Басты ақпарат

АСТАНА ЗАМАНАУИ АВТОБУСТАР АЛАДЫ



EBRD-and-Astana-city

Кеше Лондонда Қазақстанның  бас шаһарындағы көлік желісін  жаңғырту мақсатында елорда әкімдігі мен оған қарасты «Астана LRT» ЖШС және ЕҚДБ арасындағы үшжақты келісімшартқа қол қойылды.

Осы келісімшартқа сәйкес Еуропалық қайта құру және даму банкі бөлген қаржы есебінен 2016-2017 жылдар аралығында Астанаға соңғы үлгідегі 200 автобус әкелінбек. Жаңғырту талаптары бойынша сатылып алынатын көліктің бұл түрі ақпараттандырудың, жолаушыларды санаудың, бейнебақылаудың, салонды салқындату мен жылытудың заманауи жүйесімен жабдықталуға тиіс. Қаржыландыру шарттарында қарастырылған айрықша назар аударарлық тағы бір мәселе – жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі адамдардың мініп-түсуіне қолайлы болуы қажет.
Мұндай уағдаластыққа қол жеткізу Астананың инвестициялық тартымдылығы артқанын аңғартады. ЕҚДБ сарапшыларының пікірінше, Астана әкімдігі қаланың көліктік кешенін дамыту мен жаңғырту ісінде дұрыс бағыт ұстанып отыр.
Бұл келісімшарт Астана әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастыққа соны серпін береді. Банк инвестициясы елорда тұрғындары мен қонақтарының өміріне оң әсерін тигізетін инновациялық жаңалықтар енгізуге жол ашады, – деді салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков.
Бұған дейін автобустар жетіспеушілігі проблемасын шешу мақсатында Астана қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Астана LRT» ЖШС бірлесіп, жылжымалы құрамды жаңартуды көздейтін үш кезеңдік «City bus» бағдарламасын белгілеген болатын. Сол жобаның алғашқы сатысын жүзеге асыру аясында әлемдік стандарттарға толықтай сай келетін IVECO CITELIS маркалы 358 автобус алу жөнінде келісімшарт жасалынды.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button