткізу мәртебесіне ие болды. Енді шілденің ортасына жоспарланып отыр­ған Астанадағы бесінші кездесу Сирия соғысын біржолата тоқтатуға мүмкіндік туғызады деген сенім де жоқ емес.

Ал Дональд Трамп Палестина басшысы Махмуд Аббаспен кездескеннен кейін Палестина және Израиль өзара бітімге келуге жол ашылғанын, сөйтіп Таяу Шығыс­та «ұлы» бейбіт келісімге қол жеткізуге күш салатынын жеткізді. Сондай-ақ, Ресей президенті Путин мен Германия канцлері Ангела Меркельдің кездесуіндегі Украинаға қатысты келіспеушіліктер, Францияның президенті болып Эммануэль Макронның басым дауыспен сайлануы, Facebook желісінің негізін қалаушы, миллиардер Марк Цукербергтің Огайода тұратын қарапайым американдық отбасына кездейсоқ келіп, кешкі асты бірге ішкені тәрізді дүниелер де әлем назарын аударған оқиғалар болды.

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button