Басты ақпаратСараптама

Астананың ауасы қалай тазарады?



Астана қаласында экологияны, қоршаған ортаны қорғау мәселесі өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені үнемі назарда ұстайды. Биыл көктемде күллі ел аумағында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экология акциясына қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясында жастармен бірлесіп тал еккен Президент: ­«Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, ин­вестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек» деп қадап айтты.

Ауаны не ластайды?

Астана әлемдегі ауасы лас­танған қалалардың рейтингінде 58-орында тұр. Мұндай мәліметті дүние жүзіндегі ауасы лас қалалардың рейтингін жасаған World Air Quality мамандары жария етті. Жаһандық рейтингте ауа тазалығы сапасының индексі (AQI) 6 санатқа бөлінген. Олар түсі бойынша қалалардағы ауаның ластануын және оның адам ағзасына әсерін көрсетеді. Бұл рейтингте ауасы өте лас Бішкек 4-орында орналасқан. Ташкенттің де көрсеткіші мәз емес, 7-орында тұр. Мәскеуге 18-орын бұйырыпты. Астанада ауадағы PM-2,5 ұсақ бөлшектерінің концентрациясы бір текше метрге 124 микрограмды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормалары бойынша бұл көрсеткіш 25 микрограмм деңгейінен аспауы керек.

Өткен жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2019-2023 жылдарда ауасы ең көп ластанған еліміздегі қалалардың тізімін жариялағаны мәлім. Эколог-мамандар соңғы 5 жылдың ішінде (2019-2023 жж.) атмосфералық ауаның ластануының тұрақты жоғары деңгейі Қарағанды, Алматы, Астана, Өскемен, Теміртау, Жезқазған қалаларында байқалғанын ашық айтты. «Қазгидрометтің» мамандары жоғарыда аталған қалалардың ауасы қандай улы заттармен жиі ластанатынын атап көрсетті. Мәселен, Астанада ауаны, негізінен, ластайтын заттарға қалқыма бөлшектер (шаң), РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, көміртегі тотығы, азот диоксиді, азот тотығы жатады екен.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәліметі бойынша жыл сайын Астанада 132,4 мың тонна зиянды заттар ауаға таралады. Соның ішінде 51 мың тоннасы (38,5 пайызы) – жылу электр орталықтарынан ауаға таралатын зиянды заттар; 47 мың тоннасы (35,5 пайызы) – көліктерден бөлінетін зиянды заттар; 20 мың тоннасы (15,1 пайызы) – жекеменшік сектордан бөлінетін заттар; 14,4 мың тоннасы (10,8 пайызы) – автономдық қазандықтар мен кәсіпорындардан шығатын заттар.

Сала мамандары Астана мен Алматыда автокөліктен шығатын шығарындылардың көптігінен ауаның ластанатынын жиі-жиі айтып жүр. Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Алмас Ысқақов елордадағы ресми тіркелген автокөліктердің 50 пайызы пайдаланғанына 10 жылдан асқанын, бұл жағдай да ауаның ластануына әкеліп отырғанын айтады.

«Астана қаласы әкімдігінен алынған ақпаратқа сәйкес, елордада 320 мың автокөлік (287,5 мың жеңіл автокөлік, 23,5 мың жүк көлігі, 6,8 мың автобус) тіркелген. Соның 50 пайызы – пайдаланғанына 10 жылдан асқан көліктер. Жалпы қала бойынша Еуро-4 және Еуро-5 стандартына сәйкес келетін автокөліктердің саны 90 мыңнан аспайды (бұл – тіркелген автокөлік құралдары жалпы санының 28 пайызы)» дейді ол.

Бүгінге дейін қалалық әкімдік коммуналдық кәсіпорындардың 854 автокөлік құралын газға көшірді. Сондай-ақ ресми такси қызметінің 250 автокөлігі баламалы жанармай түріне ауысты. Қаладағы автобус бағдарларында 661 автобус жолаушыларға қызмет етеді, соның ішінде 100 электробус бар. Ал қалған 561 көлік Еуро-5 экологиялық қауіпсіздік стандартына сәйкес келеді. Осылайша, Астана қаласының әкімдігі көліктердің ауаға зиянды заттар тарату жағдайын төмендетуге бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Алайда ауаның сапасын жақсартуға бұл аздық етіп отыр.

Тазарту жолы қандай?

Жергілікті құзырлы органдар 2020-2026 жылдарға арналған Астана қаласындағы экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол картасын жасап, іске асыруда. Сол құжатта ең алдымен қалада көмір жағатын жылу-электр орталықтарының ауаға шығарындылары көлемін азайтуға әсер ететін іс-шаралар анық жазылған.

Жоғарыда біз ауаға шығарылатын зиянды заттардың 51 мың тоннасы (38,5 пайызы) жылу-электр орталықтарынан ауаға таралатынын айттық. Енді осыған келейік. Қатты отын, соның ішінде көмір жағу – ауаны ластайтын фактордың бірі. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар, ол – көмір жағудан бас тартып, қаладағы барлық жылу-электр орталықтарын газға көшіру. Биыл 27 ақпанда Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек журналистердің осы мәселеге қатысты сұрағына жауап берді.

«Астанада газға көшіру үдерісі толық күшімен жүргізіліп жатыр. Атмосфераны ластайтын негізгі екі фактор – автокөліктерден бөлінетін зиянды заттар мен көмір жағу. Екі мәселе бойынша біз жүйелі жұмыс жүргізіп отырмыз. Әсіресе жекеменшік секторды газға көшіруге күш салып, ауаны ластау деңгейін төмендеткіміз келеді. Мысалы, 2023 жылы «Үркер», «Шұбар» және «Пригородный» тұрғын үй алаптарына газ құбырлары тартылды» деп түсіндірді мәселенің мәнісін әкім.

Оның айтуынша, мұндай нақ­ты іс-шаралар «Көктал» және «Лесозавод» аудандарында да қолға алынған.

«Біз бұл бағытта бір орында тұр­маймыз, қаланың аудандарын газға көшіруді жалғастырамыз. Қазірге дейін көмір жағып, үйін жылытып отырған тұрғын үй аймақтарына газ құбыры желісін тартуды жоспарлап қойдық. Өткен жылы қаланы жылумен қамтамасыз ететін үш жаңа нысанның құрылысын аяқтадық. Жылу беретін бұл жүйелер тек қана газбен жұмыс істейді, яғни бір жағынан бұл қауіпсіз, екінші жағынан экологиялық таза. Бұл бағыттағы жұмыстарға №3 жылу-электр орталығы, 2 газ жылу станциялары, №1 жылу-электр орталығын табиғи газға көшіру жатады» деді Жеңіс Қасымбек.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін қаладағы жылу-­электр орталықтарын газға көшіруге қатысты мынадай жұмыс атқарылған: біріншіден, №1, 2 жылу-электр орталықтарында газ құбырын салу жұмысы аяқталған, соның ішінде осы екі нысандағы 16 су жылытатын қазандықтар газға көшірілген; екіншіден, №2 жылу-электр орталығындағы энергоқазандықтарға тиімділігі өте жоғары электрсүзгіштер орнатылған. Міне, жоғарыда айтылған жұмыстардың нәтижесінде №1 жылу-электр орталығынан ауаға таралатын шығарындылардың көлемі 5,3 мың тоннадан 3,3 мың тоннаға дейін азайды. Ал №2 жылу-электр орталығынан ауаға таралатын шығарындылар көлемі 50,1 мың тоннадан 45,03 мың тоннаға дейін кеміген.

Жекеменшік секторды газға көшіру жоспары бойынша жұмыс 3 кезеңге бөлінген. 2022 жылы елорданы газдандырудың 1-кезеңі мен 2-кезеңі аяқталды. Соның нәтижесінде 200 мыңға жуық адам, атап айтқанда, 14 мыңнан 29763 жер үй табиғи газға қол жеткізді. Сондай-ақ 13 автономдық қазандық газға қосылды. Ал газдандырудың 2-кезегі мен 3-кезегін 2025 жылға дейін бітіру жоспарлан­ған. Қазіргі кезде «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Теміржолшылар», «Пригородный», «Оңтүстік-шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» тұрғын алаптарының, сондай-ақ Потанин-Мәскеу, Нұрбесік, Ақбидай, Қазақ ауылы көшелері тұрғындарының газ құбырына қосылуға мүмкіндігі бар. Алайда кейбір тұрғындар көгілдір отынды тұтынуға құлықты емес. Өйткені газ құбырына жалғануға 700-900 мың теңге төлей алмайтындар да бар.

Президент тапсырды, әкім орындады

Елорданың ауасын тазартудың тағы бір жолы бар, ол – жасыл желекті көбейту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланы көгалдандыруға қатысты бірқатар сын-ескерту айтқан еді. «Астана да жасыл қалаға айналуы керек. Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа вокзалға дейін созылып жатқан елорданың стратегиялық осі үлкен әрі жайлы, жасыл желекті саябаққа айналуға тиіс. Оның маңайындағы көшелер мен аулалардың бәрін тиісті деңгейде абаттандыру керек» деді Президент. Елорданы жаппай көгалдандыру зор маңызға ие екенін айтқан Мемлекет басшысы: «Қаланы көгалдандыру үлкен маңызға ие, Астанада бұл салада проблемалар бар. Тіпті Мәңгілік ел даңғылында жасыл желек жетіспейтіндіктен, басқа көшелер туралы не айтуға болады?! Маусымдық өсімдіктерді отырғызу тәжірибесінен алшақтап, көпжылдық өсімдіктерді белсенді отырғызу керек. Бұл ретте елорданың қатал климатын ескеру, ғылыми қоғамдастықтың әлеуетін және үздік әлемдік тәжірибені жұмылдыру маңызды» деді нақты мысал келтіріп.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазір елордада көгалдандыру мен абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қалалық әкімдік биыл 1,1 млн жасыл желек отырғызуды, 170 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарға енгізген. «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экология акция­сынан кейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек Президент тапсыр­масына қатысты мынадай ақпаратты жария етті: «Өткен жылы елорданы көгалдандыру жарғысы қабылданды, онда 3 жыл ішінде отырғызылған көшеттерге кепілдік міндеттемелері, сондай-ақ ірі ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызуға басымдық беру мәселесі көзделген. Қаланың барлық ауданында абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізіледі».

Қаланы көгалдандыруға қатысты 22 сәуірдегі әлеуметтік желідегі жариялаған жазбасында әкім Ұлытау аллеясы, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік даңғылдарында ауқымды деңгейде абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ Қазақ елі алаңы, Мыңжылдық аллеясы, Т.Жүргенов аллеясындағы гүлзар, «Керуен» сау­да-саттық және ойын-сауық орталығы жанындағы гүлзар да абаттандырылатыны мәлім болды.

«Т.Жүргенов көшесінде (Алматы ауданы) жасыл желекжол ашамыз. Бұл көше – шағын ауданның басты көшелерінің бірі. Көше ашылған сәттен бастап 9 жыл ішінде жаяу жүргіншілер тротуар­ларының төсемдеріне жөндеу жүргізілмеген. Осыған байланысты учаскелердің көпшілігі ескіріп қалған. Сондай-ақ көгалдандыру жүргізілмеген әрі көше жарығы орнатылмаған. Осыған байланысты Т.Жүргенов көшесіндегі жаяу жүргіншілер кеңістігін ауқымды абаттандыруға кірістік. Оның барысында кедергісіз орта құрылып, бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындар ашылады, сол сияқты көгалдандыру, жарықтандыру және т. б. жүргізіледі. Т.Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін) абаттандыру жұмысы қазірдің өзінде басталып кетті. Мұнда 6 мыңнан астам ағаш пен 44 мың бұта отырғызу жоспарланып отыр» деді Ж.Қасымбек.

Қала басшысы Мыңжылдық аллеясында 70 мың шаршы метр аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатқанын мәлім етті. «Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру аясында 18 гектар аумақты абаттандыру жоспарланған.

«Ескі вокзал мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелерінің аумағын; Ақбұлақ жағалауы, Президенттік саябақ, «Бейбітшілік пен келісім» саябағы және т. б. кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластерін абаттандырамыз» деді қала әкімі.

Құрылыс салушыларға қосымша міндет

Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев көгалдандыру құрылыс қарқынына сәйкес жүргізілуі керегін қадап айтты.

«Негізінде, Торонтода, Оттавада климаттық аймақ Астанамен сәйкес келеді. Олар – жарасымды көрінетін жасыл қалалар. Канада тәжірибесін пайдалану керек. Бұған құрылысшылардың өзін белсенді түрде тарту керек. Мысалы, Хельсинкиде құрылысшыларды іргелес аумақтарды көгалдандыруға міндеттейді. Дәл осы тәжірибені біз де қолдануымыз керек. Яғни құрылысшы құрылыс алаңына тең жер учаскесін көгалдандыруға міндетті. Мұндай тәсіл жақсы жұмыс істейді» деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай, Астана әкімдігі де құрылыс компанияларына салынған тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру мен көгалдандыруды міндеттейтін талаптар енгізді. Бұл туралы негізгі құрылыс компанияларының өкілдерімен өткен кездесуде Жеңіс Қасымбек: «Құрылыс компаниялары тек өз пайдасын ғана емес, сатып алушыларының да ыңғайлылығын ойлауы керек. Сондай-ақ өздері салған тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандырып, көгалдандыруы қажет» деп түсіндірді.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button