Басты ақпаратЕл тынысы

Астана сәулетімен көз тартады



Қазақстан мен Мажарстан мемлекеттері арасында тарихи тамырластық бар. Қазақтардың да, мажарлардың да өткені көшпенді өмірден тұрады. Қос мемлекет те азаттық жолында талай күресті бастан өткеріп, тәуелсіздік кезеңінде сенімді серіктестерге айналып, өзара жақсы қарым-қатынас орната білді. Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рона Отто Иванды әңгімеге тарттық.

– Қазақстан мен Мажарстанды көп нәрсе байланыстырады. Бұл байланыстардың басын кәрі тарихтың сарғайған парақтарынан табуға болады. Дегенмен алдымен осы күндердегі әр саладағы екіжақты ынтымақтастық туралы айтып берсеңіз.

– Шынымен де, Қазақстанда Мажарстан елшісі болып жұмыс істеген оңай. Себебі қайда барсам да, кіммен кездессем де бір жылу сеземін. Бұл екі елдің достығымен қатар туыстығынан шығар деп пайымдаймын. Мұндай байланыстың маңызы жоғары, бұл фактор жеке өзімнің қызметіме қосымша күш беретіндей. Екі ел арасында саяси қарым-қатынас өте жақсы жолға қойылған. Мәселен, Мажарстанның Сыртқы істер министрі соңғы 1,5 жылда Қазақстанда үш рет болды. Біз 2014 жылдан бастап стратегиялық серіктеспіз. Екі ел арасында үкіметаралық комиссия құрылған. Осы жылдың қазан айының басында Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттер басшыларының форумы өтеді. Премьер-министріміз оған шақырту алды.

– Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқаны қуантады. Дегенмен қай салада ерекше атайтын жобалар бар? Алдағы уақытта қолға алынатын бірлескен жобалар бар ма?

– Саяси қарым-қатынас жақсы жолға қойылған соң, экономикалық байланыстарға, бизнес-сауда саласындағы қарым-қатынасқа серпін берді. Осы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы екі ел арасында сауда 38 пайызға өскенін көрсетті. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Мажарстан тарапынан Қазақстанға мемлекеттік мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия компаниясы ең көп инвестиция құйды. Бұл компания Орал қаласының маңында табиғи газды игеруді қолға алды. Осы жылдың аяғында тиісті жұмыс нәтиже беріп, алғашқы өнім шығатынына сенімдіміз. Басқа салаларда да бірлескен жобалар бар. Атап айтқанда, фармацевтикада, «жасыл» энергетикада, ауыл шаруашылығында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

– Қазақстан мен Мажарстанның білім саласында ынтымақтастығы жоғары деңгейде деп естідім. Мұның жайын өзіңіз айтып беріңізші.

– Жыл сайын Мажарстан Үкіметі 250 қазақстандыққа стипендия бөледі. Бұл бағдарлама 2013 жылы іске қосылды. Содан бері Мажарстанның жоғары оқу орындарына Қазақстан студенттері үлкен қызығушылық танытып келе жатыр. Қазір сұраныс өте жоғары деңгейде. Мәселен, осы жылы 1471 адамнан өтініш келіп түсті. Былтыр да осы шамалас өтініш болған.

– Қазақстанда елші болғаныңызға қанша уақыт болды? Қазақтың салт-дәстүрлерімен танысып үлгердіңіз бе, қазақ тілін үйренгіңіз келе ме?

– 2022 жылы қаңтар айының аяғында Қазақстандағы Мажарстанның елшісі болып тағайындалып, Астанаға көшіп келдім. Осы қызметті істеп келе жатқаныма 1,5 жыл болды. Қазақтың салт-дәстүрлерімен танысуға тырысып жатырмын. Маған әсіресе Наурыз мерекесі қатты ұнайды. Оның аталып өтуі өте әсерлі. Көктемнің келуін, өкінішке қарай, Мажарстанда олай атап өтпейміз.

Қазақ тілі – мен үшін өте ауыр тіл. Жасым да 62-ге келіп қалды. Сондықтан тілді үйренемін деп айта алмаймын. Кейбір сөздерді, сөйлемдерді, әрине, жаттаймын. Себебі бұл – менің қазіргі қызметіме байланысты міндетім. Жалпы ана тілімнен басқа бес тілде сөйлеймін. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірдім. Сонда вьетнам тілін меңгердім. Бұған қоса, ағылшын, неміс, орыс, дат тілдерінде сөйлеймін.

– Биыл – Астана қаласының 25 жылдық мерейтойы. Қазақстан астанасының дамуына, сәулеті, мәдениеті, табиғатына берер бағаңыз қандай?

– Астанада қазіргі заманғы сәулет өнерінің үлгісі дейтіндей көптеген әдемі ғимарат бар. Мәселен, өзіме «Қазақстан» орталық концерт залының ғимараты қатты ұнайды. Оның сырты да, іші де келіскен. Әрине, Астана – жаңа қала. Әсіресе сол жағалау жаңадан бой көтерген екен. Бірақ онда қаланың рухы сезілмейді. Астананың рухын шаһардың ескі орталығы, оң жағалауда сезуге болады. Қала жас болғандықтан, уақыт өте келе рух қалыптасады деп ойлаймын.

Астана климатын айтқанда, мұнда жеке өзіме өмір сүрген оңай емес. Себебі Будапештпен салыстырғанда Астана қысы өте қатал. Бірақ оған да үйренуге болады. Өткен жылдың қысында Астанаға көшіп келгенде әйелім екеуміз серуенге шығып, түсірген суреттерімізді елге жібердік. Сонда достарымыз, туыстарымыз Астана қысына қатты қызықты. Өкінішке қарай, Будапештте қазір ондай қар жоқ. 30-40 жыл бұрын Мажарстанның қысы қарлы болатын. Бірақ қазір қар жауса, көп болса, бір-екі күннен кейін еріп кетеді, тек таулардың басында ғана жатады.

– Астана құрылысына көзқарасыңыз қандай? Сіздіңше, халық серуендейтін саябақтар аз емес пе? Бәлкім, көпқабатты тұрғын үйлердің орнына жұрт таза ауада демалатын жерлерді көбірек салу керек шығар?

– 90-жылдардың басында Вьетнамда тұрып, жұмыс істедім. Сол уақытта бұл елде зәулім ғимараттар жоқ болатын. 19 жылдан соң сонда барғанда аспанмен таласқан биік ғимараттардың саңырауқұлақтай қаптап кеткенін көріп таңғалдым. Әрине, дәулеті артып, өркендеу жолына түскен мемлекет дамып жатқанын бүкіл әлемге көрсеткісі келеді. Бірақ бой көтерген басы артық ғимараттар мен қалыптасқан сәулет стилі Вьетнамға жараспайтынын байқадым. Сол ел Сингапурдың, Гонконгтың, Бангкоктың үлгілерін таза көшірген. Қажет емес еді. Зәулім ғимараттар француздар ХІХ ғасыр­дың ортасында жобалаған Ханой қаласының сиқын кетірді. Қаланың тарихи келбеті орталығында ғана сақталған. Оның себебі ЮНЕСКО Вьетнам астанасының орталығын әлемнің құнды мәдени мұрасы ретінде бекітті. Сондықтан орталыққа ешкім тиіспей отыр. Ал басқа жерлерде қалаға көрік қоспайтын биік ғимараттар өте көп. Астана Ханойдың кебін құшып кетпесін деп тілеймін.

– Астанада нені жетілдіру керек деп есептейсіз?

– Елордада троллейбус, трамвай, әсіресе метро жетіспейді. Мегаполис өсіп жатыр, тұрғындар саны да жылдан-жылға артуда. Соған байланысты көлік кептелісі де қатты. Мысалы, мен Астанаға келгенде, өткен жылдың ақпан айында, кептеліс қазіргіден аз еді. Қазір қалада көлікпен жүру қиындады. Әсіресе таңғы 8 бен 9 және кешкі 6 мен 9 арасында кептелісте ұзақ тұрамыз. Әрине, жаңа, жайлы автобустар баршылық. Өзім де автобусқа жиі мінемін. Телефондағы QR-кодпен жолақыны төлеген ыңғайлы әрі қазіргі заманға сай келеді. Меніңше, Астанада қоғамдық көлік желісін дамыту керек. Әрине, LRT салынатынын білемін. Оның іске қосылғанын да көргім келеді.

– Жақында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовпен кездесіп, Астана және Будапешттің іскерлік байланыстары және ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде әңгімелестіңіздер. Астанада Мажарстанның ұлы ақыны Шандор Петёфи атына көше беру мәселесін талқыладыңыздар. Жалпы бұл кездесуде қандай келісімге келдіңіздер?

– Биыл – атақты ақынымыз Шандор Петёфидің туғанына 200 жыл. Бірнеше жыл бұрын Будапештте Астана және Абай көшелері ашылғанын білетін боларсыздар. Өткен жылы Петёфиге Астанадан көше беру мәселесімен қаланың бұрынғы әкіміне кірдім. Былтырғы желтоқсан айының басында бізге қаладағы үш көшенің бірін таңдауға болатыны жөнінде хабар келіп жетті. Жақында Астана қаласы мәслихатының төрағасымен кездестім. Ерлан Каналимов ұсынысымызды қолдады. Оның көмегімен мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын. Петёфиге Астанадан көше ақынның мерейтойлық жылында берілсе деген игі тілегіміз бар. Жуырда ғана, 22 маусым күні Ұлттық академиялық кітапханада ұлы ақынымыздың қазақ тіліне аударылған өлеңдер жинағының таныстырылымы өтті. Бұл кітапты Мажарстан Мәдениет қорының қолдауымен Түркі академиясы дайындап, жарыққа шығарды. Ертеректе қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли Петёфи өлеңдерін қазақшалаған екен. Кітап сол аудармамен қайта басылды. Ерлан Каналимовпен екі ел арасындағы басқа да маңыз­ды мәселелер, Будапешт пен Астана делегацияларының өзара сапары талқыланды.

– Урбанизация барысында Мажарстандағы үлкен шаhарлардан жас Астанаға нені үйренуге болады?

– Венгрияның астанасы Будапештте, Дебрецен, Сегед, Печ және басқа да қалаларында сәулет өнері, қоғамдық көлік желісі, қала тіршілігі мен қаланың қызмет көрсету саласын цифрландыру жұмысы жақсы дамып жатыр. Ал «Smart сity», яғни «Ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыруда бізге Астанамен әріптестік орнатуға болады деп есептеймін. Сондықтан Астана қаласы делегациясының Мажарстанға сапары үлкен нәтиже береді деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан бұл сапардың жақсы бағдарламасын әзірлейміз. Әрине, урбанизацияны айтқанда, қала экологиясы мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Мажарстанда бұған қатысты тамаша бағдарлама бар.

– Астана экологиясын жақсарту және елорда тұрғындарының өмірін жеңілдету мақсатында қаланы газдандыру жұмысы жүріп жатқанын білетін боларсыз…

– Иә, білемін, бұл – өте маңызды жұмыс. Алдында айтқанымдай, Мажарстан тарапынан Қазақстанда қолға алынған табиғи газды игеру ісі елдеріңіздегі қалалар мен ауылдар экологиясының жақсаруына септеседі деп ойлаймын.

– Астана тұрғындарының мәдениеті туралы не айтасыз?

– Бас қалада қызмет көрсету саласы жоғары деңгейде екенін айта аламын. Қазақстан астанасында осы саланы цифрландыру ісі жақсы дамыған. Бұл тарапта Будапештке Астанадан біраз нәрсе үйренуге болады. Бірақ көлік жүргізушілеріне сыпайылық жетіспейді. Белгі беріп, бір жолақтан екінші жолаққа өтуді қанша сұрасаң да жол бере қоймайды. Әрине, қалада көлік ағыны қатты екенін, бәрі діттеген жеріне жылдам жеткісі келетінін түсінемін. Елшілігімізде жұмыс істейтін қазақстандықтар бұл тарапта ілгерілеу барын, көлік жүргізушілерінің мәдениеті өткен жылдармен салыстырғанда жақсарғанын айтады. Бұл бірте-бірте реттеледі деп ойлаймын. Сосын Астанада газет сататын дүңгіршектер жоқтың қасы. Алматыда бұдан әлдеқайда көп.

– Астананың қай жерлерінде серуендегенді ұнатасыз?

– Айтқанымдай, Астананың рухы сезілетін қаланың оң жағалауындағы көшелер мен саябақтарында, жасыл желегі жайқалған, гүлдерінің жұпар иісі аңқыған Президент саябағында жарым екеуміз жиі серуендейміз. Осы саябақтардың күтіміне көңілім толады. Жарыммен Қорғалжын жаққа да үш рет барып келдік. Қорықтың табиғаты өте әсем. Сонда қоқиқаздар мен пеликандарды тамашаладық.

– Астананың 25 жылдық мерей­тойы тұсында бас қаламыздың тұрғындарына не тілейсіз?

– Астанаға қала тұрғындарының өсу қарқынына сәйкес өркендеуді тілеймін. Судың, жарықтың тапшылығы болмасын. Қоғамдық көлік желісі жолаушылардың сұранысына сай келсін. Қала жасыл желекке орана берсін. Астананың тарихи келбеті сақталып, шаһар жаңа құрылыстармен толығып, әрі қарай дамысын!


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button