Қоғам

АСЫЛЗАТ АҚЫН



Біраз жыл бұрын «Әйелден ақын шықпайды, күйші не биші болмаса» деп кесіп айтқан көрнекті ақын Есенғали Раушановқа қарсы уәжді алдымен Жанат Әскербекқызының жырынан жолықтырдық. Жанат жалғыз емес екен, апасын Асылзат Арыстанбек қостайды.

Биші бола алмадым,
Күйші болу келмейді екен қолымнан.
Ақын болдым,
Ол да – сорым, артық тусам көп
ұлдан, – дейді Асылзат.
Дей алмассың: ақын емес, елессің,
Өйткені мен
Ақұштап та, Фариза да емеспін, – деп әрі қарай поэзияда өзінің соқпағы бар екенін аңғартады.

Рас, Асылзат – ақын. Алайда ал­ғаш оны журналист ретінде таны­дық. Ол «Мырза» газетінің оты­мен кіріп, күлімен шығып жүргенде сол басылымның оқырманы болдық. Ал қолымызға «Бесінші маусым» атты тұңғыш жыр жинағы тигенде, өлеңде еркін көсілетініне таңғалдық. Біз ғана емес, сол кезде қасымызда болған ақын Руслан Нұрбайдың тамсанғаны есімізде.Алдымен оның қазақ тілінің кәусарынан қанып ішкені байқалады.

Мәселен,

Алпыс інгенді зарына иітіп,
Алпыс екі тамырын ұйытып,
Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп,
толғатып,
Табалдырығында тұрып
тозақтың,
Дүниенің есігін ашқан қазақпын!.. – деп бәз-баяғы жырауларша толғайды. Осындай өлеңдері аз емес. Әсіресе, қазақтың соңғы ханына арналған «Бас», «Кенесарының әруағына мұң шағу», «Кенесары және мен» атты цикл өлеңдерінде және «Ата» ұғымы туралы ақ өлең», «Қас сақ астанасы туралы әфсана» жырлары ақынның эпикалық құлашының кеңдігімен ерекшеленеді. Ең бастысы, бұл өлеңдерінде ұлы дала перзентінің ұлы рухы атойлайды. Ақын жырындағы бұрынғы заман бүгінгі қоғамның көрінісімен астасып жатады. Асылзат Арыстанбек кеше кім едік, бүгін кім болдық деген сұрақтарға өз жауаптарын ұсынады.

21 шілде күні сағат 19.30-да «Жастар» сарайында ақын  Асылзат Арыстанбектің «Сіз ғана» атты шығармашылық кеші өтеді

…Құдалары Құдайдың қаһарынан
қорыққан,
Қызын берсе екі елді айрылмастай
ететін.
Тазыларын жүгіртсе таудың тілін
ұғатын,
Томағасын сыпырса құсы білген мұратын… Бұл – ақын ұғымындағы бұрынғы қазақ.
…Күллі әлемді аядай Астанаға
сыйдырған,
Күштілердің мүсінін қорғасыннан
құйдырған,
Керік мойын крандар күн кірпігін
сүйетін,
Күмбездері жалтырап күміс
шапан киетін.
Есіл жақтан ескен жел есіңізден
тандырған,
Ең аяғы ерінбей «Пирамида»
салдырған.
«Бәйтерегі» биіктеп бара
жатқан сияқты,
Бейкүнәдай балбырап қала жат­қан сияқты… Бұл – бүгінгі Астананың көрінісі. Ал ақынның лирикалық жырларын оқығанда бейне бір ертегі әлеміне енгендей боласыздар. «Күміс көлден ойылған» өлеңі сондай ертегіге жетелейді.

Түнек болып тұншықтырсын таңғы аспан,
Бақыр басты бір-ақ атсын алдаспан.
Халық біткен бетіме кеп түкірсін,

Ақындық пен арды сатып алжассам! Ақынның өзіне берген серті осы.

Аманғали Қалжанов

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Асылзат Арыстанбек олен жонинде оте бахытты жан. Талантты, акындыкты Кудай оган берген. Олендерин, ол жониндеги макалаларды калдырмай окыймын.Олен- косык адамнын кеуил жубанышыгой! Озинди олен жазып алдастырып жасамасан омир кыйын кешеди деп ойлаймын.

Пікір үстеу

Back to top button