Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

АСТАНА – СПОРТ ОРДАСЫ



Жылдан жыл ұзаған сайын сәніне сән, салтанатына салтанат қосып, өзінің асқақтығы мен айбындылығын асырып бара жатқан Астана қаласы еліміздің байтағы ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келеді. Бұл үшін биыл елордада 700 спорт-бұқаралық шаралары өткізілетінін айтсақ та жеткілікті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланы дамыту бағдарламасына 2020 жылға қарай елордада спортпен шұғылданушылар қатары жалпы тұрғындардың 30 пайызын құрау талабын енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Енді сол бағытта жұмыс­тар жасалып жатыр.Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, Астанада 2016 жылы жергілікті тұрғындар мен қонақтардың қатысулары негізінде 567 спорттық-бұқаралық шаралар өткізілген. Ал биылғы өтетін 700 шара мыңдаған адамды қамтитын болады. Қазір қалада спортпен тұрақты түрде 240 340 адам айналысады. Бұл – елордада тұратын жалпы халықтың 24 пайызына тең көрсеткіш. Бұл қатарға аптасына екі-үш рет спорт залдары мен алаңдарына барып тұратындар саны енгізілген жоқ.

Қала билігі енді негізге салмақ пен назарды спорт нысандарының жастар мен мектеп оқушылары үшін қолжетімді болуына, олардың басым бөлігі спортпен достасуына аударып отыр.

Бүгінгі таңда Астана инфрақұрылымында 649 спорт ғимараты мен алаңдары бар. Соның ішінде жоғары оқу орындарында 281 аула алаңдары, 118 спорт залдары тіркелген. Бұл қаладағы жұртшылықтың спорт алаңдары мен бассейндерге деген сұранысының 63 пайызын құрайтынын білдіреді.

Биылғы мамыр айының ортасы­нан бастап елорданың бірнеше алаңында Fitness Park Astana қозғалысының ­кезекті маусымы сөреден шықты. Шара шеңберінде әрбір жексенбі са­йын маман фитнес-нұсқаушылардың қатысуымен жаппай жаттығулар өтіп тұр. Астана тұрғындары мен қонақ­тары таңертең орталық паркте ­кроссфит, йога, джиу-джитсу және зумба биі секілді сабақтар өтіп келеді. Ал «Жерұйық» саябағында кроссфит пен зумба элементтері бар бір сағаттық жалпы дене дайындығы жаттығуы ұйымдастырылған.

Студенттер саябағында да дәл осы бағдарламаның екінші нұсқасы жасалып жатыр. Мұндағы артығы тек тай боксы болса керек.Статистика деректері бойынша 2016 жылы астаналық спортшылар респуб­ликалық және халықаралық жарыс­тарда 1553 алтын, 1307 күміс және 1507 қола – барлығы 4367 медаль жеңіп алған. Бұл 2015 жылға қарағанда 484 медаль артық екенін байқатады. Демек, бұл тұрғыда да өсу бар.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button