Басты ақпарат

Астананың ажарын ашты



SUL_7215

Астана халқы өткен сенбі күні қолдарына күрек, кетпендерін алып, жалпы қалалық сенбілікке шықты. Жұртшылықпен бірге тазалық шарасына қатысқан елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков шаһардың көркіне үлес қосуға шыққан барша тұрғындарға алғысын білдірді.

Қала әкімінің айтуынша, «Біз – таза қала үшін» деген жалпы атаумен өткізілген сенбілікте жұртшылықтың белсенділігі жоғары. Бұл тұрғындардың елордаға деген ерекше көзқарасын, тазалыққа деген жоғары мәдениетін көрсетеді.

– Бүгінде үйреншікті үрдіске айналған сенбілік қала халқының бірлігін, Астанаға деген айрықша сезімін білдіретін шараға айналды. Біздің қала күллі республикамыздың  бет-бейнесі танытатын айнасы іспетті. Елорданың көркеюі – Елбасының тікелей назарында.  Сондықтан Астана тазалық жағынан да өзге өңірлерге өнеге болуы тиіс. Көше мен айналаң таза болса, көңілің де көтеріңкі жүреді. Сенбілік қаланың сән-салтанатын аша түсетінін қазір әр тұрғын жақсы түсінеді. Көшеге қоқыс лақтырушылардың азаюы – соның айғағы. «Мен өз қаламды көрікті етем» деп тазалық шарасына қатысып, жұдырықтай жұмылған барша жұртқа алғысымды білдіремін. Бірлігіміз бекем болып, Астанамыз ажарлана берсін! – деді Әділбек Рыскелдіұлы.

Елорда әкімі қаланың тазалығы үшін күндіз-түні бір тынбайтын коммуналдық қызмет мекемелері қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтіп, оларға сенбілік арқылы арасында қолғабыс жасаса, ешкім де ұтылмайтынын айта кетті.

Биыл қала бойынша өткен сенбілікке 100 мыңға жуық адам қатысқан. Қаланың әр аумағы орамдарға бөлініп, әр мекеме өзіне тиесілі аумақты күл-қоқыстан тазартты. Әділбек Рыскелдіұлы бастаған қала әкімдігі және қалалық мәслихат Әзірет Сұлтан мешіті аумағын ретке келтірді.

Экологиялық айлық аясында көшелер, тротуарлар мен аулаішілік аумақтар мұнтаздай жарқырап қана қоймай, инженерлік желілер, су, арық құбырлары тазаланды.  Саябақтар мен гүлбақтардағы жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізіліп, заңсыз қоқыс орындары мен ластанған учаскелер жойылды.

Сенбілікке серпінмен келген жұртшылық ағаш көшеттерін отырғызуды да ұмытқан жоқ. Осы жолы тал, үйеңкі, қарағай, шырша, шегіршін, терек сынды ағаш түрлерінен барлығы 8 мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Жалпы «Астана Көгалдандыру құрылысы» АҚ-ның мәліметі бойынша, осы мекеме 1999-2015 жылдар аралығында 1 106 462 түп ағаш пен бұта отырғызған. Тек биылғы жылдың соңғы 8 айының көрсеткіші бойынша, қалаға 45 729 ағаш қосылып үлгерген. Оның сыртында жекелеген мекемелердің отырғызғаны қаншама?! Қаланы жасыл желекке айналдыру мақсатындағы атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында қазір Астана көркі көз тартатын шаһарға айналып, түрлі-түсті гүлдермен көмкерілген. Бұл қаланы аңызақ желден, күшті дауылдан қорғайтын қорған, адамдардың денсаулығына шипа екені сөзсіз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ 

 

 

 

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, Әзірет Сұлтан мешітінің найб-имамы:

–  Қоршаған ортаны аялау, жасыл желек отырғызу – игілікті іс. Ата-бабаларымыз ежелден-ақ орманға, баққа үлкен мән берген. «Бір тал кессең, он тал ек» деп өсиет еткен. Ислами тұрғыдан да адамға ұрпақ өсіріп, үй салумен бірге, ағаш отырғызу да – парыз. Мұның зейнетін түбінде ел көреді. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi болса, қиямет қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн» – деген. Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыз  жасыл желекке қарау, ағып жатқан суға және жарқын жүздi адамның бетiне қарау көздің нұрлануына себеп болады дейді. Сондықтан бүгінгі сенбілік – үлкен сауапты іс.  Тазалық шарасы кезінде қаншама ағаш отырғызылып жатыр. Мұның бәрі келер ұрпақтың игілігіне арналған. Әрі сенбілік жастардың бойына қоршаған ортаға деген дұрыс сананы қалыптастыруға ықпал етеді.  Бұл қаламыздың қанына сіңген қасиет ретінде әрі қарай жалғаса беруі керек.

 

Әділбек СӘРСЕМБАЕВ, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Сенбілік – қалалықтардың бірлігін, тазалыққа деген көзқарасын білдіретін жақсы мүмкіндік. Қазір барлық тұрғындар тазалық айлығына белсене атсалысатынын көзіміз көріп жүр. Бұл ең алдымен өзіміз үшін, қаламыз үшін керек. Осы сенбілік кезінде 9 мыңға жуық ағаш отырғыздық. Былтырғымен салыстырғанда бұл екі еседей көп көрсеткіш. Астана аумағын санитарлық тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық 7 қыркүйек күні басталғанын тұрғындар жақсы біледі. Тазалық айлығы 7 қазанға дейін жалғасады. Осы уақытта әсіресе, қаланың шет аймақтары ерекше тазалануына мән беріп отырмыз. Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасы мен жағасын күл-қоқыстан арылтуға да бар күшімізді жұмылдырып жатырмыз. Қаламыздың көркін келтіретін тазалық айлығына бәрі де белсене атсалысатынына сенімім мол.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button