Басты ақпаратЖаңалықтар

АТА ЗАҢ – ЕГЕМЕНДІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ КЕПІЛІ



Заң – қай заманда да ел мен жер, ұлт пен ұлыс, береке мен бірлік, ел-жер тұтастығының кепілі ретінде танылған. Әлемдегі сан алуан халықтың кешеден бүгінге дейін өткен өмір жолдары, шарықтаулары мен шегінулері, өмір сүрулері мен жер бетінен жоғалуы да әрбір ұлттың ұстанған берік әрі «тура биде туған жоқ» деген қара қылды қақ жарған әділдігі мен туралығының негізінде жүзеге асқаны – ақиқат. Қазақ халқының бүгінге дейін жеткен тарихи көшінің өн бойында ел билеген даналар мен әділ билердің көрегенділігінің арқасында жаугершілік пен талай азапты кезеңдерден бүгінге дейін жеткен көне һәм терең тарихы әлі де толық зерттеліп, зерделенген жоқ. Ол – алдағы күндердің еншісіндегі дүние.

Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына ширек ғасырдан асты. Еліміздегі басты құжат 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Содан бері 30 тамыз мемлекеттік мереке болып саналады. Алайда бұған дейін еліміздің қалыптасу тарихымен қатар Конституциямыз да бірнеше рет қабылданғаны белгілі. Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданған. Конституцияда заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдары құрылымын, атқарушы, өкім беруші органдары бекітілген. Сайлау құқығының, қаржылық құқықтық бастаулары белгіленді. 1926 жылғы конституцияға сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық республика болды.

1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұратын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық норманы: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. 1998, 2001, 2007, 2011 және 2019 жылдары Ата Заңымызға елеулі өзгерістер енгізілді. Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер 1998 және 2007 жылдары енгізілді. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Мұның бәрі де уақыттың сұранысы мен заманның ағымына, елдің алға қарай қарыштап дамуына, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің оңалуына мемлекет тарапынан берілген кепілдік ретінде қабылданғаны хақ.

Алайда кешегі және бүгінгі уақыт ағымы мен әлемдік аренадағы саяси-экономикалық, әлеуметтік бағыттағы өзгерістер мен табиғи апаттар салдарынан елдің, халықтың тұрмыс деңгейі мен күнкөрісін қиындатқаны тағы да мәлім. Осы кезеңде де мемлекет тарапынан түрлі бағыттағы әлеуметтік көмектер мен кейбір заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар да халық, қоғам үшін мемлекет пен үкімет тарапынан істелініп жатқан игі шаралар. Бүгінгідей қиын кезеңде елдің бірлігі мен тыныштығын, жердің тұтастығы мен сан алуан ұлыстың беріктігін сақтау да аса маңызды әрі басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы орайда, ҚР Әділет министрлігінің 1993 жылдың 16 маусымында құрылған «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны осы мерзім аралығында, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде норма шығармашылық қызметтің тиімділігін арттыру және құқықтық ғылымның рөлін күшейту; нормативтік құқықтық актілерді бірыңғай мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз етуге қатысу; Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімін, Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкін, мемлекеттік органдардың республикалық бюджеттен қаржыландырылатын талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулерінің, оның ішінде халықаралық ұйымдармен бірлескен зерттеулерінің бірыңғай деректер базасын жүргізу; компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, құқықтық ақпарат алуда мемлекеттік органдарға, өзге де заңды және жеке тұлғаларға жәрдемдесуге бағытталған ақпараттық жүйелер қызметін қамтамасыз етуде елеулі жұмыстар атқаруда.

Институттың Лингвистикалық орталығы жыл сайын еліміздің Парламентінің Сенаты мен Мәжілісіне ұсынылатын заң жобалары, заңдар мен қабылданған заңдарға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниетті халықаралық шарттар мен халықаралық шарттардың жобаларын алдын ала қарап, ондағы стилистикалық, терминдер дұрыстығы мен бірізділігі, қазақ тіліндегі мәтінінің орыс тілінен аудармасындағы сәйкессіздік пен сөздердің орын тәртібінің жүйелілігін талдап, тексеріп, ғылыми лингвистикалық сараптама жасайды. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығының өзінде ғана орталыққа түскен 80 жобаның, 23-і халықаралық шарттар мен халықаралық шарттар жобалары болып табылады. Ал 57 заң жобасы, оның ішінде Парламент Сенатынан 9, Мәжілістен 11, министрліктерден түскен 37 заң жобасына ғылыми лингвис­тикалық сараптама жүргізілді.

Лингвистика орталығына келіп түскен заң жобаларының өн бойындағы аударма кезіндегі салғырттық пен осы бағыттағы мемлекеттік органдардағы кәсіби мамандардың тапшылығының да қазақ тіліндегі заң жобаларына кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Заңнаманың мемлекеттік тілдегі мәтіндеріндегі терминдер бірізділігінің сақталмауына, мағынасына қарай алынған кейбір терминдердің сәтсіз қолданылып жүргендігіне айтылып жүрген сынды теріске шығара алмаймыз. Қазақ тіліндегі заңдарда кейбір терминдердің үш түрлі, тіпті бес түрлі жазылып жүргендігі жасырын емес. Пapлaмeнткe кeлiп түcкeншe ocы жoбaлapдың coл тiлдeгi мәтiнi ғaнa пыcықтaлып, aл қaзaқ тiлiндeгi aудapмa нұcқacының нaзapдaн тыc қaлуы, дeпутaттық жұмыc тoптapындa дa жoбaмeн жұмыcтың нeгiзiнeн opыc тiлiндe жүpгiзiлуi, жaлпы aлғaндa ұлттық зaңнaмa тiлiнiң, oның тepминoлoгияcының opыc тiлiндeгi нұcқaғa бaйлaнып қaлуы ұлттық зaңнaмaның тiлi мeн тepминдepiндeгi бipiздiлiктiң caқтaлмaуынa ceбeп бoлып oтыp. Қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және қабылдануы жоспарланған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасында жүргізілетін заң сараптамасы, құқықтық, экономикалық, қаржылық, экологиялық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және т.б. сараптамалар қатарына ғылыми лингвистикалық сараптаманың жеке сараптама ретінде енгізілгеніне 11 жыл толды. «Қазақстан Республикасындағы норма шығармашылығы қызметін жетілдірудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 қаңтардағы №19 қаулысымен институцияланған сараптаманың жаңа түрінің нақты заң шығару процесінде жүзеге асырылуы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 1 сәуірдегі ҚР Заңынан басталды.

Ғылыми лингвистикалық сараптаманың мақсаты ҚР мемлекеттік органдары әзірлеген және ҚР Парламентіне енгізілуге жататын заң жобалары мен Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын тексеру болып табылады. Ғылыми лингвистикалық сараптаманы жүргізудің тағы бір басты шарты практикада ескерілмей келеді. Ол – ғылыми лингвистикалық сараптама мен ғылыми құқықтық сараптаманың өзара қатынасы. Қазіргі тәжірибе бойынша Жобалар сараптамаға бір мезгілде жіберілуде. Логика бойынша ғылыми құқықтық сараптама ғылыми лингвистикалық сараптамадан бұрын жүргізілуі тиіс, өйткені бұл сараптамада Жобаның ҚР Конституциясына, жоғары деңгейде тұрған нормативтік құқықтық актiлерге, ҚР халықаралық мiндеттемелерiне сәйкестiгi; оның нормаларының ғылыми жағынан пысықталуы, заңнамалық базаны жетілдірудің ғылыми негiзделуі және т.с.с. мәселелер тұрғысынан талданады. Заң жобаларын алдымен мемлекеттік тілде даярлау мәселесі күн тәртібіне өткір әрі пәрменді түрде қойылғанымен оның жақын жылдарда жүзеге асуы екіталай. Дегенмен, ана тіліміздің қай салада болсын үстемдік құратынына, тіл саясатының шешімін табатынына сенім мол. Осы бағытта тек табанды ұстаным, берік қағидат қана жеңісті жолдарға бастайды. Оған халық, мемлекет пен үкімет және парламент, зиялы қауым тарапынан жүйелі жұмыс пен жігерлі талап керек. Бүгінде біздің мамандар сан алуан бағыттағы өміршең заңдардың мемлекет тұтастығы мен халықтың әл-ауқаты мен халықаралық бағыттағы сыртқы саясаттағы берік ұстанымы мен Ата Заң Конститутцияның өміршеңдегін нығайту бағытында сүбелі әрі көлемді жұмыстар атқаруда.

Құдайберген ТҰРСЫН, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button