Басты ақпаратҚала тіршілігі

Барлық жол ел төрінде түйіседі



Құрметті жолаушылар, «Қызылорда-Көкшетау» бағытындағы 056 жолаушылар пойызы «Нұрлы жол» вокзалына келіп тоқтады. Сапарларыңыз сәтті болсын!

Еліміздің Астанасы небір іскерлік жиындардың орталығына айналды. Күн сайын еліміздің әр аймағынан келетін қонақтар мен шетелдік туристер санында шек жоқ. Осы ретте жаңадан бой көтерген «Нұрлы жол» вокзалы бір мезетте 35 мың адамды емін-еркін қабылдай алатыны қуантады. Ханшатыр, Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ақорда… Бір түзу сызықтың бойында орналасқан ғимараттар тізіміміне енді «Нұрлы жол» вокзалы қосылды.

Алты қабатты алып ғимарат

Қазіргі таңда алты қабаттан тұратын алып ғимаратқа 27 жолаушылар пойызы келіп кетеді. Алғашқы екі қабатындағы автұраққа 740 көлік емін-еркін сияды. Үшінші қабат – перрон, төртінші қабат – жолаушыларды перронға шығаратын зал, ал бесінші-алтыншы қабатта коммерциялық орталықтар бой көтерген. Онда келушілерге барлық жағдай жасалған.

Демалуға, тамақтануға, дүкен аралауға, тіпті, өз шаруасымен айналысуға арналған орындар баршылық. Вокзалдың ең басты ерекшелігі де сол, мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық мүддесі ескерілген.

Ал туристерге арналған арнаулы бұрышты еліміздің төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі туралы жан-жақты ақпараттар мен билет сату нүктелері топтастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін 52 эскалатор мен 26 лифт орнатылған.

 

«Жасыл технологиялар» жетістігі

Жаңа вокзалда жаңа технологиялар жетістігі қолданысқа енгізілген. Мәселен, ғимарат шатырында жинақталған жаңбыр суын техникалық қажеттіліктерге, маңайындағы ағаштарды суғаруға жұмсайды. Ауа баптау жүйесінде де жаңашылдық бар. Суық болып тұрған жерге жылы ауаны айдау арқылы энергияны үнемделеді.

«Ескі теміржол вокзалы 12 мың адамға шақталған. Ал жаңа вокзалға бір мезетте 35 мыңдай адам емін-еркін келіп-кете алады. Қазіргі уақытта 40-50 пойыз қатынайды. 10 қалалық маршрут қатынайды. Вокзалдың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Ғимаратта адамдарды тексерістен өткізетін ақылды 16 кіреберіс бар және 510 камерамен жабдықталған» дейді «Нұрлы жол» вокзалының директоры Дінмұхамед Құсайынов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button