Басты ақпаратМәдениет

«Астана – шабыт арқауы»

Елордадағы «Қаламгерлер» аллеясында қала әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиа­лы ұйытқы болуымен «Астана – шабыт арқауы» атты рухани-мәдени іс-шара өтті.

Ақын-жазушылармен кездесу циклінің мақсаты – бас қаланың рухани келбетін, әлем алдындағы беделін қалыптастыруда еңбек сіңіріп жүрген қаламгерлерге рухани қолдау көрсету, шығармаларын оқырманға кеңінен насихаттау.

Кездесуде алғы сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен:

– Елордада қаламгерлердің аға буыны қалыптасып, ұлт руханиятына үлес қосып келеді. Бүгінде Астанада Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан астам мүшесі тұрады. Жас ақын-жазушыларды рухани қолдауға мән берілуде. Оның дәлелі екі жыл бұрын жас қаламгерлердің 30-дан астам кітабы жарыққа шықты. Мұндай игі бастама жалғасын таба береді. Бүгін өздеріңізге ризашылығымызды, сый-құрметімізді көрсетейік деп жинадық» деді.

Астана қаласының 25 жылдығы аясында өткен рухани жиында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы, Ғарифолла Есім, Әлібек Асқар, Серік Тұрғынбекұлы, Алдан Смайыл, Алтыншаш Жағанова, Шәрбану Бейсенова, Тұрсын Жұртбай және тағы басқа қаламгерлерге елорда әкімінің 500 мың теңгелік сыйақы сертификаты табысталды.

Мәдени іс-шарада ақын- жазушылар қолтаңба сессиясын, кітаптар тұсаукесерін өткізді.

Көрнекті жазушы Төлен Әбдік пен тарихшы-жазушы Қойшығара Салғара Астананың ел дамуындағы маңызына тоқталып, ақын-жазушыларды қолдау маңызды міндеттің бірі екенін айтып, ақжарма батасын берді.

«Ақын-жазушылар елдіктің еңсесін тіктеуге үлес қосып, билік пен халық арасында алтын көпір болып жүр. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ақын-жазушыларды құрметтеу мақсатында 80 қаламгерге сыйақы беріледі» деді ақын, Жазушылар одағының елордадағы басшысы Дәулеткерей Кәпұлы.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button