Ел тынысы

Астанадағы көкпарға Америка құрамасы қатысады



«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде Ұлттық спорт күніне арналған «Наурызнама: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынның ашылу салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен өз сөзінде, біздің ұлттық ойындарымыздың дені – ат спортына қатысты екеніне тоқталып өтті.

«Соңғы жылдары бірқатар мемлекет ұлттық спорт пен ұлттық ойындарына аса мән беріп, қызығушылық танытып отыр. Олай дейтінім, бүгін АҚШ көкпаршылары Астана төрінде өзара тәжірибе алмасатын болады. Бұл көкпар тартудың – әлем елдеріне кеңінен тарап, ұлттық өнерден халықаралық дәрежедегі спортқа айнала бастағанын көрсетеді. Біздің ұлттық ойындарымыздың дені – ат спортына қатысты. Аламан бәйгелер мен жарыстарда қазақтың өзгеден бәсі жоғары. Бұған кешегі әйгілі шабандоз Бауыржан Мырзабаев, әлемге танылған жылдамдығымен дүйім жұртты аузына қаратқан қазақстандық Кабирхан жылқысы дәлел»,- деді Есет Байкен.

Мерекелік іс-шара аясында аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Одан бөлек көкпардан АҚШ пен Қазақстан құрамалары арасында жолдастық кездесу өтті.

Астана қаласы Спорт басқармасының басшысы Василий Левиттің сөзінше, додаға Лэдд Хауэллмен бірге америкалық кәсіби шабандоз Кейси Филд те қатысып жатыр.

«Елордалықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ұлттық спорт күніне орай бүгін елордалық және АҚШ құрамалары арасында көкпардан жолдастық кездесу өтті. АҚШ құрамасының жетекшісі – америкалық шабандоз Лэдд Хауэлл. Қазақ құрамасын белгілі көкпаршы Құрманбек Тұрғынбек бастап шығады. Додаға Лэдд Хауэллмен бірге америкалық кәсіби көкпаршы Кейси Филд те қатысып жатыр. Бұл көкпар тартудың әлем елдеріне кеңінен тарап, ұлттық өнерден халықаралық дәрежедегі спортқа айнала бастағанын көрсетеді», – дейді Василий Левит.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button